Home » Балабақша » БАЛАНЫҢ СЕЗІМДІК ТӘРБИЕСІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ МЕН ДАМЫТУДА МОНТЕССОРИ ӘДІСТЕМЕСІНІҢ РӨЛІ

БАЛАНЫҢ СЕЗІМДІК ТӘРБИЕСІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ МЕН ДАМЫТУДА МОНТЕССОРИ ӘДІСТЕМЕСІНІҢ РӨЛІ

Баланың сезімдік тәрбиесін қалыптастыру мен дамыту Монтессори әдістемесіндегі атап өткен 5 түрлі аймақтың екінші аймағы, сенсорлық тәрбие аймағында іске асады. Монтессори әдістемесі ойын ойнау емес, жұмыс жасау деген сөзге көп бет бұратындықтан,  сезімдік тәрбиені дамыту жұмыстарын іріктеп, топтастыруға болады:
«Мен сияқты жаса»
Мақсаты:  Құрылыс материалдарын  көлемдері мен пішіндері бойынша орналастыру.
Жүру барысы: балаларға арналған құрылыс жинағының негізгі детальдарымен жұмыс беріледі. Алдымен, екі-үш пішінді ойыншықтардан шағын құрылыс тұрғызамыз. Бала тәрбиешімен бірге сол түсті пішіндерді тауып құрастыруы керек. Жұмыстың күрделі нұсқасы «жасырылған құрылыс» болады. Мұнда бала көзін жұмып отырады, қалай құрастырып жатқанын көрмейді. Көзін ашып құрылысты жасауы керек.

Нәтиже: Балалар зейінін тәрбиешінің іс-әрекетіне аудару арқылы құрылыс материалдарын көлемі, түсі, пішіні бойынша салыстыра отырып, дәл тәрбиеші жасағандай құрылыс құрастырады.

Балада есте сақтау белгілі бір іс-әрекет арқылы жүзеге асады. Бала іс-әрекетте неге зейін қойса, оған не әсер етсе, не қызық болса, соны ғана есте сақтайды.

Мысалы: «Қуыршаққа арналған сыйлықтар» шығармашылық ойлау, есте сақтау қабілеттерін дамыта отырып түстері бойынша заттарды топтастыра білуге үйрету.

Жүру барысы: Бұл ойынға балалар екі топқа бөлініп қатысады. Қуыршақтың туған күніне келген балалардың бірінші тобы әр түрлі түстегі пішінді ұсынса, қарсы топтағы балалар сол түске сәйкес, үстел үстіндегі затты қуыршаққа сыйлайды. Мысалы: қызыл түсті дөңгелекті ұсынса, екінші топ оған қызыл не түс бар, яғни алманы ұсынады. Алманы қуыршақ не істейді? деген сұраққа жауап алынады. Нәтижесінде балалар пішіннің дөңгелек, түсі қызыл екенін атайды да,қызыл түсті дөңгелекті алма бейнесінде қабылдайды,яғни салыстыру, топтастыру және тілдері дамиды. Сәбилік шақта баланың ойлауын дамытудың негізі қаланады. Балалар сыртқы бағдарлау іс-әрекетінің көмегімен заттар мен құбылыстар арасындағы байланыстар мен қатынастар орнатуды талап ететін мәселелерді шешуден бейнелерді пайдалана отырып, қарапайым ойлау іс-әрекеттерінің көмегімен ойша шешуге көшеді.

Тәрбиеші жұмыс түрлерін балалардың жас және жеке ерекшеліктеріне сәйкес түрлендіре отырып, жаңа тақырыпты өткенде, өтілген материалды қайталағанда, балалар ұғымын тиянақтау, яғни сабақтың кез-келген сәтінде оқыту әдісінің құралы ретінде пайдалануға болады. Жұмыс үстінде ақыл-ой міндетін шеше отырып, сәби өз еркімен есте сақтауға және қайта айтып шығуға, жалпы белгілері бойынша заттарды немесе құбылыстарды жіктеуге, заттардың қасиеттері мен сапаларын бөліп көрсетуге, жекелеген белгілеріне қарай оларды анықтауға жаттығады.

