Home » Жаңалықтар » «Балаларды мектепке дайындайық!» қайырымдылық акциясы өтті

«Балаларды мектепке дайындайық!» қайырымдылық акциясы өтті

     

3 тамыз күні Астана қаласы «Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен «Балаларды мектепке дайындайық!» қайырымдылық акциясы болып өтті.  Бұл акция 1 тамыздан бастап бүкіл республика аясында бастау алғаны көпшілікке аян. Оқушылар сарайының акт залында өткен бұл игі шараға жүздеген отбасының бүлдіршіндері мен жасөспірімдері  қатысты.  Қайырымдылық шара аясында шақырылған балақайларға мерекелік концерт  ұйымдастырылды. Көңілді аниматорлар, Астана циркінің өнерпаздары мен кішкентай әншілер өнер көрсеткен бұл концертте алғысөз алған «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бақыт Сапаров жаңа оқу жылында баршаға сәттілік тілеп, бір топ оқушыны сахнаға шығарып, партия қолдаушылары – демеушілер ұсынған сыйлықтар табыстады. Бір айта кетерлігі, бұл шара «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ»  атты «Нұротан» партиясының арнайы жобасының аясында өтті.  Акцияның мақсаты – көпбалалы отбасыларға, материалдық жағдайы төмен отбасыларына атаулы әлеуметтік қолдау көрсету.

   

Ғалия Мейірманова, көпбалалы ана, №66 мектеп-лицейден келген  ата-ана: «Менің 5 балам бар. Отбасында тек жолдасым жұмыс жасайды. Осы қайырымдылық акциясы аясында отбасымызға жыл сайын көмек алып тұрамыз. Әр оқу жылында барлық баламызды киіндіру оңай шаруа емес.  Сондықтан, осындай демеу шараларының біз үшін маңызы зор. «Нұротан» партиясына, Айтжан Ермұханқызы бастаған мектебіміздің басшылығына және әрдайым көмегін аямайтын әлеуметтік педагог Гүлсім Амантайқызына алғысымыз шексіз».

«Балаларды мектепке дайындайық!»  атты концерт соңында шараға келген 200 оқушы ұл-қызға ішінде оқу құралдары салынған бір-бір сөмке сыйға тартылды. Балалар мен ата-аналардың қуанышында шек болмады. Қайырымды да, қамқор қоғамның жылуын сезінген бұл балаларымыз болашақта қазақ елінің абыройын асқақтар білімді азамат болып өседі деп сенім артамыз.

Алма Сайлауқызы

журналист

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.