Home » Балабақша » Балалардың ойлау қабілетін дамытудағы математикалық ойындардың маңызы

Балалардың ойлау қабілетін дамытудағы математикалық ойындардың маңызы

Қазіргі заман педагогикалық, психологиялық теориясы мен практикасының даму кезеңінде балалардың танымдылық жан қуаттарын дамыту, өмір салтын қалыптастыратын тәлім-тәрбие беру, денсаулығын сақтау мектепке дейінгі мекемелердің басты мұраты мен мақсаты болып табылады.

 

Ойын – бала әрекетінің негізгі түрі. Ойын арқылы балалар қоғамдық тәжірибені меңгереді, өзінің психологиялық ерекшеліктерін қалыптастырады. Бала ойынында қоғамдық, ұжымдық сипат болады. Ойын – балалар үшін айналадағыны танып білу тәсілі.

Тәрбие жұмыстарын қарапайым жолмен баланың қалауына орай жеке басының жетіле беруіне, көңіл-күйлерінің толғаныстарына сүйене жүргізгенде ғана іс жүзеге аспақ. Әрбір ойын, жаттығуларды жүргізе білу, балалардың түйсігіне жеткізе, түсіндіре білу тәрбиешінің шығармашылығына байланысты.

Балалық шақтың ең әуес нәрсесі – ойын. С. Торайғыров: Ойын балалар үшін тамақтан да қымбат, — дегендей, балалардың қызығушылығын, ой-өрісін кеңейту, белсенділігін арттыру үшін танымдық ойындар, дамыту жаттығуларын жүргізудің маңызы зор.

Сондай-ақ, баланың психикалық дамуына, яғни не нәрсені болмасын жақсы түсініп, есте сақтай алуына, тілінің дамуына жағдай туғызады.

Бала – оқу-тәрбие үрдісіне бір нәрсені қабылдайды. Не есіне түсіреді, ойлайды, қиялдайды. Ал, осы психикалық процестермен бірлесіп келетін сананың ерекше сипаты – зейін.

Балалардың зейінін ұйымдастыру педагогикалық үрдістің нәтижелі болуына жетелейді. Зейінсіз өткен оқу-тәрбие жұмысы өзінің мақсатына да жете алмайды. Сол себептен балаларда зейіннің түрлі қасиеттерін: тұрақтылығын, көлемін, бөлінуін дамыту жаттығулары арқылы қалыптастыруға болады.

Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің негізгі бөлімі қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру болып тбылады. Математикалық ұғымдармен танысу кезінде балалар топтастыру, салыстыру, өз істерін жооспарлау, берілген тапсырмаларды орындау, шешім таба білуге үйренеді. Сонымен қатар, ой-өрістері кеңіп, шығармашылық белсенділіктері артады.

Математика балалар үшін мысалдар мен тапсырмалардан құралған бірсарынды теория есебінде емес, ол ерекше математикалық әлем есебінде ену керек. Балалардың бұл ғылымға деген сезімін ережелер тәртібімен толықтырмай, сандар әлеміне деген қызығушылығын ынталандыра отырып ашу қажет. Балалар үшін математикамен таныстыру қызықты, түсінікті болу үшін сабақты ойынға айналдыру керек.

Ойын – таным процесін дамытудың негізі болғандықтан, әрбір тәрбиеші-ұстаз оқыту мен тәрбие берудің мазмұнын үнемі ойын элементтерімен толықтырып отыруы керек.

Ұйымдастырылған оқу қызметінде ойын элементтерін қолдану немесе толықтай ойын түрде өткізу тәрбиешіден біліктілік пен шеберлікті, шығармашылық ізденісті қажет етеді. Сондықтан, олардан оқу мазмұнындағы ойындарға үлкен жауапкершілікпен және сақтықпен қарау талап етіледі.

Ұстаз ойынға тек қана балаларды қызықтырып, уақыт өткізудің құралы деп қарамай, балаға берілетін танымның, білім мен тәрбиенің құнды негізі деп қараса ғана үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, мақсатына жете алады. Бұдан шығатын қорытынды: мақсаты дұрыс таңдалып, сауатты түрде ұйымдастырылған ойын ғана бала танымының дамуына жағдай жасайды.

Ұйымдастырылған оқу қызметінде ойынды дұрыс қолдау үшін ұстазға ойындардың мазмұны мен өткізілу әдістемесін жете білу, әрбір тақырыпқа байланысты оқу жылының басына оқу жоспарына енгізу, ойынның тәрбиелік және танымдық мақсатын аша білу, ойын арқылы баланың танымына әсер етіп, даму барысына үнемі зерттеу жүргізу талаптары қойылады.

  Атраубаева Галия Орынбасаровна,

№10 «Алма» сөздері бұзылған балалар үшін

арнаулы (коррекциялық)

мектепке дейінгі ұйымының

жоғары деңгейдегі I санатты тәрбиешісі,

Ақтөбе қаласы

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.