Home » Жаңалықтар » Балаларға «халал» тағамдарын ұсынады

Балаларға «халал» тағамдарын ұсынады

Халал асхана, халал монша туралы естіп жүрміз. Ал «халал» балабақша дегенді ше? Балабақша бұлайша бөлінбеуі керек-ті.  Бірақ бөлінеді екен. Сонда бұл орталық балақайға намаз оқытып, діни тәрбие бере ме? Жоқ. Бар мәселе балабақшаның ас мәзірінде екен. Әңгімелеп отырған орталығымыз Астанада орналасқан.
Қазір сыртқы қаптамасында «халал» деген жазуы бар тауарларды алушылар көбейген. Әсіресе, ет пен шұжықтың халалын ғана алуды жөн көреді көпшілік. Бұған еліміздің жетпіс пайыздан астамы Ислам дінін ұстанатындығы себеп. Ендеше, балаларға «таза ас» беретін балабақшаның пайда болу да заңды нәрсе.
– «Балабақша ашылған жылдары тексерулер көп болды. Ата-аналар тарапынан «балаларға діни тәрбие бересіздер ме?» деп сұрақтар қойылатын.
Қазақстандағы Халал индустриясы ассоциациясының негізін қалаған дәрігер Марат Сәрсенбаев мырза өз қолымен сертификат табыстаған болатын. Сондықтан балабақшамыз «халал» деп аталады», – дейді «Саламат» балабақшасының директоры Гүлсара Тінібек.
Отыз жылдан аса уақыт осы салада жұмыс істеп жүрген Г.Нұрсейітқызы құс етін де сауда нүктелерінен алынбайтындығын жеткізді. Керек десе, балабақша маңынан төрт түлік пен құс асырайтын арнайы орын ашпақ ниетте. Бірақ заң рұқсат етпейді. Сол себепті арнайы шаруа қожалықтарымен байланыс орнатып отырғанын жеткізді.
Айта кетейік, балаларға саумал, қымыз, шұбат, сүт өнімдерінен бөлек, әрбір жұма күндері шелпек нан үлестіріледі. Бұл балақайлардың бойына жастайынан ұлттық тәрбиені сіңіру болып табылады. Бөбекжай ауласында ғасырлық тарихы бар күйіз үйді де көруге болады.
Киіз үй – бұл біздің брендіміз. Алыс-жақын шетелдіктердің өзі қызығушылық танытуда. Ендеше, неге бізге соны жарқыратып қоймасқа? Оның үстіне, балалар таза ауада ас ішкенді ұнатады. Жаз айларында осы киіз үйде дастархан жайылады» — дейді балабақша директоры.

 

 

Н.ЕРБОЛАТ

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.