Home » Балабақша » Балабақша – ел ертеңін тәрбиелейтін алтын бесік

Балабақша – ел ертеңін тәрбиелейтін алтын бесік

 

        Қазақстан Республикасы президенті Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан — 2050 стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауына байланысты білім мен кәсіби машық – заманауи білім беру мәселелері жолға қойылып, жас ұрпақтың саналы да, сапалы білім алуы үшін елімізде көптеген балабақшалар бой көтерген болатын. Солардың бірі Атырау қаласы, Ақжар селосындағы 160 орындық №59 «Ақбөбек» балабақшасы облыс әкімінің арнайы қатысуымен 2012 жылы 12 желтоқсанда салтанатты түрде ашылған болатын.

       Балабақшамызда 18 тәрбиеші, 5 пән маманы, яғни 2 — саз жетекшісі, 1 — дене шынықтыру нұсқаушысы, 1 — орыс тілі маманы, 1 — ағылшын тілі маманы және педагог-психолог бала тәрбиесінде жұмыла жұмыстануда. Педагогтар жыл сайын «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығынан курстан өтіп, маман ретіндегі кәсібилік қабілеттерін арттырып тұрады. (Балабақшада 9 топта балалар тәлім-тәрбие алуда. 9 топ та қазіргі заман талабына сай жабдықталған.

         Балабақшамыз Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 13 мамырдағы №292 қаулысы бойынша бекітілген «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты» және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 12 тамыздағы №499 бұйрығымен бекітілген «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасын» басшылыққа ала отырып жұмыс жасайды. Бұл бағдарлама «Денсаулық», «Коммуникация», «Таным», «Шығармашылық», «Әлеумет» білім беру салаларын қамти отырып, балалардың жас ерекшеліктері бойынша олардың жан-жақты дамуына өз ықпалын тигізеді.

       Биыл, яғни 2017-2018 оқу жылына балабақша өз алдына 2 жылдық міндет қойып, сол бойынша жұмыс жасап жатыр:

  1. 1. «Балабақшада жаңа технологияларды қолдану аясын кеңейту».

Мақсатқа жету нәтижелері:

  • Оқу-тәрбие үрдісінде жаңа технологияларды (Монтессори, ойын, жобалау, триз, мнеомтехника, денсаулық сақтау технологиялары) жүйелі түрде қолдану;
  • Балалардың ұсақ қол моторикасын жетілдіру, қимыл-қозғалысын ұйымдастыру;
  • Ойын арқылы балалардың ойлау, шығармашылық қабілеттерін дамыту;
  • Балалардың байланыстырып сөйлеуін, сөздік қорларын жетілдіру;
  • Жобалық іс-әрекеттер, жоспарлар ұйымдастыру.

 

  1. «Мектеп жасына дейінгі балаларға ертегі терапиясын қолдану арқылы креативті ойлауын қалыптастыру»

Мақсатқа жету нәтижелері:

  • Ертегі терапиясын қолдану арқылы балаларды байланыстыра сөйлеуге үйрету;
  • Театрландырылған қойылымдар арқылы балалардың шығармашылық қабілеттерін жетілдіру;
  • Театр түрлері арқылы өнерге деген құштарлығын арттыру;
  • Ертегілер желісі бойынша балалардың креативті ойлауын қалыптастыру.

«Ұстаздық ету – уақыт ұту емес, өзгенің бақытын аялау, өзіңнің уақытыңды аямау. Бірақ бұған өкінбеу керек. Жер үстінде адам тәрбиелеуден асқан абыройлы іс, ардақты жұмыс жоқ. Ұстаздық – ұлы нәрсе» — деп, З.Қабдолов атамыз айтқандай, тәрбиешілеріміз әр уақытта ізденіп, балаларға мерекелік іс-шаралар, ертеңгіліктер, ашық ұйымдастырылған оқу қызметтерін, түрлі сайыстар өткізіп тұрады. Сонымен қатар республикалық қашықтықтан өтетін конкурстар ұйымдастырылып, балабақшамыздың көптеген тәрбиеленушілері өз үлестерін қосқан болатын.

Республикалық «Шабыт» әдістемелік орталығының қашықтықтан өткізген «Астана – арман қала» атты сурет сайысына қатысып, ортаңғы топтың тәрбиеленушілері Әміржанұлы Аян «Бас жүлде», Бағытжан Батыржан жүлделі «II орынмен» марапатталды. Мектепке дейінгі білім алушылардың арасында өткен «Фокус» республикалық қашықтықтан ұйымдастырылған «Мен және менің достарым» номинациясы бойынша ортаңғы топ тәрбиеленушісі Бақтығали Бекарыс I дәрежелі дипломмен, республикалық «Менің отбасым» атты фотосурет номинациясы бойынша Баубекқызы Айназ жүлделі I орынмен марапатталды. Бұл тәрбиенушілерді жақсы дәрежеде дайындағаны үшін тәрбиешілеріміз Шекетасова Ж.М. Суюнчалиева З.К. Тулеуова А.Ж. арнайы дипломдарға ие болды. Сонымен қатар «Пони», «Үркер» республикалық сайысқа қатысып, нәтижесінде Сағытжан Нурали, Саламат Хиуаз, Әлімжанұлы Айдос, Болат Әділ, Рахметжан Жұмабек, Бағытжан Арай, Арманқызы Сая жүлдегерлер атанды.

Бала тәрбиесінде әке мен шешенің мүмкіндігінше бірдей араласуы үшін отбасы тәрбиесін жоғары дәрежеде дұрыс жолға қою қажет. Осы мақсатта балабақшада ата-аналармен тығыз қарым-қатынасқа ерекше көңіл бөлінген. Ата-аналармен бірлесіп дөңгелек үстелдер, кеңестер, тренингтер, сайыстар, акциялар, іскерлік ойын, спорттық жарыстар т.б. ұйымдастырылып тұрады. Атап айтар болсақ: «Түрлі-түсті бантиктер» сайысы, «Ойна да ойла» сазды конкурсы, отбасы күні мерекесіне орай ұйымдастырылған «Жарасымды отбасы» атты отбасылық спорттық сайысқа қатысып, «Зинуллиндер отбасы» жүлделі I орынмен, «Кәрімжановтар отбасы» жүлделі II орынмен марапатталса, «Сергеевтер отбасы» жүлделі III орынды қанағат тұтты.

Ұлт тәрбиесі – ұлт болашағы. Білімді денсаулығы мықты азамат өсіру үшін, бірігіп, ынтымақтасып ат салысуымыз қажет.

Балабақша қабырғасында тәрбиеленген әрбір жас жеткіншек, ел болашағын өркендететін саналы ұрпақ – егеменді еліміздің ертеңгі болашағы.

Куанышева Гүлмира Хисметоллақызы  

               №59 «Ақбөбек» балабақшасының

                                 I санатты әдіскері,

Атырау қаласы, Ақжар селосы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.