Home » Айтарым бар » Балабақша өмірінен…

Балабақша өмірінен…

Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі білім беру жүйесін жетілдіру стратегиясы мектеп жасына дейінгі балаларды жеке тұлға ретінде жан-жақты қалыптастыру мәселелерінің ұлттық даму стратегиясымен үздіксіз байланысты екендігін және мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі болып табылатындығын ескере отырып , басты қажеттілік ретінде қабылданған еді. Бала тәрбиесі – жан – жақтылықты, жүйелілікті талап ететін үлкен мәселе. Өйткені баланы жеке тұлға ретінде қалыптастыру, оның  ой – өрісін  дамыту тәрбие беретін мекемелердің басты міндеті. Бұл орайда Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы Маңғыстау селосындағы «№8 «Алтын сақа»  балабақшасы 2014 жылдың 4 – шілдесінде ашылып, заман талабына сай жұмыс жасап келеді. Қазір балабақшада 3 – 6 жас аралығында 280 бала тәрбиеленуде.
Мен 1990 жылы Алматы қаласындағы Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын «мектепке дейінгі педагогика – психология» мамандығы бойынша бітіріп келіп, Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданындағы «№1 «Балдырған» балабақшаның директоры болып қызметке орналастым. Содан бері осы жұмыстың ыстығы мен суығына төзіп, ащысы мен тұщысын татып, мектепке дейінгі мекеменің өркендеуінің куәсімін.
Институтты жаңа бітіріп келген жас маманға бірден басшы болып, ұжымды басқару, әрине, оңай болған жоқ. Менің өсіп – жетілуіме, тәжірибе жинақтап, басшы ретінде қалыптасуыма балабақша ұжымының ықпалы зор болды. Алғашқы педагогтер легі – мектепке дейінгі мекеменің мамандары, педагог ретінде, өздерін шығармашыл тұлға ретінде танылған, алдарына ауқымды мақсат қойып, жұмыс жасаудың үлгісін көрсете білді. Бүгінде, жаңа мекеменің қанатын кағып, биіктен көрінуіне өз үлесімді қосып келемін. Біздің  басты қызметіміз баланы тәрбиелеу. Балабақшадағы бала тәрбиесі – бұл жалпы тәрбиенің ең басты бөлігі. Баланың тәрбиесіндегі кемшін қалған тұстарын жетістіріп, оны дене және ой еңбегіне үйретуге, күн тәртібін дұрыс реттеуге, салауатты өмір сүруге баулимыз, адал болуға тәрбиелеп, жақсылыққа үйретуге, жамандықтан жиренуге үйрету арқылы  бойында жастайынан мәдени құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерін  қалыптастыруға тырысамыз. Балабақшамызға педагогикалық жұмыста іс – тәжірибесі мол, аз уақытта өздерінің ізденгіш, еңбексүйгіштігімен ерекшеленіп, игі істерімен көріне білген тәрбиешілер Г.У. Джилкибаева, М.Н. Умбетова, Б.Ы. Ратова, орыс тілі маманы Г.А. Нежимова, ағылшын тілі маманы Г.А. Каржаубаева, дене шынықтыру маманы А.Ш. Айтбаева, өз жұмыстарына адал еңбек етуде. Елдің елдігін көрсететін спорт пен өнер ғой. Балаларды әнге, әуенді тыңдауға, ырғақты қимылдарды үйренуге баулып, өнерлі балғындардың  қабілетін одан әрі арттыруда ән – саз жетекшілер С. Дощанов, А.Е. Нугиеваны атаған жөн. Балаларға білім бере отырып, эстетикалық тәрбие – көркемдік пен сұлулықты тануға, талғампаздыққа тәрбиелеуді мақсат етіп, алдына үлкен мақсат қоя білген, жас та болса, өзіндік келбет, түр қалыптастыра білген әдіскер Ыбрай Нұрзаданың еңбегі зор. Аудандық фестивалдерде  Нұрзада Көмекқызы жүргізуші ретінде көзге түссе, ұжымымызда болып жатқан жаңалық, өзгерістерді бұқаралық ақпараттарға жариялап, жұртшылықты балабақша тыныс – тіршілігімен таныстырып отыратын да өнері бар.
Ұжым қандай шара өткізсе де, ата – ана негізгі көмекшіміз. Өйткені педагогтер мен ата – аналардың бірлесіп жұмыс жасауы – әр баланы жақсы тануға, оны жан – жакты дамытуға, жекелей ерекшеліктерін түсінуге, жеке қабілетін дамытуға, мінез – құлқында пайда болған жағымсыз іс – әрекеттерді жеңуге пайдасы зор.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың халқымызға жолдауында рухани байлықтың, денсаулықтың маңыздылығы атап көрсетілген. Жас ұрпақтың бойына тазалық пен сергектілікті, салауатты өмір салтын қалыптастыра білу біздің басты міндетіміз. Балабақшада жыл сайын тоқсанына бір рет «Балалардың өмірін және денсаулығын қорғау» жөнінде ережелерімен таныстыру жұмыстары жүргізіледі. Балабақша  әкімшілігі мен тәрбиешілері әр баланың өмірі мен денсаулығы үшін жауапты. Жарақаттанудан сақтандыруға ерекше назар аудара  отырып, балалардың барлық сәттеріндегі мінез – құлықтарын бақылауды іске асырады:
