Шатыр тікті сары алтын, шартараптың бәрі алтын демекші, күзгі мереке байқауы барлық балабақшада әдеттегідей аталып өтіледі. Бұл мерекеге барлық балалар шынайы ықыласымен дайындалып, өз өнерлерін көрсетіп ата-наларын да мәз-мейрам тететіндігі тағы бар. Міне, Жамбыл облысы, Тараз қаласының мектепке дейінгі мекемелеріне қарасты №45 «Балбұлақ» балалар бөбекжай бақшасында да осындай әдемі мереке өтті.
«Берекелі алтын күз» атты мерекелік іс-шара Тараз қаласындағы №45 «Балбұлақ» бөбекжай бақшасының «Күншуақ» атты ерсектер тобында өтті. Бұл іс-шараның мақсаты – табиғаттың күз мезгіліндегі өзгерістері жайлы балалардың білімдерін кеңейту, күз мезгілінің берекесі туралы балаларға түсінік беріп, оларды еңбекқорлыққа тәрбиелеу. Ең әуелі мерекелік жиында балалар әуезді әуенмен залға кіріп, хормен күз туралы әнді әдемі орындады.
«Жапырақтар» биін билеген кішкентай қыздар өз өнерлерін көрсетіп, жиналған жұртты таң қалдырды. Ал тәрбиешілер күз бейнесі мен қоян, түлкі кейпінде балаларды күлкіге бөледі. «Күншуақ» тобының тәрбиешісі Мумеева Салтанат аталған іс-шараға барлық балалардың атсалысуына мұрындық болып, жүргізушілік әрі педагогикалық қабілетінің жоғары екендігін көрсетіп, ата-аналардың ризашылығына бөленді. Адия, Фариза, Шерхан, Мағжан, Гүлім, Ислам, Сабыржан, Інжу сынды қыз және ұл балалар өз өнерлерімен педагог және ата-аналар қауымын тәнті етті. Мерекелік жиын соңында аталмыш балабақша әдіскері А.Әзімбаева сөз сөйлеп, балаларды мерекесімен құттықтады.
Жансая Құрманғалиқызы,
Тараз қаласы,
«Білім айнасы»