Қазіргі таңда қоғамның алға қойған міндеттерінің ең негізгісі – еліміздің болашағы жас ұрпақты, бәсекеге қабілетті, ел тізгінін ұстауға лайық, саналы да білімді етіп тәрбиелеу. «Тәрбие басы тал бесіктен» — демекші, бүлдіршіндерді тәрбиелеу балабақша шаңырағынан басталатыны баршамызға аян. Ендеше болашағымыз саналар, өскелең ұрпаққа, өнегелі тәрбиені бойына дарытуда, балабақша қызметінің рөлі өте зор екені даусыз. Сондай ұлағатты тәрбие ошағының бірі Алматы қаласының Жетісу ауданында шағын ауданындағы №103 санаториялық бөбекжай-балабақшасы. Балабақша 1989 жылдан бері бой көтеріп, бүгінде ордалы бір мекемеге айналды. Биыл балабақшаның қызмет атқарып тұрғанына тура 30 жыл болыпты.Осындай ауқымды уақыт бойы істеп келе жатқан балабақшада 41 қызметкер ұжымы өздерінің ауызбіршілігімен, ізденімпаздығымен, шығармашылық еңбектерімен ата-аналар қауымының ыстық ықыласына бөленіп келеді. Балабақша 120 орынға арналған. Онда 6 қазақ тобы бар. Балабақшамызда әуен залы, психолог маманының кабинеті және 6 топ бөлмелерінің іші қазіргі заман талабына сай құралдарымен жабдықталған.Ойын алаңдары,топ бөлмелері, демалыс алаңдарының безендірілуі, бала мен тәрбиешінің оқу қызметінің қолайлы жағдай туғызуға бағытталған. Балабақша білім беру процесін ұйымдастыруда Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартымен, Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу жоспары және Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасын басшылыққа ала отырып оқу қызметтері өтеді. Балалардың оқып, тәрбие алуына барлық жағдай жасалған. Балабақшада 19 педагог маман жұмыс жасайды. Олардың ішінде 13 – жоғары білімді, 6 — арнайы орта білімді. «Бала жүрегі –кішкентай күй сандық. Ол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Тәрбиешінің қолында әр кезде сол кілт жүруі керек», деп М. Шаханов айтқандай біздің тәрбиешілеріміз балабақша бүлдіршіндерін тәрбиелеуге жан жылуын бере отырып, еңбек етіп жүрген жандар.Тәрбие жұмысы жан-жақты болуы заман талабы. Осыған сәйкес көптеген іс –шаралар, апталықтар, ертеңгіліктер, көрмелер, ашық ұйымдастырылған іс-әрекеттер, семинар-кеңестер әдіскер Муканова Надира Мажитовнаның бақылауымен өтіп отырады. Педагог-мамандар қалалық, облыстық семинарға-курстарға, әдістемелік бірлестіктерге қатысып, білімдерін жетілдіреді, тәжірибе алмасады. Тәрбиешілердің барлығы арнайы қайта даярлау курстарында білімдерін жетілдіру үстінде. Ақпарат құралдарында да ұйымдастырылған оқу қызметтері, мақалаларымыз, балабақша кітаптары жарық көруде. Балабақшада шығармашылық пен жұмыс істейтін озат тәрбиешілер де аз емес. Олар Тұрлыбекова Шархан Абдезовна, Игибаева Несипкуль Оспановна, Тұрсынбаева Қатира Ақылтайқызы, Абилашимова Күміс Дагашқызы, Сыдыканова Шынар Қадырмоллаевна, Сагинаева Гулжанар Мирзамадиновна. Жас тәрбиешілерге тәлімгерлер жан-жақты көмек беріп, үлгі-өнеге көрсетуде. Сонымен қатар жас тәрбиешілерге әдістемелік көмек көрсетіп, педагогикалық бағыт-бағдар беріп жүретін маман – әдіскер бүгінде балабақшадағы бүлдіршіндердің қабілетін, сабаққа қызығушылығын арттыру барысында нәтижелі жұмыстар жүргізуде. Сондықтан да бақша-тек балаға бас көз болып қарайтын, осы еңбектері үшін мемлекеттен жалақы алатын адамдардың жұмыс орны деп қарамау керек. Керісінше, бақша менің балама білмегенді үйретіп, жақсыны беріп, жаманнан жирендіретін, білімді де білікті мамандардың ордасы деп сонымен бірге балаларын өздерінен де асқан жауапкершілікпен бала тәрбиесіне мән беретін – сенімді тұлғалардың мекені деп те баға беретіндей дәрежеге жеткізуіміз керек. Егемен еліміздің мәңгілік болып, қазақ елінің мәңгі жасауы және «қазақ» атауының ешқашан өз тұғырынан түспеуі болашақ ұрпақтың қолында. Ал болашақ ұрпақты талапқа сай елжанды, ел мақтанышы етіп тәрбиелеуде-бақша өмірінің рөлі зор.
Сатыбалдиева Баян Жунисхановна
|