Жұмыс жасау іс-әрекеті үстінде оқу ісі де қалыптаса бастайды, кейінірек ол бала іс-әрекетінің басты түріне айналады. Осы кезде қарапайым оқу әрекетін меңгеріп жүргенін сәбидің өзі де аңғармайды, яғни тәрбиеші оқытудың ойын формасын қолдану арқылы сәбидің оқуға көзқарасын ақырындап байқаусыз қалыптастырады.

Сонымен, Монтессори әдістемесі бойынша сезімдік тәрбиені дамыту жолдарын да айқындап өтуге болады.

Мектепке дейінгі оқу тәрбие жүйесін жетілдіру мақсатында шынайы өмірде тиімді ету қабілеттерін дамыту үшін – монтессори әдісін қолдану тиімді деп білдім. Монтессори  материалы арқылы бала  затты түсінеді және оны қолдануға тырысады. Монтессори  материалы қандайда бір іс- әрекетке итермелейді.

Монтессори  материалы төрт түрлі жолмен іске асады:

Тәжірибелік жолмен іске асатын жаттығулар — ең алғашқы жылында бала қозғалыс жасау үстінде жүреді. Онда сензитивтік периодтың даму жолы қалыптасады. Алғашында қозғалысы онша болмағандықтан, моторлық жүйесін қосу үшін тәрбиенің негізіне үлеседі. Моторлық даму жеке — дара қозғалыс темпін құлшындыруға әсерін тигізеді. Оған қозғалыс жасау үшін түрлі жаттығулар жасалады, өзіндік іс-әрекетке итермелейді. Бір сызықтың бойымен жүру тепе-тендік сақтауға итермелейді. Басқада топтық жаттығулар балалар арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға көмектеседі. Мысалы, рөлдік ойындар бір-бірін сыйлауға үйретеді. Жаттығуға арналған материал тәжірибе жасау барысында жас ерекшелігіне сай болу керек. Жаттығудың шарты түсінікті болу керек. Нәтижесінде өзін-өзі тәрбиелеуге үйренеді. Жаттығулардың негізгі мақсаты: баланы қоршаған ортаға деген жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыру болып табылады. Тәжірибелік жолмен іске асатын жаттығулардың түрлері:

  1. Суды бір ыдыстан екінші ыдысқа құю.
  2. Металды тазалау.
  3. Кесілген гүлдерді күту жолдары.
  4. Бір сызықтың бойымен жүру.
  5. Тыныштандыру жаттығулары.
  6. Қоғамдық өмірге қатысы бар жаттығулар.

Суды бір ыдыстан екінші ыдысқа құю

Керекті құралдар: поднос, шүберек, лейка

Мақсаты: Қозғалыс жүйесін дамыту, қоршаған әлем ішінде тепе-тендікті сақтауға үйрету. Жас мөлшері 3 жастағы балалар. Материалмен жұмыс жасау жолдары: лейка суға толтырылады. Мұғалім лейканы қолына алып жоғары көтереді. Ыдысқа суды құяды. Лейканы қайтадан үстел үстіне қойып, ыдыстағы суды қайтадан лейкаға құйды. Төгіліп қалған суды сүртіп отыру қажет.

Монтессори әдістемесі бойынша сезімдік тәрбиені балалар әсіресе, сезімдік (сенсорлық) аймақтан алады. Сезімдік аймақта бала биіктікті, ұзындықты, түсті, дыбысты, иісті, әр түрлі заттардың формасын айырып, материал не заттың қасиетімен таныса алады.

Сезім мүшесін дамытатын материалдар — әр сезім мүшелерін дамытуды ұсынады. Бұл материал арқылы заттардың көлемін, түсін, өлшемін, дыбысын ажырата алады. Жеңілден ауырға көтеру ұғымы қолданылады. Бала моторикасымен сенсорикасын жаттықтыру үшін материалды қайталауға тура келеді. Материалды қолданған соң бала жоспарлау, дайындау, бір тапсырманы соңына дейін орындауға тырысады. Бірақ сабақ кезінде бала сол материалмен жұмыс жасау жолын толығымен таныс болу керек. Мұнда жұмыс барысында балаға сөз беріледі. Тапсырманы орындай алмайтындарға қайтадан тағы бір сабақ өткізу керек. Алған білімін бекітіп, содан кейін жаңа сабақты өтілуі керек.  Сабақ 3 құрылымнан тұрады:

  1. Көлемін анықтауға арналған материалдар;
  2. Бір сызықтың бойымен жүру;
  3. Тыныштандыру жаттығулары;

Сабақ балаға өзін-өзі танытуға талпындырады.

