Балабақша – баланың жүйелі түрде білім мен тәрбие алатын, ең алғашқы қоғамдық ошағы. Балабақшаның балаға беретін тәлім-тәрбиесінің қаншалықты мықты болуы, сол балабақшада қызмет ететін педагогикалық ұжымға, нақтырақ айтсақ, ұстазға байланысты. Ұстаздық – киелі мамандық. Ол — ертеңгі болашақ иесін, ұлтын тәрбиелейді. Адам тәрбиелеу, оған ғылым негіздерінен мағлұмат беру, баланы өмір сүруге икемдеу, адами қылықтарды бойына дарыту – оңай шаруа емес!
Тәрбиеші – суретші, әртіс, әдебиетші, ақылшы, дос әрі бала жанын бағамдар психолог. Бала тәрбиесі – баршаның ісі. Отбасының да, балабақшаның да, мектептің де мақсат-мүддесі – біреу, ол – заман талабына сай ұрпақ тәрбиелеу. «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағашты түзете алмайсың» деп, бекер айтылмаған. Сондықтан, баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілікке баулитын құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен тәрбиеші шешуші роль атқарады.
Адамгершілік дүниесіндегі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қымбат қазыналарымыздың бірі – бесік жыры, мақал-мәтелдер болып келеді. Сәбилер «бесік жырын» тыңдай отырып, ананың бесік жырымен, әлдиімен, өзінің туған тілінің әуенінен тұңғыш рет нәр алады. Мақал-мәтелдер арқылы кішкентай бүлдіршіндеріміздің қайырымдылық, ілтипат, сыйластық, туған тіліне деген сүйіспеншілік сезімдері оянады. «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген нақыл бала бойына үлкенді құрметтеуге баулиды.
Балаларды еңбекке қызықтыру, баулу арқылы адамгершілік, эстетикалық қасиеттерін дамытып қана қоймай, олардың өз болашағына деген шынайы көзқарасын да қалыптастыруға болады.
Өз-өзіне қызмет ету.
— Кішкентай топтарда балалар тәрбиеші көмегімен киініп, жуынып, сүртінеді. Бір-біріне көмектеседі, «рахмет, кешір, өтінемін» деген «сыйқырлы» сөздерді өз орнымен айтуды үйренеді. Ұйымшылдыққа тәрбиелеу барысында балалардың ұжымдық қарым-қатынасы қалыптасады, мейірімділіктің негізі қаланады. Сондай-ақ, немқұрайлықтың пайда болуына, құрбыларына, үлкендерге қалай болса, солай қарауға болмайтынын түсінеді.
— Тұрмыстық қызметте топтағы ойыншықтарды жинау, оларды күтіп ұстау, топтағы тазалыққа қамқоршы болу керектігін ұғынады. Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетіне қажет: ермек саз, тақтайша, қылқалам т.б. дайындауға көмектеседі. Осылайша, оларды қайырымдылыққа, кішіпейілділікке шақырып, жақын адамдарына қамқор болуға үйретеміз.
— Серуен кезінде гүлдерді қопсыту, шөптерін жұлу, ойын алаңын таза ұстауға үйрету. Бірде серуенде сәбилерді жапырақ жинауға шақырдым, балалар 2-3 жапырақ жинаған соң, «жинағым келмейді» деп тарай бастады. Сол кезде мен жұмыс жоспарын ойынға айналдырып жібердім. Әкелген жапырақтардан бастарына гүлшоқ жасадым, оны көрген кішкентайлар қуанып, бәрі де жинай бастады. Бұл серуенде мен балаларды тек қана жапырақ жинауға емес, топпен жұмыс жасауға, үлкендерге көмектесуге, еңбексүйгіштік қасиетінің алғашқы игеріміне баулыдым.
Әрбір орындалған істен кейін: балалар «Жарайсыңдар, балалар! Тобымыз немесе ойын алаңымыз қандай сәнді болып қалды, бәрекелді!» деген сөздерді есту арқылы жасаған еңбектерінің дұрыс болғанына көз жеткізеді. Ұжым болып жұмыс жасай білуде ең бастысы, ұқыптылық, ізденімпаздық, аяушылық, қамқорлық, сезімдерін бойына сіңіруі аса маңызды.
Жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру – ата-ана мен ұстаздардың басты міндеті. Кішкентай бүлдіршіндердің бойына ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, адамгершілік қасиеттерін сіңіріп, өз-өзіне деген сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен тәрбиешілер шешуші рөл атқарады. Адамгершілікке, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу – күнделікті балабақша өмірінде, тәрбиешінің жұмыс күнін ұйымдастыру процесінде, ойын және оқу ісінде жоспарлы түрде қарастырылады. Тәрбиешінің тәртібі, іс-қимылы, балалармен, үлкендермен қарым-қатынасы кішкентай сәбилер үшін үлгі болып, олардың жеке басының қалыптасуына ықпал етеді. Балабақша мен отбасы арасындағы тығыздық артқан сайын бүлдіршіндеріміздің жағымды қасиеттері арта түседі. Осыдан кейін, олардың сүйкімді қылықтары, ұжымдық қарым-қатынасы, еңбексүйгіштігі, жауапкершілігі, патриоттық сезімдер туралы түсініктері біртіндеп қалыптаса бастайды. Кішкентай балдырғандар адамгершілік қасиеттерді ата-анасынан, үлкендерден, тәрбиешілерден насихаттау арқылы емес, тек шынайы көру, сезіну қатынасында алады.
Бала тәрбиесінде әрбір отбасы, әсіресе, халқымыздың ұлттық педагогика негіздерін басшылыққа алғаны ләзім. Қадірлі ата-аналар! Тәрбиенің алтын бесігі – атадан-балаға мирас болып келе жатқан салт-дәстүріміз бен ұлттық қасиеттерімізді, ана тілімізді балаларымыз бен жас жеткіншектерімізге үйретіп, насихаттаудан ешқашан жалықпайық!
АКШАБАЕВА Алия Маралбековна,
Май ауданы
«Ақбота» бөбектер бақшасының тәрбиешісі
Павлодар облысы