«Ел боламын десең, бесігіңді түзе. Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып — көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!» (Н. Назарбаев).
Міне, егемендігімізді жариялап, тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге қаншама жылдар өтті. Бұл ғасырлар бойы қазақ халқының аңсаған арманы еді.
Тәуелсіздік – ұлттық тілдің, дәстүрдің, салт-сананың мызғымас тірегі, күші, алтын діңгегі, халықтың бақ жұлдызы. Тәуелді қазақ жерінен қазіргі тәуелсіз Қазақстанға көз тіксек, қаншалықты керемет, гүлдей жайнаған жерге айналғанын көре аламыз. Елбасының бастауымен қазақ халқы әлемге танылды.
Еңселі еліміздің ертеңі біздің қолымызда және де бар үмітіміз өскелең ұрпақта. Әрине, тәрбие бастауы балабақшадан демекші, бүлдіршіндерді Отанымызды сүюге, еліміздің рәміздерін қастерлеуге, елін, жерін, тілін, тарихын құрметтейтін жаны таза, адамгершілігі мол азаматты қалыптастыруға, патриоттық тәрбие беруге тәрбиелеу – біздің міндетіміз. Осы мақсатта, «№3 «Ертөстік» бала бақшасы» МКҚК Тәуелсіздік мерекесіне орай «Алдар Көседе қонақта» атты ойын бағдарламасы ұйымдастырылды.
Балалар ұлттық ойындар ойнап, өлең-тақпақтар айтып, тапсырмалар орындап, би билеп кешті қызықты өткізді, есте қаларлықтай әсер алды. Тәрбиешілер де әр түрлі рөлдерді ойнап, өздерінің әртістік шеберліктерін көрсетті. Өзге ұлт өкілдерінің балалары басым балабақшаларда осындай ұлттық тәрбие беретін шаралардың өткізілуі өте маңызды деп ойлаймын.
Жарқын болашаққа қадам басып келе жатқан халқымыз үшін Тәуелсіздігіміз мәңгі жасай берсін!
Абдульманова Айтжамал Туякбаевна,
«№3 «Ертөстік» бала бақшасы» МКҚК,
Қазақ тілі мұғалімі