  1. Көлемін анықтауға арналған материалдар:

Ойынның түрі «Қызғылт башня»

Керекті құралдар: «Қызғылт башня» 10 шаршыдан құралады (ауыр ағаш, қызғылт түс) шаршының мөлшері 1см ден 10 см ге дейін барады.

Мақсаты: үлкен, кішкентай түсініктері қалыптасады. Моторикасын дамытады. Жас мөлшері 3 жастағы балалар. Материалмен жұмыс жасау жолдары: кілемнің үстінде шаршылар шашылып жатады. Мұғалім баланың алдына ең үлкен шаршыны қояды, ал бала сондай шаршыны сол шаршының үстіне қою керек.

  1. Затты дұрыс атауға үйрету.
  2. Заттың атын атау бала сол затты алып келеді.
  3. Затты атап жаттығады.

Математикалық материалдар — математикалық материалдар ойлау қабілетінің дамуына көп септігін тигізеді. Бала ең алғашқыда көптеген заттармен жұмыс жасау арқылы өз білімін жетілдіреді. Монтессори материалы сезімді дамытады, оған қоса математика әлеміне жетелейді. Бала мұнда математикалық ұғымдарды тез игереді. Сан және онға дейін санау жүйесін тез игереді. Математикалық монтессори материалы баланы сенсоматорлық ішкі қажеттілігіне сүйене отырып қанағаттандыру жолдарын іздеуге тырысады. Математикалық материалды пайдалану жүйесін білген соң, түрлі қиын тапсырмаларын қиындықсыз орындайды. Мысалы: ашық түсті моншақтарды пайдалану арқылы сан құрамымен пішін туралы түсініктері пайда болады.

Сөздік қорын дамыту материалдары — қарым-қатынас жасау үшін адамның сөздік қоры ең басты рөл атқарады. Бала туғаннан өсе келе қоршаған ортадағы адамдармен қарым-қатынас жасау үшін сөйлеуге тура келеді. Балабақшаға келген балаларда сенсорлық период болғандықтан, түрлі ойындар, әңгімелесу мен сұрақтар қою арқылы ойлау қабілетімен сөйлеу қабілеті күрт дамиды. Түрлі әңгімелер айтып тыңдауға көмекшілер ата-аналар болып келеді. Жалпы 2 жастағы бала негізінен 200-ден астам сөздерді меңгереді, ал 5 жастағы бала 3000-нан астам сөздерді  игереді. Бала түрлі сұрақтар қою арқылы өзіндік сөздік қорындағы жетпей жатқан қажеттілігін қанағаттандырады. Сөйлеу қабілетін дамыту үшін ойындар мен түрлі жаттығулар қолданады. Мысалы: затты атау, ойын-сипаттама, әңгімені жалғастыр т.б

Ойынның аты: «Қозғалмалы алфавит»

Керекті құралдар: екі жәшікте толық алфавит бойынша штамтық әріптердің бірнеше түрлері салынады. Сылдыр қағаздың көлеміндей әріптер болуы керек. Дауысты дыбыстар қызыл түспен, ал дауыссыз дыбыстар көгілдір түспен белгіленеді. Екі жәшікте бір жолда жазылған әріптер салынады.

Мақсаты: әріппен дыбыс туралы түсініктерін қалыптастыру.

Материалмен жұмыс жасау жолдары: Тәрбиеші себетке бірнеше заттарды салады. Мұнда атаулары мен жазулары сәйкес болады. Бала затты алып атын атайды, ал тәрбиеші оған сәйкес бірінші әріпін таңдап береді. Бала сосын қалған әріптерді құрып, сөзді тізіп береді.

