Home » Балабақша » БАЛАБАҚША — ТӘРБИЕНІҢ АЛТЫН БЕСІГІ

БАЛАБАҚША — ТӘРБИЕНІҢ АЛТЫН БЕСІГІ

«Бала естігенін айтады, көргенін істейді» — деп қазақ халқы бекер айтпаған. Мектеп жасына дейінгі балаларды адамгершілікке тәрбиелеудің маңызы зор. Кішкентай сәбилеріміз ата-ананың, тәрбиешісінің, достарының мінезінен,жүріс-тұрысынан, сөйлеген сөзінен, істеген ісінен үлгі алуға тырысады. Бала бойына адамгершілік, қасиеттерді ойын, салт-дәстүр, мақал-мәтелдер, ертегілер, жұмбақтар, өлеңдер арқылы сіңіру ата-ана мен тәрбиешілердің басты міндеті. Адамгершілік дүниесіндегі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қымбат қазыналарымыздың бірі-бесік жыры, мақал-мәтелдер болып келеді. Сәбилер «бесік жырын »тыңдай отырып, ананың бесік жырымен, әлдиіме,өзінің туған тілінің әуенімен тұңғыш рет нәр алады. Мақал-мәтелдер арқылы кішкентай бүлдіршіндеріміздің қайырымдылық, ілтипат сезімдерін арттырамыз, адамгершілік сезімдерін оятамыз. «Үлкенге құрмет, кішіге-ізет» мақал-мәтел арқылы бала бойына үлкенді құрметтеу, қамқорлық сезімдерін туғызамыз. Кішкентай топтарда балалар тәрбиешінің көмегімен киініп, жуынып, сүртінеді, бір-біріне көмектеседі, «рахмет, кешір, өтінемін» сөздерін айтуға баулу. Ұжымға тәрбиелеу, балалардың өзара ұжымда қарым-қатынастарын қалыптастыру. Осылайша мейірімділіктің негізі қаланады немқұрайлықтың пайда болуына, құрбыларына, үлкендерге қалай болса солай қарауға мүмкіндігі жасалмайды. Тұрмыстық қызметте топтағы ойыншықтарды жинау,оларды күтіп ұстау, топты таза ұстау. Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетіне қажет ермексаз, тақтайша, қылқалам т.б.дайындауға көмектесуі. Осылайша біз бүлдіршендерімізді қайырымдылыққа, кішіпейілділікке шақырып, жақын адамдарына қамқор болуға үйретеміз. Кішкентай бүлдіршіндеріміздің бойына ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, адамгершілік қасиеттерін сіңіріп, өз-өзіне деген сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен тәрбиешілер шешуші роль атқарады. Адамгершілікке еңбексүйгіштікке тәрбиелеу күнделікті балабақша өмірінде, тәрбиешінің жұмыс күнін ұйымдастыру процесінде, ойын және оқу ісінде жоспарлы түрде қамтылады. Тәрбиешінің тәртібі, іс-қимылы, балалармен, үлкендермен қарым-қатынасы кішкентай сәбилер үшін үлгі болып,олардың жеке басының қалыптасуына ықпал етеді. Балабақша мен отбасы арасындағы тығыздық артқан сайын бүлдіршіндеріміздің адамгершілік құнды қасиеттері арта түседі. Адамгершілік тәрбие отбасынан басталатын болғандықтан инабаттылық, мейірімділік,ана сүтімен,ана тілімен келетіні анық. Сол себепті халық даналығы: «Сүтпен біткен мінез сүйекке кетеді» деп бекер айтпаған. Дана,ойшыл Абай атамыз бұл туралы былай деген: «балаға мінез үш алуан адамнан жұғады; бірінші ата-ана,екінші ұстазынан, үшінші-құрбысынан». Адамгершілік әр адамға пәк асыл қасиеттер. Адамгершіліктің қасиеті қайнар көзі-халқында, отбасында, олардың өнерлерінде, әдет-ғұрпында. Әр адам адамгершілікті күнделікті тұрмыс-тіршілігінен, өзін қоршаған ортадан бойына сіңіреді. Қазақ халқы баланы жастайынан жақсы әдеттерге баулыған. «Үлкенді сыйла,жолын кеспе»деген ұлағатты тыйым сөздің мәні зор. Бала бойына кішіпейілділік, сыпайылық, сыйластық сияқты қасиеттер сіңіре білсек, адамгершілік тәрбиесінің жемісіне бөленетініміз анық! Тәрбиешінің алтын бесігі-балабақшамыздағы сәбилерімізді адам баласына тән асыл қасиеттерге, адамгершілікке тәрбиелеуден жалықпайық.

Алтынай Калиханқызы ЖАГУПАРОВА,
                                                                      «Балапан» бөбектер бақшасының тәрбиешісі,
                                                                             Ақсу қаласы
Павлодар облысы.

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.