Home » Мақалалар » Балабақшаға барғым келеді….

Балабақшаға барғым келеді….

Қай елде, қай кезде болмасын бала тәрбиесін ерекше дамытушы да, ілгері апарушы да – балалар, яғни бүгінгі ұрпақ – ертеңгі елдің болашағы. Шығыс ғұламасы Әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деген екен. Баланы өмірге бейімдеуде балабақша мен отбасы, ата-ана мен тәрбиеші және қоғамның орны ерекше. Осыған байланысты «Ақерке бөбекжай» КМҚК-да «Балабақшаға барғым келеді….» тақырыбында «Ана мен бала» ток-шоуы болып өтті. Ток шоуға ата-аналар мен педагогтар қатысты.

Бала – ата–ана өмірінің жалғасы. Баласын «бауыр ет» деп білетін қазақ үшін перзентінен қымбат дүние жоқ. Өмірде кемдік көрмесе екен деп қолынан келгенше қамқорлық жасайды. Толыққанды тәрбие беруді мақсат етеді.

Бала бес жасқа келгенше мінезінің тоқсан пайызын қалыптастырады деседі. Ендеше, қазіргі уақытта кішкентай балаға тәрбиені кім беріп жүр? Әрине, ата-анасы. Ал олар жұмыста жүргенде ше? Балабақша немесе бала күтуші. Отағасының табысы жетпегендіктен қазір жас аналар сәбиі бір не екі жасқа келгенде жұмысқа шығады. Ол үшін балаға жақсы қарайтын адам табу керек. Өйткені елдің бәріне бірдей балабақша кезегі келе бермейді. Осыған орай ток-шоу барысында «Балаңызды бөгде кісімен қалдырып көрдіңіз бе? Қалдырған жағдайда қандай сезімде болдыңыз?», «Балабақша таңдау кезінде алдыңызға қандай мақсат қойдыңыз? Тәрбиешілермен алдын-ала әңгімелесіп, балабақшаның жұмыс бағытымен және жоспарларымен таныс болдыңыз ба? Балаңыз неге қызығады?» «Сіз балаңыздың болашағын қалай елестетесіз?», «Ұрпақ тәрбиелеуде нені қолға алған жөн?» деген сұрақтар қойылып талқыланды. Ата-аналар өз ойларын ортаға салып, психолог, медбикеден кеңестер алды. Психолог Нұрбақыт Иманбайқызының өткізген тренингі қатысушыларға жақсы көңіл-күй сыйлады. Ток-шоуға қатысқан ата-аналар алғыстарын айтып, осындай шаралар жиі болып тұрса, ата-аналардың балабақша жұмысына деген қызығушылықтары арта түседі деген ұсыныстарын білдірді.

Бала тәрбиесі тек қана отбасының ғана емес, отбасы мен балабақшаның да мәселесі. Отбасы мен балабақшаның біріккен жұмысының нәтижесінде балаларымыз білімді де тәрбиелі болмақ. Бүлдіршіндеріміз аман, келешектері жарқын болсын дегіміз келеді.

 

Жылкыбаева Казына Оразалиевна

«Ақерке бөбекжай» КМҚК әдіскері

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.