Басты мақсаты: балаларға ұлтымыздың салт-дәстүрін, өнерін бойларына сіңіріп, ұлттық сана-сезімдерін дамытып, балаларды әдептілік пен әдемілікке баулу. Мектепке дейінгі жастағы көркемдік эстетикалық тәрбиенің өрісі кеңейіп, өз деңгейінде жүргізілуі тәрбиешілердің ұлттық психологияны, халықтық тәлім-тәрбие дәстүрлерін тиянақты меңгеруіне және өз жұмысында сапалы пайдалана білуіне байланысты. Балабақша тәрбиешісі бағдарламалық және оқу-әдістемелік талаптарды орындаушы ғана емес, ол балалармен жүргізілетін тәрбие жұмысында кездесетін күрделі мәселелерді өздігінен шешетін, оны жүзеге асыратын ұстаз.
Қазіргі кезеңде баланы тұлға ретінде қалыптастыру, оның бойына ұлттық әдеп-ғұрып пен салт-дәстүр мұраларын сіңіру, имандылыққа тәрбиелеу бүкіл халықтық іске айналып, жұртшылық назарын аударуда.
Тәрбие тағылымы баланың нәрестелік шағынан бесік жырымен біртіндеп іске асырылып, санасына орнығып отыратын ұзақ үрдіс. Сол себептен қоғам өміріндегі білім беру саласындағы әрбір жаңалық мектепке дейінгі тәрбиеге тікелей әсер етіп, тәрбие мазмұнын жаңарту ісіне ықпал жамап келеді. Балабақшада балаларды тәрбиелеу жұмысының негізі, баланың өмір шындығына деген эстетикалық қатынасын қалыптастыра отырып, әсемдік туралы ой-өрістерін дамыту, білім және қабілеттерін қалыптастыруға қажетті тәрбиелік жұмыстарды қамтиды. Балабақшада балалардың іскерліктері, олардың қоршаған ортадағы заттар дүниесінің ерекшеліктерін танып, білуіне бағытталған іс-әрекеттердің бірі бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнерге арналған көркемдік сабақтар арқылы қалыптастырылады.
Көркемдік тәрбиенің басты құралдары – бейнелеу өнері, музыка, көркем әдебиет, т.б.
«Баланы жастан» деп қазақ бекер айтпаса керек. Дүниетаным, айналаға деген құштарлық, табиғатқа деген сүйіспеншілік, сұлулыққа деген еліктеушілік бала жастан адам бойына қалыптасады.
Батылдыққа, шындыққа, имандылық пен әсемділікке, сұлулыққа үйір етіп тәрбиелеуді сәби жасынан ескерген жөн. «Табиғатты аялау ата-баба салтымыз, тәрбиеге де мән берген дана халқымыз» демекші ата-бабамыз бастан-ақ табиғат пен тәрбиені бөле жарып көрмеген, екеуін қатар ұстаған. Балаға табиғат адамның бойына қуат, көңіліне шабыт, сезіміне ләззат, шапағатын ұялататын, сұлулық пен әсемдік әлемі екендігін тұла бойына сіңіру. Орман, дала, өзен-көл тау-тас, бау-бақша, жыл мезгілдері мен құбылыстары, құстар үні мен жануарлар дүниесінің қызығы, өсімдіктер әлемі бала сезіміне әсерлі суреттеліп, оларды сиқырлы сырды білуге ынтықтырады. Балалардың көркемдікті қабылдауы мен оны өз қолымен жасауға бағытталған әрекеттерінің арқасында бейнелеу өнерінің мәнерлілігі, көркемділігі баланың шығармашылық белсенділігіне сол арқылы олардың көркемдік талғамының дамуына зор ықпал етеді.
