«Тәрбиешінің міндеті – балада шығармашылықтың қандай түріне ынта бар екенін тауып, сол ынтасын, сол түр туғызатын сұлулық сезімдерін өркендету» Мағжан Жұмабаев
Мектепке дейінгі ұйымда балалардың бейнелеу өнеріндегі шығармашылығын дамыту әрекеті оқу мен тәрбие үрдісі өзара тығыз байланысты жүргізілгенде ғана жүзеге асады. Балаларды бейнелеу өнерінің әдіс-тәсілдеріне үйрету – эстетикалық тәрбиенің ең басты міндеті болып есептеледі.
Бала ес біле бастағаннан-ақ өзі жете түсінбес жарқын, тартымды нәрсенің бәріне ұмтыла бастайды, мәселен, жылтыраған ойыншықтарды, әдемі гүлдер мен заттарды көрсе қуанады. Осының бәрі оның рахаттану, қызығу сезімін туғызады. Жиі ән, ертегі тыңдап, суреттерді қараған балалардың өнері қуаныш сезімдерінің қайнар көзіне айналады. Эстетикалық тәрбие алған балалар жарқын, әсем атаулының бәріне жәй ғана ұмтылып қана қоймай, сұлулықты жан дүниесімен қабылдайтын болады. Бейнелеу өнері балалардың эстетикалық сезімін, көркемдік талғамын оятып, шығармашылық қиялын дамыту үрдісін белгілі жүйеде көрсетеді. Бейнелеу әрекеті үрдісінде балалар бірқатар іскерліктер мен дағдыларды меңгереді, заттар мен қоршаған әлем құбылысын талдауға үйренеді. Шығармашылық – бүкіл тіршілік көзі. Адам баласының сөйлей бастаған кезінен бастап, бүгінгі күнге дейін жетістіктері – шығармашылықтың нәтижесі. Әр жас ұрпақ өзіне дейінгі ұрпақтың қол жеткізген жетістіктерін меңгеріп қана қоймай, өз іс-әрекетінде сол жетістіктерді жаңа жағдайға бейімдей, жетілдіре отырып, барлық салада таңғажайып табыстарға қол жеткізеді. Бейнелеу өнерінде балалардың сурет салуға, өнерді қабылдауы тұрғысынан білім деңгейлерінің әр сатылы болуына байланысты сурет салуға мүмкіншіліктерін анықтай отырып, сапалы білім беру қажет. Тәрбиеші баланың сұлулықты қабылдауынан бастап, оған эмоциялық жауап қату, оны түсіну, эстетикалық ұғым, эстетикалық пікір, эстетикалық баға беру қасиетін қалыптастыруға дейін жетелеп отыруы тиіс.
Көрнекті педагогтар К.Д. Ушинский, Ы. Алтынсарин, А.С. Макаренко шығармаларында қабілеттерді дамытудың жолдары қарастырылса, бала шығармашылығына бағыт-бағдар беруді ең алғаш білім мазмұнына енгізген М. Жұмабаев болатын.
Бейнелеу өнері – көркемдік талғам қалыптастырудың өзекті құралы ретінде баланы өз халқының эстетикалық мұраларын игеруіне, халық өнерінің айшықты туындыларынан ләззат алуға, рухани дамуына және халық талантын қастерлеуге, сүйе білуге баулиды.
Мектепке дейінгі кезеңнен шығармашыл тұлғаны қалыптастыруда бейнелеу өнері әрекетінің орны ерекше. Мектеп жасына дейінгі балалардың ең сүйікті әрекеттері сурет салу, мүсіндеу, жапсыру кезінде заттар мен құбылыстар туралы түсінігі қалыптасып, көркемдеп бейнелеуге және өзінің сол затқа қатынасын жаңа оймен бере білуге дағдыланады. Мектепке дейінгі кезеңдегі шығармашылық қабілеттің дамуы мектеп жасына дейінгі балаларда бейнелеу өнерінде пішін және бояуды сәйкестендірудің басқа жолын іздеуі. Көркемдік шығармашылық әрекет баланы көңілсіз жағдайдан шығарып, жүйкеге түскен салмақты түсіріп, эмоциональды көңіл-күй туғызады. Сондықтан балабақшада баланың басты әрекеті ретінде бейнелеу өнерін енгізген маңызды болып саналады. Бала сурет сала, қия және желімдей келе, бірінші кезекте өзі үшін субъективті жаңа бұйымды алады. Бала үшін мұның маңызы зор. Балалар суретшілер тәрізді жасамаса да, мектепке дейінгі кезеңде бірнеше көркем бейнені жасай алады. Осының өзі оның жеке тұлға болып дамуында із қалдырып, нағыз шығармашылықтың тәжірибесін меңгеріп, оны болашақта пайдалана білетіндей болады.
