«Бір ел – бір кітап» акциясы 2007 жылдан бастап өткізуді дәстүрге айналдырған. Кітап – ақылшы дос, асыл қазына. Кітап жайында қандай теңеу айтсаң да артық етпес. Кітап арқылы оқушылардың шабыттанатыны да рас. Осыған орай, «Бір аймақ — бір кітап» облыстық акциясы ақпан айының 20 мен 28 аралығында өтеді деп жоспарланған. Жезқазған қалалық білім бөлімі акция бойынша ортақ жоспар құрып, барлық білім мекемелеріне таратқан болатын. Мектептің бірінші қабатында хабарландырулар ілініп, сынып сағаттарында оқушылар таңдалып алынған шығармалармен таныстырылды. Мектеп кітапханасында акция барысында оқылатын кітаптардан көрме ұйымдастырылып, оқушылардың алып оқуына мүмкіндік жасалды. 5-7 сыныптарға Б.Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» повесін оқуға тапсырма беріліп, белгіленген уақытта әдеби-танымдық кеш өткізу жоспарланды. Балаларға арнап шығарма жазу, сол арқылы кішкентай оқырманның құрметіне бөлену үлкен талантты қажет етеді. Міне, біздің қазақ балалар әдебиеті де осындай таланттарға кенде емес. Солардың ішінде шоқтығы биік, бірегей таланттардың бірі – Бердібек Соқпақбаев биыл 93 жасқа толады екен. Осыған орай, №133 негізгі орта мектебінде ақпан айының 24 жұлдызы күні «Балалық шаққа саяхат…» атты әдеби-танымдық кеш өткізілді. Әдеби-танымдық кеш қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, жоғары санатты ұстаз Арыстанбекова Күлайша Ертайқызының ұйымдастыруымен өткізілді.
Кештің мақсаты: ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік деген туындыны оқу және оны насихаттау, рухани мұрамызды сақтау, сондай-ақ Б.Соқпақбаевтың кітаптарын белсене оқуға баулу, оқуға деген қызығушылықтарын арттыру. Оқушыларды отаншылдыққа әрі өнегелділікке тәрбиелеу.
Әдеби-танымдық кеш 2 бөлімнен тұрды:
І бөлім: «Шырынын алып шындықтың» атты суреттеу кешінен басталды. Бұл бөлімде 5-6 сынып оқушылары Абықанова Ақтілек, Мейрамбай Еламан, Жақыпова Арайлым «Өмірбаяншы», «Жазушы», «Оқырман» болып, Б.Соқпақбаевтың өмірі және шығармашылық жолымен таныстырды. Жазушының әр шығармасынан қысқаша мәліметтер айтылды. Оқушылар слайд арқылы жазушының шығармаларындағы кейіпкерлермен танысты.
ІІ бөлім: «Балалық шаққа саяхат» деп аталды. Бұл бөлімде оқушылар сүйікті кейіпкерлерін сомдады. Б.Соқпақбаевтың шығармаларына саяхат жүргізу барысында қазіргі заманғы Қожа рөлінде ойнаған 5 «а» сынып оқушысы Қамкен Жеңіс оқушыларға «Бұл қай шығарма?», «Қожаның сұрақтары» тақырыбында сауалнама жүргізді. Жеңіс сомдау шеберлігімен ұстаздар мен оқушылардың ерекше ықыласына ие болды. 6 сынып оқушылары Ергешбай Дәулет, Нұрматова Лаура, Марат Нұрасыл сомдаған «Менің атым Қожа» повесі желісіндегі кейіпкерлер: тентек Сұлтан мен әдепті Жанар жас достарына қысқа метражды көріністі бейнелеу арқылы нақты жауап беріп, өздерінің «Балалық шаққа саяхат» повесінің желісі бойынша, «Мынау кімнің сөзі?», «Бұл кім?» мінездемелік тақырыбындағы сауалнамаларына жауап іздеді. Әдеби-танымдық кеш жоғары деңгейде өтті. Оқушылар белсенділік көрсете отырып, барлық сауалнамаларға жауап берді. Әдеби кеш оқушылардың орындауында «Балалық шаққа саяхат» өлеңімен аяқталды.
Б.Соқпақбаев – нәзік психолог, бала жанын терең зерттеген қаламгер. Сондықтан да оның шығармалары қазақ әдебиетінің алтын қазынасына қосылған құнды дүниелер қатарынан табылады.
Жезқазған қаласы №133 негізгі орта
мектебінің директоры Мукашева А.Т.