Педагогикалық ұжым төмендегі қарапайым ғана шындықты мойындаған кезде ғана, балабақша аймағы мейрімділік территориясына айналары сөзсіз. Ол – ешқашан өзіңді баладан жоғары қойма, өзіңнің қолыңнан келмейтін нәрсені баладан талап етпе! Осы бір шындықты түсінген кезде ғана, бала өзін тек тәрбие құралы ғана емес, ең қиын тапсырманы сеніп тапсыруға болатын сенімді серіктес ретінде сезінетін болады. Ең бастысы – балабақшаны тек оқу әлемі деп сезіну. Осындай мейірім мен сүйіспеншіліктің аймағы – біздің «Ақбота» балабақшасы. Сондай-ақ, ол мәңгілік балалық пен жастықтың ордасы. Балабақша бізге өз мүмкіндігімізді толық көрсетуге, баламен бірге балаша ойнауға, ойлауға, еркелеуге, қиял әлеміне шарықтауға, ертегілер еліне саяхат жасауға мүмкіндік береді. Біздің мамандығымыз – бұл біздің өмір жолымыз. Біздің балабақша – бұл бөлек әлем, гүлденген көгал. Балабақша бізді балада бар ең нәзік – баланың жан дүниесін сезінуге, аялауға, бағалауға үйретеді. Балабақша – баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуындағы ерекше орын алатын сатысы. Балабақшада балаға қажетті, сетінемейтін махаббат жібі бар.
Ұзақ жылдар жасағандығына қарамастан, балабақшаның әр кірпіші, әр бұрышы ешқашан ескірмейтін мейірім мен сүйіспеншіліктен тұрады. Балалардың шат күлкісі мен мейірімі ақын Фариза Оңғарсынова жырлағандай, «Үй жақсы ма, бақша ма?» деген сұраққа біздің балабақшаның әр бүлдіршіні қуана «бақша» деп жауап берері анық. Балалар – өмір гүлі. Ал, гүлдер ешқандай жасандылықсыз, шынайылықпен баптағанда ғана өседі.
Бойымыздағы бар білімімізді, асыл қасиеттерімізді періште көңіл бөбектерге арнай білсек, олардың жүрегіне жол тауып, өзіндік «мені» бар дәрежеге жеткізсек, Отанды, адамзатты сүюге тәрбиелесек – міне, сонда ғана біздің балабақшамыздың нағыз мейірім алаңына айналғанына куә боларымыз сөзсіз.
ШАРИПБЕКОВА Жадыра Манатовна,
Көктөбе ауылы
«Ақбота» бөбектер бақшасының
тәрбиешісі.
Май ауданы
Павлодар облысы