Балалардың бейнелеу шығармашылығы – баланың қоршаған ортадағы шынайылықты суреттеуі, мүсіндеуі, құрастыруы, өзінің бақылағандарын, қиялындағыны бейнелеуі. Қоршаған ортамен таныстыру арқылы баланың түсінігі мен білімін кеңейту шығармашылығын дамытудағы негізгі қорек болып табылады. Мектеп жасына дейінгі балаларды зейін қойып бақылауға, қарауға үйрету, нақты және толық түсінік алуға көмектеседі. Мысалы: ағаштың суретін салу үшін, оны қарау, бөліктерін ажырату, атай білуі, жыл мезгілдеріне байланысты өзгерістерін көре алуы және сипаттай білуі керек.
Мектеп жасына дейінгі балалардың шығармашылығының бірінші белгісі: қоршаған орта заттары мен объектісімен таныстыруда тәрбиеші оның негізгі пішініне, салыстыруға, ұқсастығын ажыратуға үйретеді. Сол себептен бала бір заттың түрліше пішінін, суретін салуда, мүсіндеуде және жапсыруда басқаша бейнелеудің амалын меңгереді.
Мектепке дейінгі балаларда болатын шығармашылықтың екінші белгісі – затқа жаңа қызмет беруі. Баланың затпен әрекетінде байқалатын құбылыс, бір затты екінші заттың орынбасары ретінде қолданып, қиялында таза образын жасап алуы. Сол сияқты бейнелеу әрекетінде де көз алдына елестету арқылы жаңа бейнелер құрастырады. Бала сурет салуда бейнелеу іс-әрекеті арқылы жас ерекшелігіне сай, қоршаған ортаны өзінің бейнелеу тәсілдерімен суреттеуге талпынады.
ТРИЗ технологиясы – Сурет салудағы тиімді әдістеме болып табылады.
ТРИЗ- Ойлап табу теориясының міндеттері.
ТРИЗ- балалардың неғұрлым ерте логикалық және абстракты ойлау қабілетін, қиялын дамытып, зейін қоюға үйретеді.
ТРИЗ-шілердің ұраны- «Ойдағының бәрін айтуға болады», сондықтан балалар өздері ойлап тауып, өз ойларын жасқанбай айтып, жеткізуге тырысады.
ТРИЗ-ді ойлап тапқан Генрих Саулович Альтшулер болып есептеледі.
Балалардың бейнелеу өнеріне деген қызығушылығын арттыруда, бейнелерге қызықты да, әдеттен тыс сипат беруге үйретуде сурет салудың триз әдістері (үрлеу арқылы сурет салу және жіп графикасы, картоп бастырмасы, саусақпен, далаппен, ермексазбен сурет салу) енгізілді. Бейнелеу өнерінің бұл әдістерін енгізу барысында балалар өздері ойлап, өздерін шығармашыл тұлға ретінде сезінетіндіктерін байқауға болады. Мұнда балалар өз қабілеттерін көрсетуге толық мүмкіндік ала отырып, өз жұмыстарының нәтижесін көріп, қол жеткізген жетістіктерін сезінеді. Ұжымдық жұмыстар ұйымдастыру кезінде балалар жауапкершілікке, өзара көмекке, өзіне және құрдастарына деген сенімділікке, серіктік қатынасқа тәрбиеленеді.
Шығармашылық ықпал кез келген міндеттерді шешуде педагогтық бейнелеу техникасының ерекше, дәстүрден тыс жолдарын, шешімнің көптеген нұсқалары мен тәсілдерін көрсеткен кезде ғана туындайды.
Триз әдістерін қолданудың бір ерекшелігі – балалар нәтижеге тез қол жеткізеді. Мысалы, әр бала үшін саусақпен сурет салу, өз алақанының таңбасымен сурет салу, қағаз бетінде бояу тамызып, оны үрлеп сиқырлы бейнелерге айналдыру – өте қызықты.
Триз әдістері:
— Бастырма әдісімен сурет салу үшін әр түрлі заттарды қолданып көруге болады. Мысалы: поролон, бөтелке тығыны, жапырақтар, сәбіз, картоп. Картоптан әр түрлі пішіндер жасап алып, оны бояуға батырып, бейнелерге айналдыруға болады.
— Монотипия әдісі-суреттің симметриялы бейнесі:
- альбом парағын көз мөлшермен екіге бөлу;
- бір бөлігіне бояу жағу;
- содан соң қағазды бүктеу.
Бояу кепкен соң екіге бүктелген қағаздағы бейнені қиып алуға болады. Бір немесе бірнеше бояуды бірден қолдану әдісі гүл, ағаш, көбелек бейнелеуде ыңғайлы.
