Бұл эссені жазарға отырмастан бұрын бірнеше күн ойландым. Шындығында, мен бұл мамандықты неге қаладым. Жанұямда көп баланың бірі болдым.Бала күнімде көрші қыздармен, жиен сіңілдеріммен ойнағанымызда мен апай болып, оларға ән айтқызып, баға қойып, шаштарын сәндеп, өргізіп, құмнан үй жасатып ойнататынмын. Өсе келе сыныптада белсенді оқушы болып, әр түрлі сайыстарға қатысып жүрдім. Ән салдым, би биледім,б ірнеше көрініске қатысып қөзге де түстім. Содан болар бала көңілім балабақшада Қоңырша апай сияқты апай болуға талпындырды. Бала күнгі ой-қиялымның шын жүзеге асатынына көзім жеткенде қуанғанымды көрсеңіз.
Сөйтіп жоғары оқу орынына түсіп бір қуанып, қалаған мамандығымның иесі атанып тағы қуандым. Алғаш балабақша табалдырығын аттағанда жанға жайлы жылылық пен балалардың шаттанып асыр салғанынан-ақ «Балабақшаның –бақыттың баспалдағы» екенін шын сезіндім. Осыдан түйгенім балауса шақта қиял қуып, армандап көрмеген жандар өмірде көп нәрседен құр қалады деген рас екен. Қазір өзімді баламен жұмыс істейтін, баланы щын жақсы көретін, нағыз қамқор тәрбиеші ретінде тани алдым. Себебі мен таңдаған мамандық шынайы махаббатқа толы. Мен жанымдағы балаларды анасындай жүрегіммен жақсы көремін, әр істеріне, қылықтарына сүйіспеншілікпен қараймын. Әр бала балабақшаға келгенде, өз үйіндегідей жылулықты, тәрбиеші апайынан өз анасындағыдай қамқорлықты сезінсе — ол тәрбиешінің еңбегінің нәтижесі.Осы сөзімнің айғағы әр жыл сайын тобымдағы балаларға Балабақшам базарлы үй,
Ауылдағы ажарлы үй.
Күлкісі бар шуақты,
Өз үйіміз сияқты- деген өлең жолдарын жаттатып, саналарына сіңіріп отырамын.
Иә, мен үшін балабақшада тәрбиеші болу-балалардың ортасында қарым-қатынас қуанышына кенелу. Әрбір баланың неге қабілетті екенін айқындап, оны болашаққа қарай дамытуға, жетілдіруге жол ашу.
Ол баланы тұлға деп қарап, оған деген сүйіспеншілікті жоғалтпау. Алдыңдағы әр баланы сүю басты міндетің. Егер баланы сүймесең оның жан дүниесін тани алмайсың.
Мен қалаған мамандықтың қиындығы мен қызығыда осы екен. Тәрбие баламен сөйлесумен, әңгімелесумен, оған ақыл берумен шектелмейтінін іс-тәжірибемде білдім. Қазір өткенге көз жүгіртсем, өзім қорқып кіріскен мамандығымның шын иесі атандым. Тобымдағы балалалар үшін күн болсам, олар мен үшін күннің шуағы секілді болды.
Алла қолдап мамандығымның ақ жолынан мүдірмей жүріп өтсем, менің биікке шыққандығым. Абай атамыздың
«Ақырын жүріп анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға»-деген қасиетті қағида менің ұстанымыма айналды. Мен өмірді сүйетін, гүлдендіретін, Егеменді еліміздің болашағын тәрбиелеп жатырмын. Мен қалаған мамандығымның қасиеті де, құдіреттілігіде осында деп ойлаймын.
Ақылбекова Шарбану Максутовна
«Ақбұлақ» балабақшасының тәрбиешісі
Қызылорда облысы, Арал ауданы
Шижаға елді мекені