Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы Аслан Бақыткалиев грэплингтен өткен әлем чемпионатында қола медалді жеңіп алды. Әзербайжан астанасы Бакуде 8-9 қарашада ұйымдастырылған жарыс жасөспірімдер, жастар және ардагерлер арасында өтті.
Жас спортшы жасөспірімдер арасында 53 келіде бақ сынасып, екі кездесу өткізген.
- Менің салмақ дәрежемде 10 спортшы болдық. Алғашқы кездесуде әзірбайжан спортшысы Гейдар Хагвердилиді (Heydar HAGVERDILI) ұттым. Ал жартылай финалда ресейлік Темірлан Қараочевпен кездестім. Бірақ ұрыс мен үшін сәтсіз болды, — дейді Аслан.
Айта кету керек, Аслан грэплингпен өткен жылдан айналыса бастаған. Оның қызығушылығы «Lions Fight club» спортшылары өз мүмкіндіктерін теңіз жағалауында таныстырғаннан кейін пайда болған.
- Бапкерім Ислам Долгатов ерекше қызығушылығымды байқап, жарыстарға дайындай бастады. Маған қолдау білдірген ата-анама, бапкеріме, мектебіме алғысым шексіз. Бұдан да биік белестерді бағындыруға тырысамын, — дейді қола жүлдегер.
Аталған жарысқа Қазақстаннан 120 спортшы аттанды. Оның 19-ы маңғыстаулық. Жалпы есеп бойынша маңғыстаулық боксшылар 3 алтын, 1 күміс, 6 қола медальмен оралды.
Ақтау қаласындағы
химия-биология бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің
баспасөз қызметі