— Балауыз әдісі арқылы салынған сурет біріншіден көрінбейді, тек қағаздың бетінде түрлі-түсті бояулар жағылған соң бейне пайда болады.
- балауыз шаммен ақ қағазға сурет салу (ағаш, үй, балық, құс, жануарлар бейнесі);
- қылқаламмен, мақта немесе поролонмен бейненің үстінен бастыра бояу;
- Картон арқылы сурет салу әдісі:
- қатты қағаздан шаршы, тіктөртбұрыш пішіндерді қиып алу;
- картон қағазды бояуға батырып түрлі көріністерді (ағаш, үй, құс, т.б) салуға болады.
— Сия тамшысы әдісі арқылы түсті өзгертуге, жаңа тамшылар түсіруге, оларды қоршап, аяқтауға, әр түрлі бағытта жүргізілген сызық, нүктелерді пайдаланып тамшының пішінін өзгертуге болады. Тамшыға қарап одан қандай да бір бейне көреміз. Бұл баланың қиялы мен ойлау қабілетінің дамуына әсер етеді.
- сия тамшысын қағазға түсіру, неге ұқсайтынын табу, қосымша бөлшектерін бейнелеу;
- сия тамшысын қағазға түсіру, қағазды көтеріп немесе бүгіңкіреп субояқты тамызып, сиқырлы бейнеге айналдыру;
— Ұжымдық жұмыс әдісі:
- балалар екі шағын топқа (4-5бала) бөлінеді;
- бір тақырып белгіленеді (Отбасы, балабақша, т.б);
- белгі берілгенде әр топтан 1-бала 40-50 сек. сурет салады, белгіден кейін келесі бала сурет салады, осылайша шеңбер бойымен айналып, сурет салу кезегі 1-балаға келеді;
- соңында балалар өз суреттері туралы әңгімелейді, суреттер бағаланады.
— Саусақпен сурет салу — алақанмен, табанмен бейнелеудің тағы бір тамаша әдісі.
- Балаларға алақан немесе саусаққа әр түсті бояу жағу арқылы заттың суретін салу ұсынылады:
- бояу жайпақ табаққа, суды кішкентай құмыраға құйылып дайындалады;
- әр саусақты бір түсті бояуға батырып, қағазға түсіріп болған соң құмырадағы суға жуып, қағаз сүлгімен сүртіп отырады;
- қосымша далапты, көз бояуын пайдалануға болады;
— Айна арқылы сурет салу әдісі:
- бала айнаға қарсы отырады;
- өз бейнесін айнаға қарап, бақылап әңгімелейді;
- өз бейнесіне қарап, қағаз бетінде бейнелейді;
— Дымқыл қағазға сурет салу:
- дымқыл қағазға салынған мазмұнды суреттер әсерлі бейнеленеді
- баланы қағаз бетін сәл дымқылдай білуге үйрету қажет;
- дымқылдау үшін мақтаны аздап суға батырып, қағаз бетіне жағу қажет;
- енді дымқыл қағаз бетіне тез сурет салып шығуы қажет;
(«Тұмандағы қала», «Менің түсім», «Жаңбыр жауып тұр», т.б)
— Умаждалған қағазбен сурет салу әдісі:
- алдымен негізгі бет, палитраға керекті қоюланған гуашь бояуының түстерін, умаждалған бірнеше қағаз бөліктері дайындалады;
- бала умаждалған қағазды бояуға батырып сурет салады, әр түске батырған сайын қағаз бөлігін ауыстырады;
Мектепке дейінгі түрлі жастағы топтарда бейнелеу өнерінің өткізілуі сабақтарда балалар шығармашылығын дамыту үшін оқып үйретудің сан-алуан әдістері және ең алдымен балалар дербестігін, белсенділігін, өмір құбылысын көркемдік тұрғысынан қабылдау әрқашанда дара, әрі таңдамалы болады. Оның негізіне әсемдікке эмоция білдіру жатады. Бала әрқашанда табиғаттағы, заттық дүниедегі, өнердегі әсемдікке, адамдардың мейірбан сезіміне үн қосады. Мұның өзіне сәбидің басынан кешкен қуанышының, талпынысының, толғанысының маңызы зор деп білеміз.
«Баланың икемділігі мен дарынының қайнар көзі-оның саусағының ұшында» деп В.А.Сухомлинский айтқандай, баяндамамды қорытындылай келе айтарым: мектеп жасына дейінгі оқыту үрдісінде бейнелеу өнері жұмыстарында жаңа технологияларды тиімді қолданып, балалардың шығармашылық қабілетін одан әрі жетілдіру керек деп ойлаймын.
Калканова Журсин Союновна
№15 «Әлия» балабақшасының әдіскері,
Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы