Home » Балабақша » Балабақша –тәрбие ошағы

Балабақша –тәрбие ошағы

Жас ұрпақ тәрбиесі –адамзаттың мәңгілік тақырыбы. Ұлттың бүгіні мен болашағы да білімді –тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Баланың адам болып қалыптасуы ұстаз еңбегінде қыруар уақыт пен тер төгетін, зор ізденушілікті қажет ететін ауқымды, кең, жауапкершілігі мол жұмыс.

Осы мақсатқа жетудің басты шарты –әр баланың мүмкіндігін және қабілетін ескеріп, ұйымдастырылған оқу қызметінде белсенді әрекетке баулу болып табылады. Оқытудың әрбір сатысында қойылған міндеттерді кезең-кезеңімен шешу арқылы белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге болады.

 

Беисенбекова Сабира Сәкенқызы 2013 жылдан бастап мемлекеттік арнаулы (коррекциялық) №33 «Ақбота» балабақшасында меңгеруші қызметін атқарып келеді. Алға қойған мақсаты айқын, өз ісінің ыстық-суығын басынан өткізген жан ғана шыдай білетін жұмыста ең бастысы – өз ісіне деген жауапкершілік, ата-анамен тіл табыса білу, ұжымын бір арнаға тоғыстырып, жұмыла жұмыс жасау алдыңғы орында тұрғаны Сабира Сәкенқызының әр сөзінен байқалып тұрады.

№33 «Ақбота» балабақшасы көз көру функциялары жеңіл және ауыр бұзылған балаларға арналған  арнаулы мекеме болғандықтан, мұнда балаларға ем жасайтын арнайы көз дәрігері, медбике -ортоптист мамандары жұмыс жасайды.

Бұл балабақшада тифлопедагогтар, мұғалім -логопедтер, дене шынықтыру нұсқаушылары, пән мұғалімдері (қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі), саз жетекшілері, педагог-психолог мамандары өз жұмыстарын жоғары деңгейде атқарып келеді.

2016 жылы балабақша аттестациядан өз деңгейінде өтті. Қалалық семинарлар әр екі жыл сайын өткізіліп отырады. Жақында өткізілген 2018 жылғы қараша айында «Көздің нұры –әлемнің сыры» атты тақырыбын таңдап алған бұл қалалық семинар өзіндік ерекшелігімен жиналғандар есінде жатталды.

№33 «Ақбота» арнаулы (коррекциялық) балабақшасында жас ерекшелігіне байланысты 12 топ жұмыс жасайды. Соның ішінде 2 топ орыс тілді топтары. Бүгінгі таңда балабақшада педагогтар алдындағы тәрбиеленушілеріне терең білім беріп, бала бойына адамгершілік асыл қасиеттерді сіңіре отырып, ұлтжанды, елжанды ұрпақ тәрбиелеуде тынымсыз еңбек етуде.

 Әдіскер Тулекова Шолпан Аманқұлқызы балабақшадағы бүлдіршіндердің мемлекеттік стандарт деңгейінде сапалы білім алуына, ұлттық білім жүйесін қазіргі заман талабына сай құруға, болашақтың бүгінгіден де нұрлы болуына, дамуына бар ынтасын салуда. Ұжымда меңгеруші Сабира Сәкенқызының және де әдіскер Шолпан Аманқұлқызының арқасында ұйымшылдығы жарасып, қала көлемінде жақсы көрсеткіштерге ие болып жүрген жайы бар. Педагог қызметкерлердің ішінде  * жоғары санатты, бірінші санатты, 5 жас мамандар өз білім — біліктерін семинарларда, байқауларда, ашық ұйымдастырылған оқу қызметтерінде жоғары деңгейде көрсетіп, қала көлемінде түрлі мадақтама, дипломдармен марапатталуда.

2019 жылы меңгеруші Сабира Сәкенқызы Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің «Құрмет грамотасымен» марапатталды.

Әрқашан алдан көрінуге ұмтылған, өзімен бірге ұжымын көрсете отырып, бастаған ісін баянды жеткізе алатын шеберлік қасиет екінің бірінде жоқ. Әуелі ұжымдық қолдау, өзіне де өзгеге шығармашылыққа толы жылы орта жасауда алдына жан салмайтын Сабира Сәкенқызының табандылығы, ізденісі өзгеге үлгі болар деп ойлаймын.

 

Айтбаева Айгерім Рахманбердіқызы,
Түркістан облысы, Шымкент қаласы
№33 «Ақбота» балабақшасының тәрбиешісі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.