9 қарашада Павлодар қаласында Білім басқарамасының бастауымен М.М. Катаев атындағы Облыстық Оқушылар сарайында дәстүрлі «Жас қалам» облыстық жас журналистер фестивалі өткізілді. Аталмыш шараға «Сенің әлемің» облыстық балалар газетінің белсенді авторлары, журналистикаға қабілеттері бар радио және телебағдарламалардың, балалар-жасөспірімдер газет редакциясының өкілдері қатысқан болатын. Айта кетсек, «Сенің әлемің» балаларға арналған газеті Оқушылар сарайында 10 жылдан астам жарық көріп келе жатыр.
Бұл күнгі фестиваль аймағымыздың түкпір-түкпірінен келген жас тілшілердің өз мектеп газеттерін қызықты, шығармашылық тұрғыдан таныстыруымен басталды. Әрбір делегация өз мектеп редакциясы туралы шағын сахналық қойылым, газет туралы қалам ұшынан туған туындылар оқып жатса, кейбір балғындар мың бұралып би билеп берді. Медиа кездесу мемлекеттік тілде және орыс тілінде өтті. Павлодар облысының барлық аудандары мен қала мектептері қамтылды.
Фестиваль бағдарламасы бойынша жас тілшілерге облыстық Халық радиосында, «Ертіс-Информ» телеканалына, «Баспа үйі» типографиясына, облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің редакциясына, Жастар бастамаларын қолдау орталығына қызықты әрі танымдық экскурссиялар ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, Оқушылар сарайында «Pavlodarnews» ақпараттық агенттігінің тілшілері Роза Мустафина, Акбота Сейсенбаева және «Ирбис» телеканалының операторы Серік Қонақбаев шеберлік сабақтар жүргізіп, жас журналистерге өз жұмыстары туралы қызық әңгімелер айтып, журналистика мамандығының қызығы мен қиындық тұстарын айтып, балаларға әңгіме дүкен құрды. Барлық қатысушылар фестивальдің жабылу салтанатында шеберлік сабақтар туралы өз ойларын білдіріп, ұмытылмастай әсер алып қайтты. Әсіресе, қала мектептеріне облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің журналисі Сая Молдайып жүргізген шеберлік сабақ көңілдерінен шығып жатты.
Оқушылар сарайындағы жас тілшілерге арналған студияларының оқушылары «Қазіргі таңда БАҚ интернетке тәуелді ме?» деген ток-шоу ұйымдастырды. Телешоуда Павлодар облысының атақты журналистері Юрий Поминов, Фёдор Ковалёв, Елена Вайберт болды.
Фестиваль барысында «Үздік мектеп газеті» атты шығармашылық конкурсы ұйымдастырылды. Бұл конкурсқа 35 мектептен өтініштер қабылданды. Оқушылар сарайының бірінші қабатында мектеп газеттерінің көрмесі өтті. «Ең үздік редакция» номинациясы бойынша бірінші орынды «Балауса» газетімен Ақсу қаласы дарынды балаларға арналған мектеп – гимназиясы жеңіп алды. «Ең үздік ауыл газеті» номинациясы бойынша екінші орын Қашыр ауданы Байқоныс мектебіне бұйырды. Қала мектептері арасында Екібастұз қаласы №6 мектеп-лицейінің «Голос лицеиста» газеті бірінші орынға жайғасты.
Сонымен қатар басқа «Жаңалық жаршысы», «Танымдық газет», «Көңілді газет», «Пайдалы газет», «Мемлекеттік тілдегі ең үздік газет» атты номинациялар бойынша барлық қатысушылар марапатталды.
Фестивальде 90-ға жуық жас тілші және олардың 40-тан астам ұстаздары қатысты.
Асем Аипова,
Павлодар қаласы,
М. Катаев атындағы Оқушылар
сарайының әдіскері