Рухани-адамгершілік тәрбие ерте балалық шақтан бастау ала отырып, адамның өмірінің әр кезеңдерінде жүйелі дами келе, осы тәрбие үрдісін дұрыс, жүйелі ұйымдастыру нәтижесінде рухани бай дамыған тұлғаны тәрбиелеуге өріс ашады. Мағжан Жұмабаевтың педагогикасында «Жер жүзіндегі басқа жан иелерімен салыстырғанда адам баласы өте әлсіз, зағып, осал болып туады. адам туғанда іңгәлаған айғайы мол бір кесек ет. Ақылы, есі жоқ. Денесі тым әлсіз, өсуі, ұлғаюы тым сараң, тым шабан. Мінеки, адам баласы осылай өте әлсіз болып туып, аса сараң өсететіндігінен, оның денесіне, жанына азық беріп, өсуіне көмек көрсетпей, яғни оны тәрбие қылмай болмайды»,- деп тәрбиені дене тәрбиесі, ақыл тәрбиесі, сұлулық һәм құлық тәрбиесі деп төртке бөледі. Әрбір ата-ана өз перзентінің ақылы толысқан Адам болуын тілейді. Өздері жетпеген арман-тілектерге балалары жетсін дейді. Балаларының әрбір жетістігіне олар қуанады, кемшілігіне қайғырады. Ата-ананың осындай үміт, арманы да дәстүр бойынша ұрпақтан-ұрпаққа ұласып келеді. Бала ата-ана алдындағы қарызын ешқашан толық өтей алмайды. Керісінше, бұл қарызды өз балаларына беріп құтылады.
Халықта «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген мақал бар. Балаға тәрбиені өзінің шамасына, жараталысына қарай беру керек. Жас бала – жас шыбық. Теріс иіліп қалған шыбықты артынан түзеу өте қиын. «Баланы бастан» деген сөздің мәнісі осы. Сондықтан бала жүрегіне адамгершілік қасиетті қалыптастыру ата-ана мен балабақшаның міндеті.
Адамгершілік – жақсылыққа жетелейтін жол. Адамгершілік – бұл балаларды ауызбірлікке, ынтымақтастыққа алып келетін қасиет. Адамгершілік қасиетті отбасы мен балабақшада бірлесе қалыптастыру арқылы жүрегі таза, пәк шыншыл адам тәрбиеленіп шығары сөзсіз. Балаға тәрбие беретін әрбір ұстаз салт дәстүр мен әдет-ғұрыптарды жан-жақты терең білумен қатар, өзінің жаны таза болуы шарт. Балаға ұстаздың бойындағы жақсы қасиеттер барысындағы, оқытудағы ұйымдастырушылық қасиеттер арқылы беріледі. Әрбір тәрбиеші бала жүрегінің жылуын, өзіне деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында ата-анамен үнемі тығыз байланыста болған жағдайда ғана бала бойына адамгершілік атты асыл қасиетті қалыптастыратыны сөзсіз. Отбасы мүшелерінің бір-біріне әсері, оның ішінде әсіресе үлкендердің балаға ықпалы белгілі жоспармен, өз бетінше жүреді. Алайда осы ортаның өзінде мақсатқа бағытталған отбасы тәрбиесі деп аталатын бөлшегі бар.
