«Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер –бүгінгі жас ұрпақ.
Ұстаздар оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде
болады.Сондықтан ұстазға жүктелген міндет ауыр»
Н.Ә.Назарбаев
Ұлт болып бірігіп, ел болып еңсемізді тіктеген кезде жұдырықтай жұмылып қолға алар ісіміздің бірегейі ол–ұрпақ тәрбиесі. Бұл жолда ата–анамен балабақшаның ынтымақтастығының рөлі орасан зор. Дүние есігін ашқан әрбір нәресте отбасында ата мен әженің, әке мен шешенің, бауырлардың махаббаты мен жылулық шапағатына бөленіп өседі. Отбасында берілетін тәрбие әр отбасында түрліше, өздерінің қалыптасқан отбасылық құндылықтары арқылы, үлкендердің өмір жолдары арқылы тәрбиеленеді. Ал білім беретін ұяларда жаңашылдық пен заманауилықты ұштастыра отырып, ел ертеңін тәрбиелеуге үлкен жауапкершілік танытылады. Осы орайда мектепке дейінгі білім беретін мекемелердің атқарар жұмысына өзгерістер енгізіліп, ішкі–сыртқы жүйесі түгелімен өзгертіліп жаңашыл ұрпақ тәрбиелейтін мекемеге айналуда. Бұл–дегеніміз, мектепке дейінгі мекеменің оқыту–тәрбие жүйелерін ғана қамтып қоймай, сол бөбекжай қызметкерлерінің түгелімен өзін–өзі жаңа бағытқа қарай кәсіби шеберлігін күнделікті ұштауын талап етеді. Бұл жолда балабақша қызметкерлері шығармашылықпен жұмыс істей алатын, педагогикалық қызметтің барлық түйткілді-түйткілсіз жақтарын зерттеп меңгеруге ынталы, өзінің ісін жетік меңгерген, кез келген жағдайда өзінің білімділігі, парасаттылығы, ақылдылығы, мәдениеттілігі, іскерлігі, шеберлігі арқылы шеше алатын педагог болуға тиісті. Сонда ғана балабақша қызметкерлері үшін балабақша ол бүлдіршіндердің келіп–кететін мекеніне, ал ата–аналар үшін балабақша өз жағдайларын жасап, баламыз жұмыс жасауға кедергі болмасын деген ниетте балаларын кешке дейін апарып тастайтын орынға айналмайды. Осындай көзқарастар қалыптаспас үшін балабақша жұмысының, ұжым ауызбіршілігінің мықты болуы керек.
Осындай теріс ойлар қалыптастырмас үшін талмай ізденіс үстінде жүретін мектепке дейінгі мекеме жүрегі іспеттес тәрбиешілерді айта аламын. Тәрбиеші бұл үлкен ыждағаттылық пен кең жүректілікті қажет ететін мамандық болған соң тәрбиеші болу кез-келгеннің қолынан келе бермейтін нәзік кәсіп иесі деп білеміз. Күнделікті сұранысқа ие қат мамандық болмағанмен, өмірге келген әрбір бүлдіршіннен ел азаматтарын тәрбиелеп шығару үшін қай кезде де қажет, ешқашан керектігі мен қажеттілігі жойылмайтын тұрақты мамандық деп білемін. Әрбір кішкентай ғана бүлдіршінді өмірге енді аяқ басқан сәтте көңілінің кілтін тауып, олардың тұлға болып қалыптасуына сүбелі үлес қосатын, ананың орнына ана бола білетін, аса сабырлықты, шыдамдылықты, жылулықты қажет ететін үлкен кәсіп иелері. Өйткені бұл мамандық иелерінің мойнына, ешнәрседен хабары жоқ, мыңдаған тарыдай ғана бүлдіршіндердің бойына білім нәрін сеуіп, тәрбие ұрығын егіп, таудай азамат етіп шығару міндеті жүктелген. Осындай міндеттерді арқалаған «Гүлсая» бөбекжай балабақшасының Абилкайрова Лаура, Умирбекова Кунсулу, Атағұлова Айзере, Сержанова Жібек сынды тәрбиешілер оз жұмысын жетік меңгере отырып, болашақта мұғалім, ғалым, заңгер,құрылысшы,кәсіпкер болып егемен еліне адал қызмет жасайтын, саналы да сапалы ұрпақ тәрбиелеуде. Негізінде баланың жаманы болмайды. Тек сол баланың көңілінің кілтін таба білу және оны аша білу керек. Сонымен қатар баланы тәрбиелеуде, тұлға болып қалыптасуына ата–анамен балабақша ынтымақтастығыда маңызды. Себебі отбасындағы тәрбие мен балабақшадағы тәрбиені ұштастыра отырып, әрі қарай жақсы жолға түсуіне себепкер болады. Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың. Осы орайда ата–анамен балабақша байланыса отырып бір –бірін толықтыра жұмыс жасау керек. Ата –ана ойында балабақша –тек балаға бас көз болып қарайтын, осы еңбектері үшін мемлекеттен жалақы алатын адамдардың жұмыс орны деп қарамау керек. Керісінше, бақша менің балама білмегенді үйретіп, жақсыны беріп, жаманнан жирендіретін, білімді де білікті мамандардың ордасы деп білуі керек. Ал мектепке дейінгі мекемедегі біз-сенімдерін ақтайтын, балаларын өздерінен де асқан жауапкершілікпен бала тәрбиесіне мән беретін–сенімді тұлғалардың мекені деп те баға беретіндей дәрежеге жеткізуімізкерек.
Балабақшада дұрыс тәлім–тәрбие бере алсақ, ол ертең мектепке барып саналы түрде сапалы білім алуға тырысады. Соның нәтижесінде елін сүйген азамат болып шығады. Баланың дамуының іргетасы –балабакшада қаланады.
Ашетаева Эльвира Есимханкызы,
Түркістан облысы ,Бәйдібек ауданы
Қосбұлақ ауылы «Гүлсая» бөбекжай
балабақшасы әдіскері