Home » Оқу-әдістемелік материалдар » Балаларды көркем әдебиетпен таныстыру әдістемесі

Балаларды көркем әдебиетпен таныстыру әдістемесі

Мектеп жасына дейінгі сәбилердің дүниетанымын кеңейтіп, ойын өрістетіп, тіл байлығын жетілдіру ісінде көркем әдебиеттің алатын орны ерекше. Көркем сөз өрнегін балаға тыңдатып, санасына сәуле түсіру, халық қазынасының музыкалық үннен нәр алдыру оның ең сәби шағынан, ана әлдиінен басталады. Балаға әңгімелеп айтуға оқып тыңдатуға, жаттап айтуға таңдалған материалдар олардың даму деңгейіне, жас шамасына лайықты болуы тиіс. Әрбір бөбектің күнделікті іс- әрекеті, неге қызығып әуестенетіні, оның алғашқы ұстазы ата- анаға белгілі. Арнайы жинақталған суретті кітапшалар, әңгіме – ертегілер, мақал – мәтелдер баланың әдет – дағдыларын тереңдете түседі. Шығарманың баланы отан сүйгіштікке, достық, жолдастыққа, ата-анаға, айналасындағы үлкен кішіге, ата–әжесіне деген сүйіспеншілікке, мейрімділіке тәрбиелейтін дәрежеде болғаны жөн. Яғни, шығарманың тәрбиелік жағына баса назар аудару қажет. Мұндайда ата – баба мұрасынан бізге жеткен тілек бата, өнеге – өсиетін оқып беруге болады. Оқылатын шығарманың суреттермен көрнекі бейнеленуі, шығарма кейіпкерлерінің мінез әрекеті, көркем образда бейнелену айқындылығы, нанымдылығы, шынайлығына мән берген жөн. Психологтардың дәлелдеуінше балалар, оқиғаның басталу, даму процесіне, оның себептеріне, шешіміне, кейіпкерлер мінездерінің әр түрлі іс – әрекет үстінде көріну өзгешелігіне қызыға назар аударады. Оқиғаның негізгі себептері туралы ой жүгіртіп, қорытынды жасауға ынталанады. Оқиғасы бала түсінігіне дөп келетін, оған айрықша әсер туғызған шығарманы тыңдап отырғанда бала сол оқиғаға өзі араласып кеткендей әсерленетін болады. Айналадағы балаға танымал дүние, табиғаттың тамаша көріністерін, жыл маусымдарына қарай құбыла түрленетін ғажайып өзгерістерін, оның себептерін, табиғат пен адам арасындағы заңды байланыстарды көркемде түсінікті түрде суреттеп беретін шығарма шығарма баланы сезімталдыққа, эстетикалық талғампаздыққа баулиды. Оның зейін, қабылдау, таным әрекетін қалыптастырады. Әдеби шығармалардың тілі жеңіл де, көркем, балаға түсінікті, олардың сөз қорын жаңа сөздермен байытатындай болуы тиіс. Бар жақсысын баласынан аямаған халқымыз баланы сылаумен өсіре отырып, құлағына бесік жыры әуенін сіңдіре білген. Бала есейген сайын ана сүтімен даритын тілін дамытып, тазалыққа, имандылыққа, ізеттілікке, жомарттыққа, әсемдік, сезімталдыққа, ұқыптылыққа, әдептілікке, еңбексүйгіштікке тәрбиеленеді. Халық даналығы: Санамақтар, мақал – мәтелдер, жаңылтпаштар, жұмбақтар, баланы ойландырып, толғандыратын өтірік өлеңдер, ертегі, аңыз әңгімелердің қай – қайсысы болмасын баланың сезімін селт еткізеді. Тіліне үйіріліп еріксіз еліктіреді. Өйткені, ауыз әдебиеті халықтың ұрпағына деген сүйіспеншілігі арман мүддесінен туындаған. Педагог – жазушы Ы.Алтынсариннің қаламынан туындаған қысқы әңгімелер, мысалдарының мектепке дейінгі тәрбиеде маңызы зор. 3-4 жасқа дейінгі балалар суретті кітаптарды қызыға қарайтыны мәлім. Сондықтан оларға суретті айқын кітапшаларды көрсетіп, мазмұнын айтып беру қолайлы. Бұл жастағы балаларға оқиға сәтті аяқталатын, қорғаныш сезімін тудырмайтын халық ауыз әдебиеті нұсқаларын жатқа айтып беріп, ойната тыңдату тиімді. Ересектер, мектепалды даярлық топтағы балаларға көлемдірек ертегі, әңгімені кітаптан оқып беріп, оқылған шығарманы 30 – 35 минут бойына тыныш тыңдай білуге, әңгімелеп беруге үйреткен дұрыс. Көркем әдебиетті шығарма мазмұнына, оқиғаның желісіне қарай кейде жатқа айтып, кейде кітаптан оқып, түсіндіріп отыру қажет. Бұлай түрлендіру баланы мұқият тыңдай білуге үйретеді.

Тақпақты жаттату әдістемесі: Балаларды тақпақтың авторымен таныстыру.(Автордың суретін көрсетіп, өмірбаянын бала тілімен түсіндіру). Тәрбиеші тақпақты мәнерлеп оқып, тақтадаға сурет арқылы оның мазмұнын түсіндіріп, қиын, жаңа, сөздердің мәнін ашып талдау жүргізеді. I – шумақты оқып беріп, қайталау, көпше – жеке балаға айтқызу. Біртіндеп II – шумақты жаттатып, оныда көпше – жеке балаға айтқызу. Жаттағанда кезек кезекпен — бала 4 шумақты айтса, бала 4 шумақты жалғастырады.

Ертегімен таныстыру әдістемесі: Балаларды ертегінің жанырымен таныстыру, тақтадағы сурет арқылы желісін көрсету, ертегі бойынша талдау жүргізу. (Сұрақ қою). Қиын, жаңа сөздердің мәнің ашу. Ертегіні қайталап оқып беру, сұрақ қойып, сурет арқылы балаларға ертегінің жалғасын айтқызу.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.