Балабақша — бұл әр баланың өміріндегі маңызды кезеңі. Осы жерден баланың әрі қарай дамуына көз жеткізе аламыз. Көптеген жаңа нәрселерге үйренеді, басқа балалармен тіл табыса бастайды. Және мектепке дайындалады. Бақытты, уайымсыз балалық шақтары, алғашқы достары, алғашқы жетістіктері осы балабақшаның ішінде өтеді. Сондықтан да балабақша – бұл әр адамның өміріндегі қайта өткізгісі келетін кезеңі. Ал тәрбиешілер – баланың жан дүниесі, жақсы мен жаманды ажыратқызатын, оған әрдайым қолдау көрсететін адам. Негізі балабақшаны сәбидің екінші үйі, екінші отбасы дей алар едім. Өйткені осы жерде тамақтанады, ойнайды, ұйықтайды, әр-түрлі қызықты оқиғаларға тап болады. Ал тәрбиешісіне анасындай еркелейді, тыңдайды, кей кезде әңгімелерін де айтады. Қыс мезгілінде қар атысып, шанамен сырғанақ тебеді. Беттері қып-қызыл болып, тіпті тоңғанын да сезбейтін кездері болады. Ал жаз мезгілінде арнайы ойыншықтарымен құмда ойнайды. Кей кезде балалардың бір-бірімен ренжісіп, немесе бір ойыншыққа таласып қалатын кездері де болады. Алайда тәрбиешінің арқасында бір-бірін кешіріп, әрі қарай ойынға басады. Әрине, бала жүрегі пәк болғандықтан, олар ұзақ уақыт ренжісіп жүрмейді ғой. Балаға кішкентай кезінен жақсы жаққа жол көрсетсең, соншалықты баланың тәрбиелі, ақылды болып өсуіне кепілдік алуға болады. Өмірде өз орнын табады, өзі секілді жақсы адамдарға жолыға бастайды. Балабақша табалдырығына кішкентай, әлі ештеңе білмейтін сәби болып кіріп, ол жерден көп нәрсеге үйреніп, мектепке үлкен дайындықпен шығады.
Габдуллина Нурия Мұстафаевна,
БҚО, Орал қаласы, №50 ‘’Заңғар’’ балабақшасы