Балабақша қызметкерлері мекеменің ішінде, сыртында, оқытудың техникалық құралдарын пайдаланған кезде бала өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Балабақша әкімшілігі денсаулық органдарының педиатриялық қызметтерінің нормативтік құжаттарына сәйкес сақтандыру егулерін жүргізуге көмектесіп отырады. Мейірбике Ж. Ұзақбаева қызметкерлерге санминимум өткізіп тұрады және тамақтандыру кезінде бақылау  жүргізіп отырады. Барлық топтарда «Денсаулық»  бұрыштары бар.
Мектепке дейінгі тәрбие мазмұнын түбегейлі жаңарту Қазақстан Республикасында еркін елдің ертеңін баянды ету бағытында жүзеге асырылып жатқан саяси-әлеумет тік құжаттардан, оны іске асыруда күнбе –күн өмірге орныға бастаған білім, ғылым саласындағы жаңалықтардан көрінеді. Өйткені, жаңа қоғам мүддесіне лайықты, жан – жақты жетілген, бойында ұлттық сана, ұлттық психология қалыптасқан ертеңгі қоғам иегері боларлық парасатты азамат тәрбиелеп өсіру – балабақшаның, отбасының, барлық халықтың міндеті. Бүгінде МКҚК «№8 «Алтын сақа»  балабақшасында  оқу–тәрбие жұмыстары типтік бағдарлама  бойынша жұмыс жасауда. Бұл–бала дамуының барлық жақтарын қамтитын кешенді, қалалық және ауылдық балабақшаларында пайдалануға арналған бұқаралық, қазақстандық педагогика – психология ғылымдарының негізгі жетістіктері мен классикалық тәсілдерінен жинақталған, бір жүйеге келтірілген бағдарлама. Ұжымымыз татулық пен ауызбіршіліктің арқасында аудандық, облыстық шараларға қатысып, сайыстарда топ жарып, көріне білді.
2015ж аудандық «Ішкі саясат,мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің» дипломы, «Қазақстан халықтарының ұлттық киімдер» сайысында І орын.
2015ж Мұнайлы аудандық білім бөлімінің ,Мұнайлы аудандық үйлестіру орталығының  «Аудандық Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған әскери-патриоттық  әндерін сахналау байқауында  бас жүлдені иеленді.
2015ж Маңғыстау облысының білім басқармасының «Ұлы Отан соғысы  Жеңісінің 70 жылдығына  арналған әскери-патриоттық  әндерін сахналау облыстық байқауының бас жүлде иегері.
2015ж Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға қосқан үлесі үшін Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының  салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының орталығының «Саламатты балабақша» номинациясына ие болды.
2015жылы  Маңғыстау облысы ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында шығарылған «Өңірдің өнегелі әйелдері» тақырыбындағы сурет  кітабына «Ғылым және білім» бөліміне енген.
2015 жылы «Мектепке дейінгі ұйымдарда денсаулық сақтау технологиясын пайдалану жолдары» тақырыбындағы облыстық семинарға белсене қатысып, мектеп жасына дейінгі балаларға жан-жақты сапалы тәрбие мен оқытуға қосқан үлесі үшін» Маңғыстау облысы білім басқармасының Маңғыстау облыстық мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту орталығының  Алғысымен  марапатталды
2016ж  Мұнайлы аудандық «Үздік педагог-2016» байқауында  балабақша тәрбиешісі Умбетова М.К. І орынға ие болды.
2016ж   Мұнайлы аудандық  «Жауқазын-балалар өнер фестивалінің би  ырғағы» бөлімі бойынша балабақша тәрбиеленушілері І орынға ие болды.
2016ж Мұнайлы аудандық  «Жауқазын» балалар өнер фестивалінің  «Әнші балапан» бөлімі бойынша балабақша тәрбиеленушілері І орынға ие болды.
2016ж Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдыңына арналған аудандық «Әнші балапан-2016» байқауында балабақша тәрбиеленушілері І орынға ие болды.
2017 жылы аудандық «Жеңіс жаңғырығы» атты патриоттық әндер байқауында І орынға ие болған, Н.К. Ыбрай, балабақша ұжымы хормен қатысып, ІІ орынға ие болды.
2017 жылы аудандық «Жауқазын» балалар шығармашылығы өнер фестивалінің «Нұрға бөлену» бөлімі бойынша ІІ – кіші «Қошақан» тобының тәрбиеленушісі Али Назерке ІІ орынға ие болды.
2017 жылы 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған аудандық «Әкем, анам және Мен – спорттық отбасы» сайысында ІІ орын Дипломмен марапатталды.
Қазақ халқы қай уақытта болмасын, ұрпақ тәрбиесін ұлттың тағдыры, ұлттың болашағы деп білген. Сондықтан тәрбие мәселесіне көңіл бөліп, оған тиімді әдіс-тәсілдерді қолданып, қарастыру әрбір ұжымның тапқырлығы мен іскерлігін, ізденімпаздығы мен шығармашылығын талап етеді. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген ғұлама ғалым Әбу Насыр Әл – Фараби ойын әрбір ұстаз, әрбір ата – ана өздеріне қағида ретінде ұстанса нұр үстіне нұр болар еді. Оқу мен тәрбие – бір – бірінен бөлек алынып қаралмайтын күрделі үрдіс. Жаңа заманның жаңашыл ұстазы осы екі үрдісті бірдей теңестіріп алып жүру керек. Мен ұжымдастарымды мақтан тұтамын!

 Абилова Акбурыш Колганатовна
№8 «Алтын сақа» балабақшасы МКҚК директоры
Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.