Денсаулық бұл – адамның ең ұзақ ғұмыры бойындағы әлеуметтік белсенділігі мен тиімді еңбекке қабілеттілік дәрежесін, биологиялық, физиологиялық және психологиялық қызметін сақтауы мен дамыту үдерісі. Ендеше, жас ұрпақтың дені сау, білімді азамат болып ер жетуі, қоғамнан өз орнын дұрыс таңдай алатын, еркін ойлау қабілеті қалыптасқан, мәдениетті, іскер жеке тұлға тәрбиелеу — ең алдымен, ата-анасына, одан соң мектепке дейінгі ұйымға және қоршаған ортаға байланысты.
Баланың денсаулығы – қоғамның экономикалық, әлеуметтік және саналы жетістіктерін сипаттайтын маңызды көрсеткіштердің қатарына жатады. Қазақстандағы балалардың денсаулық деңгейлері қоғамның, әсіресе, дәрігерлер мен педагогтердің арасында дабыл қағуда. Баланың денсаулық деңгейлерінің көрінісі көпшілік жағдайда балабақшаның жауапкершілігінде деп көрсетіледі.
Демек, баланың денсаулығы – ерекше де өзекті мәселе. Қазіргі таңда балалардың денсаулықтары өте нәзік, ауруға жиі ұшырайды және ата-аналардың да өмір ағымына байланысты бұл күрделі мәселеге түбегейлі берілуге уақыттары бола бермейді.
Балабақшада оқу-тәрбие жұмыстарын заман талабына сай жүргізу, баланың денсаулығын сақтау мен нығайту мәселелерін тиімді шешу – медициналық және педагогикалық қызметкерлердің бірлескен нәтижелі еңбектеріне байланысты. Осындай мәселені шешу барысында, баланың денсаулығын нығайтуда және аурудың алдын алуда тек қана баланың қимыл-белсенділіктерін көтеру өте аз, сонымен қатар, баланы шынықтыру шараларын жүйелі өткізуде мектепке дейінгі мекемеде денсаулық сақтау кеңістігін құру маңызды болып табылады.
Технология дегеніміз – білім беру үрдісіне қажетті әдіс-тәсілдер жүйесі және техникалық және адами ресурстарды пайдалана отырып, оқытуды жетілдіре отырып білімді меңгерту.
Білім беру технологияларының жіктелуінде «денсаулық сақтау технологиялары» деген ұғым жоқ. Себебі, ол нақты бір технология түрінде болмайды. Десек те, «денсаулық сақтау технологиясы» ұғымы білім беру мекемесінің оқушы денсаулығын қалыптастыру, сақтау және нығайту бағытындағы барлық жұмыстарды біріктіреді.
Бүгінгі мектепке дейнгі ұйымының мақсаты – баланы өмірге дайындау. Баланың бақшада алған білімі – оның болашақ өміріне қажетті, қолданылатын білім болуы қажет.
Нұсқаушы педагогиканың соңғы жаңалықтарын біле отырып, бала, ата-ана, медицина қызметкерлерімен, өз әріптестерімен бірлесе отырып, өз жұмысын бүкіл педагогикалық үрдістің қатысушыларының денсаулығын сақтау мен нығайтуға бағыттап жоспарлайды.
Денсаулық технологиясы деген бірегей технологияға жол. Ол – жай ғана, білім беру үрдісі міндеттерінің бірі ретінде көрінуі мүмкін. Ол оқу үрдісінің медицина-гигиеналық бағыты (педагог — медицина қызметкері – бала» үштігінің тығыз байланысы жүзеге асатын), дене шынықтыру-сауықтыру бағыты (дене шынықтыру сабақтарына ерекше назар аударатын), экологиялық (табиғатпен үйлесімді қарым-қатынас жасау) және тағы басқа да болуы мүмкін. Тек, оқытуды кешенді түрде қарастырғанда ғана бала денсаулығын қалыптастыру мен нығайту міндеттері шешілуі мүмкін.
Денсаулық сақтау технологиялары көптеген педагогтарға белгілі психологиялық-педагогикалық әдіс-тәсілдер, технологияларды, мәселені шешу жолдарын жинақтайды және соған қоса, нұсқаушы өзін-өзі үнемі жетілдіруге ұмтылыс жасауы қажет.
Сауықтыру педагогикасының негізгі артықшылықтары мынада:
- дені сау бала — практика жүзінде жетуге болатын бала дамуы;
- сауықтыру дегеніміз емдеу-профилактикалық шаралардың жиынтығы емес, баланың психофизиологиялық мүмкіндігін дамыту формасы;
- жеке-дара саралап оқыту дегеніміз — оқушыны сауықтыра дамыту жұмыстарының негізгі құралы.
Денсаулық сақтау технологияларының мақсаты – баланың денсаулығын сақтау, оның денсаулығын сақтау туралы білім, білігі мен дағдыларын қалыптастыру, алған білімдерін қолдана білуге үйрету. Барлық денсаулық сақтау технологияларының негізгі ерекшеліктері – балалар денсаулығын үнемі экспресс-диагностикадан өткізіп, бақылап отыру және ағзаның қалыпты дамуын бақылап, бала денсаулығы туралы қажетті қорытындылар жасау.
АСАИНОВА Райхан Бипаевна,
Павлодар қаласы
№16 сәбилер балабақшасының
дене шынықтыру пәні мұғалімі