Отбасы тәрбиесінің маңызы ата-ананың өз балаларының кәмелеттік жасқа толып, ер жеткенде қандай болып шығатынын тілейтін ізгі мұраттарынан туындап, соған бағытталады. Әрбір отбасында тәрбие мақсаттары әр түрлі болады.Тіпті бір отбасының өзінде олар отбасы жағдайы мен ата-ананың қолы жеткен табыстарына байланысты өзгеріп отырады мазмұны тұрғысынан алғанда отбасы тәрбиесі ата-ананың, басқа да отбасы мүшелердің білімінің, мәдениетінің деңгейі, олардың мамандығы қызмет бабы, тұрмыс жағдайы да әсер етеді. Дегенмен отбасындағы тәрбиенің өзегі болып табылатын, әрқашан басты назарда болуға тиісті жалпы адамзаттық құндылықтар бар. Адамға тән мейірімділік кезден ең жақын адамын сүюден бастайды. Сондықтанда мейірімділіктің ошағы – отбасында. Өзара сүйіспеншілігі жарасқан отбасы мүшелері арасындағы үйлесімдіктің қалыптасуы оның мызғымас іргетасына айналады. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді»деген халық мақалының мәні тереңде жатыр. Жеке талдай түссек, мақал отбасындағы ынтымақтастық пен өзара сыйластық жөнінде болғанмен, оның негізі өзара үйлесімділікте. Сондықтан баланың дамуына бақылау жасай отырып, оның табиғи икемділігін анықтауда отбасының рөлі зор. Баланың табиғи икемділігі отбасында анықталатын болса, оның болашағы ерте айқындалар еді. Өкінішке орай, баланың бойындағы құндылықтардың даму бағытын айқындау тәрбиешінің міндеті деп біліп, оның үлесіне ауысып кетіп жатады. Бала тек ұрпақ жалғасы емес, ол қымбат әлеуметтік құндылық. «Баланың бас ұстазы ата-ана» -дейді халық даналығы. Сондықтан ата-ана баланы өз мүддесінеде байланысты үйлесімдікте дамытуға, рухани байытуға міндетті.
Өмір ең басты құндылық болып табылатыны анық. Адамдардың өмір сүру құндылықтар дүниесін анықтайды. Басқаша айтқанда, өмір болмаса құндылықтар да болмайды. Ата-ананың борышы баланың тек табиғи қажеттіліктерін орындаудан ғана емес, дұрыс өмір сүруге бағыт, бағдар беруден тұрады. Демек баланың дара және психологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, тәрбие, білім беру.
Отбасылық тәрбиенің бір шарты – балаға сенімділік пен өзін-өзі бағалау мүмкіншілігін беру. Сенім арқылы баланың бойында сыйластықты қалыптастыруға болады. Егер үлкендер баланың күшіне, адалдығына, мейірімділігіне сенім артса, онда оларда өз күшіне сенушілік жоғарылайды және онда оларда өз күшіне сенушілік жоғарылайды және одан да жақсы жақтарын көрсеткісі келеді. Сенімділікті пайдалану барысында баланың даралық қасиеттерін, жас ерекшеліктерін тануға мүмкіндік туады. Сенімділік жеке адамды тәрбиелеуге, өзін-өзі жетілдіруге бейімдейді. Ата-ана мен бала арасындағы ашық, сенімді қатынастың арқасында отбасындағы адамгершілікті жағымды деңгейде жүзеге асыруға болады. Отбасының негізгі қызметтерінің ең бастысы деп бала тәрбиесіндегі сәттілікті айтуға болады. Ол үшін ең қажеттісі:
Бала тек тәрбиенің жемісі ғана емес, сонымен қатар ол өз отбасының және өзінің өмірлік орнын, отбасына және өзіне байланысты мінез-құлықты анықтайды. Нақтылап айтқанда бала өзіне тәрбиеші. Балалар өзінің аз тәжірибесінде өзіндік ойлауы арқылы айналасындағыны қабылдайды, әрі бағалайды. Олардың мінез-құлқын, эмоциясын түсіну үшін өмірге олардың көзімен қарау қажет. Балаларға тек біз айтқан нәрселер ғана әсер етпейді, сонымен қатар ата-ана баланың мінез-құлық ерекшеліктерін ескеруі қажет. Қорыта айтар болсақ, адам бойында құндылықтар жүйесін қалыптастыруға отбасында, қоғамдық ортада аса зор мән берілуі тиіс.
Бисекенова Ақмоншақ
Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы
Баянды селосы
№ 7 «Айналайын» балабақшасының тәрбиеші