Home » Балабақша » Балабақшадан бастау алған ұлттық тәрбие

Балабақшадан бастау алған ұлттық тәрбие

Еліміздің ертеңгі болашағы балаларға ұлттық тәрбие беру – басты міндетіміз. Демек, ұлттық тәлім-тәрбиенің басты мақсаты – адамгершілік, бауырмалдық, қайырымдылық, туысқандық, әдептілік, әдемілік болып табылады. Балабақша – бала тұлғасын қалыптастырып, білім нәрінің бастау алатын алғашқы білім ошағы. Балаларды балабақшадан бастап ақылдылыққа, алғыр ойға, тілдік шешендікке, ісмерлікке баулу – ұлттық тәрбиенің басты мақсаты.

Бүгінгі таңда тәуелсіз еліміздің ұлттық тәрбиесін білім бағдарламасына ендіре отырып, әр білім үрдісіне оның тәрбие  көздерінің бірі – ол, салт-дәстүр, әдет-ғұрып нақыштарын тәрбие мен білімнің бастауы ретінде оқыту жағын негіздеу өте орынды.

Балабақша қоры ұлттық болмыспен қамтамасыз етілуі шарт. Яғни, ұлттық ойындар ойнатылып, ұлттық ертегілер, ұлттық ойыншықтармен, тіпті ұлт тіліндегі тәрбиелік маңызы зор мультфильмдердің көрсетілуі талап етуі қажет.

Біздің де  балалар мекемесіндегі  қызметкерлері жоғарыда аталып өткен ұлттық үрдістерді оқу іс-әрекет барысында, серуен уақытында, ойын іс-әрекеттерінде үнемі пайдаланып, баланы ұлтжанды етіп тәрбиелеуге, өз үлестерін  қосып келе жатқан бірден-бір балабақша. Жыл сайын дәстүрлі түрде наурыз айында «Қош келдің, Наурыз, жеріме» атты іс-шара өткізіледі. Сол шара барысында ересек топтар арасында «Салт-дәстүрім  —  алтын қазынам» атты іш шара өткізіліп, ұлттық дәстүрді арқау етіп, ата-баба тарихын тереңірек таныту мақсатында өтеді.

«Бесікке салу», «Тұсау кесер» сияқты салт-дәстүрлерді балалар өздері сахналап, оның мәні мен мағынасын түсінуге тырысады.

Мектеп жасына дейінгі баланы тәрбиелеуде ұлттық ойынның алатын орны ерекше. Бала ойын арқылы шапшаңдыққа, тапқырлыққа, мергендікке, еңбексүйгіштікке үйренеді.

Осы мақсатта балалар арасында «Көкпар», «Қыз қуу», «Бес асық», «Арқан тартыс», «Тақия тастамақ», «Бәйге», «Теңге алу» сияқты ұлттық ойындар ойнатылып, балалар қызығушылықпен қатысады.

Халықтық педагогиканың бір саласы баланы шешендікке, ісмерлікке, адамгершілікке тәрбиелеу болып табылады, осы орайда балабақша топтарында «Ұлттық бұрыштар» жасақталып, онда ұлттық бұйымдар мен ұлттық киімдер жинақталады, ұлттық қолөнерді насихаттау мақсатында «Шебер қолдар» атты көрмелер ұйымдастырылады. Бұл көрменің мақсаты ата-аналар жасаған ұлттық бұйымдарды балаларға таныстыру.

Оқу іс-әрекеттерде мақал-мәтелдер, жұмбақтар мен жаңылтпаштарды қолдану арқылы халықтық педагогика насихатталады.

Балалар «Кел, ән шырқайық» деген шараны ортаға салады. Осындай іс- шаралар арқылы баланың тілі мен ой өрісі дамып, қызығушылығы қалыптасады.

Ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру, туған халқының тілін қастерлейтін саналы да парасатты азамат етіп тәрбилеу мақсатында «Тілім менің  — тірегім» атты апталық ұйымдастырылады.

Апталық барысында ересек топтар арасында «Тіл – халық қазынасы» «Ана тілім – дана тілім» атты интеллектуалды іс шаралар өткіземін.

II сәбилер тобы мен ортаңғы топтарда тіл дамытудан ашық оқу іс- әрекеттері өткізіледі.

Ұлттық тәрбиенің негізі отбасында қаланып, балабақшада әрі қарай жалғасын табады. Сондықтан баланы тәрбиелеу, дамыту және білім беруде отбасы мен балабақша өзара тығыз байланыста болуы тиіс. Біздің балабақшада да бұл іс-әрекет дәстүрге айналған. Ата-аналар бала тәрбиесіне бағытталған іс- шараларға белсенді түрде зор қызығушылықпен қатысады. Сондай іс- шаралардың бірі «Отбасымен бірге» атты ұлттық ойындардан эстафета жүргізіледі. Рухани адамгершілік тәрбиені бала бойына сіңіруде күнделікті оқу іс-әрекеттерінде, іс-шараларда ғажайып сәттерде ұлттық кейіпкерлер Ару ана, Қыдыр ата, Қожанасыр, Тазша бала, Алдар көсе, Қаңбақ шалдың рөлдерін сомдау болып табылады.

Балабақша тәрбиесінде баланың ынтасын өсіру, ой-өрісін дамытуда халықтық педагогика элементтерін көбірек пайдаланып, жаңартып отырса, бала тәрбиесі өз жемісін берері анық.

Сондықтан халқымыздың рухани құндылықтарын, салт-дәстүрлерімізді, тілімізді, дінімізді, мәдениетімізді жас буынға дәріптеу, оны ұрпақтан-ұрпаққа айтып жеткізіп отыру біздің басты міндетіміз.

 

Қостанай облысы                                      

 Рудный қ.әкімдігінің №6  балабақшасының

қазақ тілі пәнінің мұғалімі Муржакупова З.К. 

 

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.