Home » Мақалалар » Балалардың ой-өрісін ұлттық ойындар арқылы жетілдіру

Балалардың ой-өрісін ұлттық ойындар арқылы жетілдіру

Балабақшада тәрбиеленіп жатқан қазіргі бүлдіршін болашақ иесі болғандықтан, дүниежүзілік мәдениетті танитын, өзінің төл мәдениетін білетін, сыйлайтын, рухани дүниесі бай, саналы ойлайтын деңгейі жоғары, білікті болуы міндетті. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесін, мәдениетін жасөспірімдер бойына саналы сіңіріп, қоршаған ортадағы қарым-қатынасын, мінез-құлқын, өмірге деген көзқарасын,бағытын дұрыс қалыптастыру тәрбиеге байланысты. Мектепке дейінгі мекемеде адамгершілік тәрбиесі тәрбиелеу және білім беру үрдісінде әр түрлі іс-әрекеттер арқылы жүзеге асырылады.  Олармен ойынның әр түрін ұйымдастыра отырып, бір-біріне деген қайырымдылық, мейірімділік, жанашырлық, достық, жолдастық сезімдерін тәрбиелеуге болады. Баланың бірінші әрекеті – ойын, сондықтан да ойынның мән-мәнісі ерекше. Ойын – адамның өмірге қадам басардағы алғашқы қадамы. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала болар ма?» деп айтқандай, баланың өмірінде ойын ерекше орын алады. Жас баланың өмірді тануы, еңбекке қатынасы психологиялық ерекшеліктері осы ойын үстінде қалыптасады.Ойынды зерттеу мәселесімен тек психологтар мен педагогтар ғана емес, философтар, тарихшылар, этнографтар және өнер қайраткерлері мен бұл саладағы ғалымдар да шұғылданады. Көптеген жазушылар бала ойынының психологиялық мәнін және ойынға тән ерекшеліктерді көркем бейнелер арқылы ашып берді. Адам іс-әрекетінің ерекше бір түрі – ойынның пайда болуы туралы зерттеушілердің көпшілігі өз еңбектерінде өнер және ойын көркемдік іс-әрекеттің алғашқы қадамы деп түсіндіреді.Өмірдің әр түрлі құбылыстары мен үлкендердің әр түрлі іс-әрекеттеріне еліктеу – ойынға тән нәрсе.Ойынға шартты түрдегі мақсаттар қойылады,ал сол мақсатқа жету жолындағы іс-әрекет бала үшін қызықты.Ойын балаларға ақыл-ой,адамгершілік,дене шынықтыру және эстетикалық тәбие берудің маңызды тетігі деуге болады.Балалар ойын барысында өзін еркін сезінеді,ізденімпаздық тапқырлық әрекет байқатады. Сезіну, қабылдау, ойлау, қиялдау, зейін қою, ерік арқылы түрлі психикалық түйсік пен сезім әлеміне сүңгиді.Педагогикада бала ойынына ерекше мән беріледі,өйткені балалық шақтың түйсігі мен әсері адамның көңіліне өшпестей із қалдырады. Бала ойын арқылы өзін толқытқан бүгінгі қуанышын, ренішін, асқақ арманын, мұрат мүддесін бейнелесе, күні ертең сол арман қиялын өмірде жүзеге асыруға мүмкіндік алады. Осы тұрғыда оқу үрдісінде ұлттық ойын элементтерін пайдалану оқу іс-әрекетінің тақырыбы мен мазмұнына сай алынады.Сонда ғана оның танымдық,тәрбиелік маңызы арта түседі.Балаларды, әсіресе, «Сиқырлы қоржын», «Көкпар», «Асық» секілді ұлттық ойындарға қатыстыру өте тиімді.Ойынның тәрбиелік маңызы мынада:ол баланы зеректікке,білгірлікке баулиды.Бабаларымыздың асыл қазынасына деген көзқарасын құрметтеуге, сөз әсемдігін сезінуге үйретеді.Батылдыққа, өжеттікке тәрбиелейді. Балабақшада және отбасында ұлттық ойындарды ұтымды пайдалана отырып, бүлдіршіндеріміздің ойлы да өнерлі, күшті де епті болып өсуіне мүмкіндік аша білуіміз және бүлдіршіндерімізді ізгі мақсаттар аясында тәрбиелеуге күш салу – игі мақсатымыз болуы шарт.

Сәнді Нысанғалиқызы Джардемгалиева,
БҚО,Орал қаласы.
№38 «Жазира» бөбекжайының II санатты тәрбиешісі.

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.