  1. Дыбыс пен шуды ажыратады
  2. Сөздік қоры байиды
  3. Сұраққа толық жауап береді.
  4. Сурет бойынша әңгіме құрастырады.

Күтілетін нәтиже.

  1. Заттардың көлемін, түсін, өлшемін, дыбысын ажырата алады.
  2. Алдарына қойған мәселені шешуге үйренеді.
  3. Өз бетінше жұмыс жасауға машықтанады.

Бұл әдістің тиімділігі балалар өзін-өзі тәрбиелеуге және ұқыпты болуға үйренеді. Монтессори бақылаушы ретінде баланың ішкі дүниесімен таныса отырып, қажеттіліктерін қанағаттандыру жолында көп еңбек сіңіреді. Айналадағы  заттық орта туралы түсініктерін қалыптастыруда монтессори әдісін жүйелі түрде қолданамын.

Педагогикада мектепке дейінгі әсіресе сәбилік жаста ерекше назар аударатын түрі- заттық орта. Заттық орта әр түрлі: ақыл-ой, эстетикалық, елжандық, дене, адамгершілік т.б тәрбие  түрлерімен қоса жеке тұлғаның дамуына негіз болады. Соған байланысты заттық ортаны мектепке дейінгі педагогикалық құрамның бір бөлігі деп айтуға болады.

Заттық ортаны алдымен қоршаған ортадағы болмысты қабылдау мен түйсікке негізделеді. Айналадағы қоршаған ортаны, заттар мен құбылыстарды көру, есту қабылдау арқылы өзіндік үрдістер: ес, қиял, ойлау пайда болады. Бір нәрсені еске түсіру үшін алдымен оны көру не есту керек.

Адамның ақыл-ойының дамуына қабылдау мәнді рөл атқарады, әр түрлі іс-әрекетте әрқилы тәжірибелік істердің реттеушісі болады. Көркемдік шығармада заттық ортаның рөлі зор. Мысалы: музыкалық шығармаларды музыкалық есту қабілетінсіз, бейнелеуді нәзік түстерді қабылдаусыз, поэзияны жетілген тіл сенімінсіз түсіну мүмкін емес. Психологиялық дамуда заттық үрдісінің рөлін бағалай отырып, белгілі бір білім мен дағдыны меңгеруде баланың жеке қабілетін ескеру өте маңызды. Ақыл-ой және дене еңбегінің барлық түрлерінде, баланы болашаққа қоғамдық іс-әрекетке даярлауда, оның сезімдік қабілетін дамыту қажет, яғни түстерді, пішіндерді, дыбыстарды дәл және дұрыс айыра білуге үйрету, қоршаған ортадағы құбылыстардың өзіндік қасиеттерін дұрыс қабылдау қажет.

Еліміз егемендікке ие болғаннан бері жас ұрпақ тәрбиесі, оның оқуы мен білім алу мәселесі, қоғамымыздың басты проблемаларының бірі болып саналуда. Ықылым заманнан бері ұрпақ тәрбиесі күн тәртібінен түспегені белгілі. Ерте дәуірде өмір сүріп, тәлім-тәрбие мәселелеріне айрықша көңіл бөліп, мәңгі ескірмейтін мәнді сөздерін болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдырған ұлы бабаларымыздың нақылдары мен фәлсафалық ойлары қазір де өзекті.