Балалар қоршаған ортаны суретке салу, сазбалшық пен ермексаздан мүсіндеу, түрлі-түсті қағаздан қиып жапсыру, табиғи материалдардан көркем өңдеу, музыка тыңдау, т.б. жұмыстары кезінде танып білуге мүмкіндік алады. Олар қоршаған ортадағы түрлі заттарды көркем бейнелеу тәсілін меңгеруге, заттың көлемін, пішінін бояулар мен түстер арқылы айқындай білуге жаттыға отырып, бұл дағдыларды өз қиялымен пайдаланады. Түрлі материалдардан (қағаз, картон, мата, ермексаз, т.б.) әшекейлеуді, бұйымдар үлгісін жасауды, оларды өрнектеуді үйренеді. Ал мүсіндеу арқылы заттардың, адамның, жануарлар мен құстардың пішінін бейнелеу тәсіліне машықтанады. Ермексаздан бейненің кескінін, қимыл-қозғалыстарын, өзіндік ерекшелік, күнделікті көргендерін еске түсіріп, заттың дене құрлысын, «бөлшектердің» өзара байланысы туралы алғашқы түсініктерді алады. Сәндік – қолданбалы өнер саласындағы көркемдік жұмыстар қағаздан арнайы желі құруға, үлгі арқылы қию, қағаз бетіне желімдеп жапсыру кезінде элементтердің жарасымдылығын, оюлардың түс жағынан үйлесімділігін меңгеруге үлкен көмегін тигізеді. Қатты, түрлі-түсті қағаз, мата қиындылары, т.б табиғи заттарда көркем құрастыру жұмыстары негізінде балалардың ойлау қабілеттерінің, қиялының жетілуіне, еңбек нәтижесінің әсемдігінен сұлулықты сезіну дағдыларының дамуымен бірге еңбек етуге тәрбиелейді. Балаларды бақшада ұлттық сәндік қолданбалы өнермен таныстыру, үйрету олардың бойында еңбек дағдысын қалыптастыру, шеберліктерін ұштауға мүмкіндік берумен бірге олардың пайдалы нәрселерді жасасам деген ынтасын оятады. Өз беттерімен жұмыс істеуге, ұйымшыл болуға, шығармашылықпен белсенділік көрсетуге жол ашады, еңбектеуге жігерлендіріп, халық шығармашылығына деген құлшынысын тудырады, әсемдік талғамын арттырып, түс мен бояудың әдемілігіне құштарлық сезімін жетілдіреді. Олардың адамгершілікке, еңбекке тәрбиелеумен бірге, рухани жағынан да дамуына әсерін тигізеді.
Айналадағы дүниемен таныстыру сабақтарында балалар қазақ халқының тарихы мен мәдениеті жайында біраз мағлұматтар алады, халық өнерінің әсемдік әлемін таниды. Тәрбие баланы әсемдікке баулиды, жағымды эмоция туғызады, қабілеттерін дамытады. Балалардың қабілеттерін дамытуда, педагогтың жеке басы, мәдениеті, білімі, өз ісін жете меңгеруі үлкен рөл атқарады. Эстетикалық талғам балалардың өнерде, өмірде, тұрмыста шынайы әсемдіктен қанағат, рухани азық алуынан көрінеді.
Мектеп жасына дейінгі балалардың эстетикалық талғамын қалыптастыруда үйрету үлкен рөл атқарады. Оқу үстінде балалар әдебиеті, музыкалық, сурет өнерінің классикалық шығармаларымен толық игеруді үйренеді.
Балалардың бойында эстетикалық талғамның негіздерін қалай отырып, біз оларды қоршаған ортаның әсемдігін көруге және сезінуге, оны аялауға баулимыз.
Балалардың көркемдік қабілеттерін, эстетикалық сезімдері мен ұғымдарын, әсемдікті бағалай білуін дамыта отырып, педагог рухани байлығы қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеудің негіздерін қалай береді.
Түсініктеме
Заман талабына сай қоғамға сәйкес талап-тілектерге, қажеттіліктерге қарай бала тәрбиесі уақыт келе саралана түскенін көруге болады. Қазақ халқы бала тәрбиесіне үлкен мән беріп, көп көңіл бөлген.
