Home » Балабақша »   БАЛАБАҚША – ТӘРБИЕНІҢ БЕСІГІ

  БАЛАБАҚША – ТӘРБИЕНІҢ БЕСІГІ

 

     

      Отбасы — баланың әлеуметтік қалыптасуының алғашқы баспалдағы. Кез келген ата-ана өз ұрпағының қалыпты дамып, оның көп нәрсеге қабілетті болып өскенін қалайды. Ал оны тәрбиелеу өз алдына күрделі әрі өте жауапты дүние. Себебі бала тәрбиесі ата-ананың мейірім жылуымен ғана емес, оның ақыл-кеңесімен тығыз байланысты.

Қазақ тарихындағы бала тәрбиесін сөз етсек, отбасында ана мейірімі мен әкенің қаталдығынан бастау алатынын байқаймыз. Бүгінде бұл үрдіс түбегейлі өзгеріп, өз мәнін жойды дей алмаймыз. Десек те, өзгеше сипатқа ие. Бесіктен басталған бала тәрбиесі қарыштап алға дамып келе жатқан ХХІ ғасырда балабақшада жалғасын табады. Күнкөріс қамымен жүрген жұмысбасты ата-аналар үшін баланың балабақшада тәлім алуы тиімді жол болып табылады.

Балабақша қазіргі таңда баланың тәлім-тәрбие алатын ортасы ғана емес, сонымен қатар мектепалды даярлық мекені десек артық айтпаймыз. Үндінің ұлы философы Махатма Ганди: «Алтын, күміс секілді тастарға бағалылық беріп тұрған нәрсе – оны өндіру жолындағы еңбек қана» деген екен. Ал оны түсінген адамға бұл сөзде астары терең мәнді ұғым жатыр. Міне, осы секілді елдің белді азаматы болатын, ертеңгі тұтқасын ұстайтын тұлғаны тәрбиелеп шығару жолында да балабақшаның рөлі зор.

Балабақша — келешек азаматтарды тәрбиелейтін шағын институт. Балғындардың шаттық күлкісіне толы бұл мекенде тәрбиеші-педагогтар баланың тәрбиесімен қатар оның дамуына да даңғыл жол салады. Себебі, балабақшада бала бойындағы ерекше қабілеті байқалады. Баланың алғашқы қылықтары көрініс тапқан сәттен бастап оның дамуындағы ерекшеліктерді назарда ұстаған жөн. Сондай-ақ, көпшілік ортаға тез үйренісіп, адамдармен тіл табысуға да балабақшаның берері мол.

Әлем бойынша 40 мыңнан астам мамандық иелері жұмыс жасайды десек, солардың ішіндегі ең ауыр әрі жауаптысы ұстаздық сала. Баланың өмірге жеке тұлға ретіндегі алғашқы қадамдарын жасап, оған бағыт-бағдар беру жолында тәрбиешілердің еңбегі өлшеусіз. Әр балаға жеке тұлға ретінде қарайтын тәрбиеші-педагогтар түрлі мінезі бар балалардың тілін тауып, олармен жүйелі жұмыс жасайды.

Балабақшада тәрбиеленген бала белгілі бір тәртіпке дағдылана бастайды және оны заңдылық ретінде қабылдап, өзін бейімдейді. Мәселен, бала біріншіден күн тәртібіне бағынады. Уақытылы ас ішу, ойнау, теледидарды өз уақытымен көру, түскі уақытта ұйықтау секілді дүниелерді әдетіне айналдыра бастайды. Мұнан соң, өзін-өзі ұстаудың қарапайым қағидаларымен танысып оны сақтауды үйренеді. Сонымен қатар бала өз бетінше жұмыс жасауды меңгереді. Өзі ойнаған ойыншықтарын ретімен жинап қоюға, қатарлас достарымен бірігіп ойнауға және өзінен үлкен адамдармен сыпайы сөйлесуге бейімделеді.

Балабақшада бала интеллектуалды және физикалық тұрғыдан дамуға мүмкіндік алады. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуда заманауи әдістер мен технологияларды енгізу арқылы баланың ойлау қабілетті дами түседі.

Мені тәрбиеші ретінде бүгінгі күннің тәлім-тәрбиесі алаңдатады. Балабақшада берілетін тәрбие, отбасындағы жылулық, әке мен ана тағылымы, мұның барлығы ұлттық тәрбиенің дұрыс түзілуіне алып келеді. Бірақ, бұл аталған құндылықтар толыққанды беріле бермейді. Сондықтан да болар, көптеген ата-аналар бала тәрбиесін тәрбиешілердің мойнына жүктейді.

Балабақша – тәрбиенің бесігі. Бала өсіп келе жатқан шыбық секілді екені рас. Оған алдыңғы буынның әрбір әрекеті дұрыс дүние секілді көрінеді. Қалай баптайсың, соның жемісі өзіңе қайтады. Сол себепті әрбір тәрбиеші-педагог оған үлкен жауапкершілікпен қарау керек деп есептеймін.

Жұмағұлова Ақнұр Абдуллақызы  

№2 «Бөбек»  санаториялық  балабақшасы КММ-нің 

І санатты  әдіскері

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.