Қоғам әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қарқынды дамыған сайын ата-аналардың балабақшаға деген сұранысы арта түсетіні ақиқат. Өйткені бәскеге толы жаһанданған заманда әрбір саналы адам өз баласының сан түрлі өнерлі, білімді, салауатты өмір салтын ұстанатын абыройлы азамат болуын мақсат тұтады. Сондықтан болар кішкентай балалардың сүйікті ордасына айналған балабақшаның ата-аналары ұл-қыздарымен бірлесіп мекемедегі қызықты іс-шараларға қатысуға ниетті. Осындай үлкен бастамалардың бірі Жамбыл облысы Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімінің №41 «Айналайын» балабақшасы мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнында мамырдың 5 күні өткен «Толағай» ата-аналар эстафеталық жарысы.
Бұл іс-шараның мақсаты ата-ана мен балабақша арасындағы байланысты нығайтып, салауатты өмір салтын сақтауға тәрбиелеу. Түрлі ойындар арқылы ата-аналардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, денсаулықтарын шынықтыру. Спорттық салтанатты жиында ата-аналар екі топқа бөлініп, 8 түрлі қызығы мен шыжығы мол турлардан өтіп, сайысқа түсті. Аталған мекемеде өткен спорттық байқауға баға берген меңгеруші Ж.Ш.Абдухалықова мен балабақшадағы кәсіподақ төрайымы А.О.Сағындықова, және де тәрбиеші Н.С.Түзелбаева қара қылды қақ жаратын әділ-қазы алқасы деуге болады. «Кім күшті», «көздеу», «кім жылдам», «кенгуру», «айналмақ», «құрсаудан-құрсауға», «аспазшы», «арқан-тарту» атты сындарға барлық күш жігерімен қатысқан ата-аналар музыканың сүйемелдеуімен денелерін шынықтырып, көңілді қайтты. Байқау нәтижесінде жеңген топтың ата-аналары эстафетаны ұйымдастырған балабақша меңгерушісі Ж.Ш.Абдухалықоваға, әдіскер мен тәрбиешілерге алғыстарын жаудырды.
P.S. Тараз қаласындағы бұл эстафетаға қатысқан №41 «Айналайын» балабақша тәрбиеленушілерінің ата-аналары спортқа деген қызығушылықтарымен балаларына үлгі болып, 1941 -1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне тағзым етті.
Жансая Құрманғалиқызы,
Тараз қаласы,
«Білім айнасы»