Қорыта айтқанда, болашақ ұрпаққа жан-жақты, терең де жарасымды тәрбие берудегі басты тұлға – тәрбиеші-педагогтар мен ата-аналар. Қазіргі заман талабы ата-ана мен тәрбиешіден баланың жеке басын қалыптастыруды, оның көкірек көзін оятып, ата-бабадан қалған халқымыздың асыл мұрасын бойына сіңіруді, адамгершілік, ізеттілік қасиеттерді бойына баулуды талап етеді. Ол үшін, ең алдымен, тәрбиешінің өзі жан-жақты білімді, ізденгіш, озық тәжірибені бойына жинақтаған, сезімтал, балаға жүрек жылуын бере білетін, оның ішкі дүниесін, жан сезімін аңғара алатын маман болуы керек. Жас ұрпақты тәрбиелеу қай заманда болсын уақыт сөресінен түскен емес. «Бір баланы адам етіп өсіргенше бір шаһар опат болады» дейді көне Шығыс даналығы. Бүгінгі ұрпақ – тарихи кезеңде өмір сүріп, ұлтының, жерінің, елінің болашағы үшін зор жауапкершілік арқалап, мойнына алып отырған ұрпақ. Сондықтан олардың саналы да, парасатты, ұлттық тәлім-тәрбиені, салт-дәстүрімізді бойына жинаған жеке тұлға болып өсуінің бір ұшы, бір кілті, ұстаздарда деп білуіміз керек. Итальян педагог-гуманисі М.Монтессори мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеу және оқытудың әлемге әйгілі керемет әдістемесімен көзге түскен болатын. Себебі М.Монтессори жүйесі өзін-өзі дамыту, өзін-өзі оқыту, өзіндік тәртіпті қалыптастыруға бағытталады.

Сондықтан тағылымды тәрбиенің тәлімін бала бойына қалыптастыратын ұлтжандылық пен адамгершілікті, өзіне деген сенім, жүрегіне ұялататын тәрбие ошағының қазіргі таңда бәсекеге қабілетті жас ұрпақ тәрбиелеуде М.Монтессори-педагогикасының рөлі де ерекше.

Ұлы педагог М.Монтессоридің «Бала – әркім және барлығының махаббаты мен нәзіктік сезімдерінен туындайтын жалғыз нүкте» деген ұлағатты сөздерінің  ұлы махаббатпен және қамқорлықпен айтылғандығын аңғарамыз. Ендеше, біздің басты міндетіміз – баланы дұрыс тәрбиелеу, адамгершілік, ізеттілік, мейірімділік, ұлтжандылық сияқты қасиеттерге, жеке тұлға ретінде баланың өз бетімен дамуына, өзін-өзі түсінуге жол ашу. Ал Монтессори педагогикасы бала тәрбиесі, соның ішінде сезімдік тәрбиеге үлкен үлес қосуға апаратын ұлы жол.

 

 

 

Қолданған әдебиеттер тізімі

  1. 1. А.Усова. Обучение в детском саду. М.Просвщение. 1981.- 176с.
  2. Венгер Л.А., Мухина В.С. Сенсорное воспитание дошкольников // Дошкольное воспитание, 2004, № 13. – С.424
  3. Дидактические игры и упражнения по сенсорному воспитанию дошкольников / Под ред. Л. А. Венгера. — М.: Просвещение, 2008. – С. 315
  4. Морозова О.Е.И. Тихеева. Дошкольный возраст: сенсорное воспитание и воспитание // Дошкольное воспитание. -1993. – №5. – С. 87

5.Ә.Табылдиев. Қазақ этнопедагогикасы. Алматы:» Санат», 2001. – 320б.

6.А. Меңжанова, Г.И.Исмагулова, Е.Дайрабаев, Мектепке дейінгі педагогика. А. Мектеп, 1982.

  1. Ф.Н.Жұмабекова. Мектепке дейінгі педагогика. – Астана: Фолиант, 2008, — 336б.
  2. Білім және ғылым. Энциклопедиялық сөздік.- Алматы, 2009ж.-400б.
  3. Жарықбаев Қ. Жантану негіздері. А., 2002ж.
  4. Қоянбаев Ж.Б., Қоянбаев Р.М. Педагогика. А.2003ж
  5. http://metodika-montessory.narod.ru/zaniatia.htm — Монтессори әдістемесі бойынша сабақтар
  6. http://parent.fio.ru/news.php?n=15456&c=308 – Монтессори мектептері туралы

13.http://defacto.examen.ru/db/ExamineBase/catdoc_id/D469A977E8228C9AC3256B49003C61F2/rootid/9327995FB7A6D40FC3256A02002CE0D5/defacto.html  — Монтессори жүйесінде дидиактикалық материалдарды қолдану ерекшеліктері

«Ақ бота» бөбекжай-бақшасының
тәрбиешісі Секен Айым Қантайқызы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.