Home » Балабақша » Балабақшам – мақтанышым!

Балабақшам – мақтанышым!

«Болашақ ұрпағымызды тәрбиелегенде,

  оларға жастайынан жақсы қасиеттерді сіңіре

білсек, сонда ғана біз ұлттық рухы дамыған,

Отанның гүлденуіне өз үлесін қоса алатын

азамат өсіре аламыз»

Н.Ә.Назарбаев

Мәңгілік ел болып қалыптасу жолында ұрпаққа берілетін тәрбие Елбасымыздан бастап ойландырып-толғандыратын өзекті мәселелердің бірі екенін ешкім жоққа шығармайды. Дүние есігін ашқан әрбір нәресте отбасында ата мен әженің, әке мен шешенің, бауырлардың махаббаты мен жылулық шапағатына бөленіп өседі. Отбасында берілетін тәрбие әр отбасында түрліше, өздерінің қалыптасқан отбасылық құндылықтары арқылы, үлкендердің өмір жолдары арқылы тәрбиеленеді. Ал білім мен тәрбие беретін орындарда жаңашылдық пен заманауилықты ұштастыра отырып, ел ертеңін тәрбиелеуге үлкен жауапкершілік танытылады. Әрі қарай өмірдің өсу сатысында білім мен тәрбие ұйымдарында қалыптасқан бір ізділік жүйе арқылы өз көзқарастарын қалыптастырып, «Мен»-і танылып, жеке тұлға ретінде қоршаған ортада өз орындарын табады.

«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, тәрбиесіз берілген білім адамзатқа апат әкеледі» деген ғұлама ойшыл Әбу Насыр Әл-Фараби ойын әрбір ұстаз, әрбір ата-ана өздеріне қағида ретінде ұстанса құба-құп болар еді. Ал балабақшадағы тәрбие ата-анадан берілген тәрбиені жалғастырып жандандырады.

Мен Солтүстік Қазақстан Облысы, Петропавл қаласының «Алпамыс» бөбекжай бақшасында қызмет жасаймын.  Біз тәй-тәй басып келе жатқан жаңа жас балабақшамыз. Өйткені, біздің балабақша 2014 жылдың қаңтар айынан бастап жұмыс жасап жатыр. Мен аталмыш балабақшадан алғашқы қызметімді 2016 жылдың қыркүйек айында  бастадым. Балабақшаның тұсауы кесілгеннен бүгінгі күнге дейін Рамазанова Майра Насырқызы жетекшілік етеді.  Алғаш келген кезімде өзімнің әріптестерімнің ұйымшылдықтары, алға қойылған мақсат-міндеттің нәтижелі болуында бір-бірінің ойын толықтырып бір адамдай сөйлеуі, жас маман ретінде менімен тәжірибе бөлісулері,  қажет кезінде кеңес беруге ұмтылыстары мені өте қатты таңқалдырып қана қоймай менің ұжыммен тез арада тілтабысып сол ортаға бейімделуіме септігі тиді. Әрине ол жетекшіміздің талапшылдығы, жан-жақтылығы ұжымның ұйымшыл болуына әсер етпей қоймайды. «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған» біздің ұжым өте ұйымшыл. Оны Майра Насырқызының мұрындық болуымен өтетін ертеңгіліктерге, ұйымдастырылған оқу қызметіне, әр түрлі сайыстарға дайындық барысында әр педагог «бәрі бірі үшін» жұмылып күш жұмсап, барлығы ат салысып, қызмет жасау кезінде көруге болады.

Майра Насырқызы жастайынан білім саласына бет бұрып, тәрбиешілік лауазымынан бастап өз сатысымен, еңбегімен меңгеруші лауазымына көтерілген. Ол кісі  өзінің білім тәжірибесімен тәрбиеші және педагогтармен бөлісіп, тәлімгер ретінде қолдау көрсетеді. Біздің Майра Насырқызы басқарған «Алпамыс» бөбекжай бақшамызда бүгінгі таңда алпыс төрт балдырған төрт топта тәрбиеленуде. Балабақшамыздың тәрбие жұмыстары мемлекеттік тілде жүргізіледі. Біздің балабақшамызда тек қазақ балалары ғана тәрбиеленіп қоймай, сонымен қатар түрік, әзербайжан, орыс ұлтының балалары тәлім-тәрбие алуда.

Балабақшадағы педагогтардың ұйымшылдығы, тәртібі балаларды жақсы дағдыларға тез қалыптастырады. Себебі, балалардың тәртібіне педагогикалық әсер ету ғана емес, өзін  қоршаған ортаның жинақылығы, балабақшамыздағы жұмыстың дұрыс жолға қойылуы да тиімді әсер етеді.

Біздің «Алмапыс» бөбекжай бақшамыздың педагогтары мен тәрбиеленушілерінің жетістіктері:

  • «Ұлы дала ұрпақтары» республикалық фестивалінің қалалық кезеңінде «жезтаңдай әнші» наминациясының грант прии;
  • «Тілдердің үштұғырлылығы» мәдени жобасы аясында, балабақшалар арасында өткізілген «бала тілі – бал» атты облыстың байқауынан бірінші орын;
  • «Мисс еркетай – 2015» қалалық сұлу және өнерлі қыздар арасындағы сайысының «көрермендер көзайымы» наминациясы иегері;
  • «Үркер» халықаралық интелектуалдық клубының қола кубок иегері және тағы басқа көптеген сайыстардың жүлдегерлері.

Сонымен қатар «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясының бөлігі ретінде мектепке дейінгі балаларда патриоттық тәрбиенің дамуы» атты педагогтардың іс-тәжірибесінен жинақ шығарылды. Одан басқа педагогтардың бірнеше авторлық жинақтары бар.

Аз уақыт ішінде біраз жетістікке жетсек те, әрі қарай кәсіби маман жетекшіміздің бастауымен талай белесті бағындырып, бала тәрбиесіне үлкен үлесімізді қосамыз деп сенеміз. Саналы ұрпақ – ұлт болашағы. Ал сол саналы ұрпақты қалыптастырудың негізі – тәрбие мен білімде. Қазіргі таңда біз балаларды тәрбиелеу мен оларға білім беруді мақсат етіп, сол бағытты жүзеге асыруды қолға алып отырмыз.

«Берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле» дегендей, біздің бөбекжай бақшамызда атқарылып жатқан жұмыстарымыз, жетістіктеріміз, барлығы көпшіліктің, яғни, ұжымның, педагогтардың, ата-аналардың ауызбірлігінің арқасында. Әрқашан осы бірлігіміз жалғаса берсе екен деп тілейміз!

 

Қойшина Гаухар Маратқызы,
Солтүстік Қазақстан облысы,
Петропавл қаласы,»Алпамыс»бөбекжай бақшасы,
музыка жетекшісі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.