Ата дәстүр дегенде, қазақтың ұлттық ойындары есімізге түседі. Бұрын әр ауылдың үлкеннің өзінің ақыл беріп отыратын кемел қарттары, ақсақалдары болған.
Адамның адамгершілік қасиеттерін тәрбиелеу дегеніміз жан-жақты, мазмұнды құбылыс екенін жақсы білеміз.
«Ұлың өссе ұлылықпен, қызың өссе қылықтылықпен ауылдас бол» дегендей, ұл-қыздарымыздың үлкенді сыйлап сыйапат көрсетуі, өзінен кішілерге ілтипатты болып өсуі ересектерден көрген өнегесінен деп айтуға болады. Сол себепті әдептілік сабағында жас балдырғандарды ұлттық әдеп-ғұрып, салт-дәстүрмен таныстыра отырып, оларды адалдыққа, еңбекті сүюге, достыққа, қайырымдылық пен мейірімділікке тәрбиелейді.
- Бөлім: «Ардақтайық қазақтың ата-салтын»
- Мақсаты: балаларға қазақтың ұлттық салт-дәстүрі, әдеп-ғұрпы туралы түсінік беру.
Міндеттері:
- Ата-бабабларымыздың тәрбиелі өнегесін құрмет тұтуға тәрбиелеу.
- Имандылық, инабаттылық, адамгершілік қасиеттерін дамыту.
- Ұлттық сезімдерін ояту.
- Бөлім: «Тәрбие бастауы»
- Мақсаты: мақал-мәтел, жаңылтпаш, айтыс, ертегі, күй ырғағы, ырым-тиым сөздер арқылы тапқыр сөйлеуге, оз ойларын жаңылмай, мазмұндап жеткізе білуге үйрету.
Міндеттері:
- Ұлттық қасиеттерін ояту, дана сөздердің мәнін, қасиетін ұғындыру.
- Елжандылық сезімдерін ояту, қиялдарын, тілдерін ұштау, ой-санасын, танымдық қасиеттерін дамыту.
- Ауыз шығармашылығына деген әуестілікке баулу, рухани байлықтарын арттыру.
- Бөлім: «Ұлттық киімдер»
Мақсаты: балаларға қазақ ұлттық киімдерді таныстыру.
Міндеттері:
- Ұлттық киімдердің ерекшіліктерін түсіндіру.
- Эстетикалық талғамдарын арттыру, әсемділікке баулу.
- Дәстүрлі киімдердің қасиетін бағалай білуге үйрету.
- Бөлім: «Ұлттық бұйымдар»
Мақсаты: балаларды қазақтың ұлттық бұйымдарымен таныстыру.
Міндеттері:
- Ата-бабаларымыздың көзі, мұраты болып қалған бұйымдар, оларды қолдану тәсілі туралы түсінік беру.
- Салт-дәстүрге деген жағымды көзқарастарын дамыту.
- Эстетикалық талғамдарын, адамгершілік қасиеттерін жетілдіру.
- Бөлім: «Ұлттық қолөнер»
Мақсаты: балаларға қазақ халқының рухани мәдениетінің бір бөлігі – ұлттық қолөнер түрлерімен таныстыру.
Міндеттері:
- Ұлттық өнерге баулу, көркем шығармашылық қасиеттерін жетілдіру.
- Қолөнер туындыларына деген қызығушылықтарын арттыру.
- Эстетикалық талғамдарын дамыту.
- Бөлім: «Ұлттық ойындар»
Мақсаты: ұлттық ойындар – ата-бабамыздан келе жатқан рухани қазына екені туралы түсінік беру.
Міндеттері:
- Ойындардың өзара ерекшеліктерін ажырата білулерін үйрету.
- Рухани сезімдерін арттыру, өзін қоршаған дүние туралы түсініктерін молайту, шығармашылық қасиеттерін арттыру.
- Ойын арқылы өзара қарым-қатынастарын нығайту.
Адилова Нуржанат Сагатбековна
Қарағанды қаласы, КМҚМ «Қарлығаш»
балабақшасының тәрбиешісі