«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі»
(халық даналығы)
Мақсаты: Ата – аналар арасында жағымды қарым – қатынас орнату, сыйластықты арттыру, отбасында балаға жақсы тәрбие беруіне ықпал жасау.
Тренинг ережесі: Сенімділік, Сыйластық, Жақын араласу
Барысы: Ата – аналар шеңбер жасай тұрады.
Көрнекілігі: үлкен ақ жүрек, кішкене қызыл жүрекшелер, бала тәрбиесіне байланысты ұлағатты сөздер жазылған плакаттар, шарлар.
Адамның өмірдегі ең қымбаттысы, көз қуанышы – бала. Бала – дербес тұлға. Оның бойындағы табиғи қасиеттер, адамгершілік құндылықтары отбасында, балабақшада, мектепте, әлеуметтік ортада нәрленеді, толысып, әрленеді. Барлық бала жақсы мен жаман әдеттерді өзі өскен шаңырақтан үйренеді. Егер отбасында ата-аналар өзара жақсы қарым-қатынаста болса перзенттері де әдепті, тәрбиелі болып өседі.
Шаттық шеңбері: «Өрмекшінің торы» атты танысу тренингі.
Тренингін мақсатында сіздермен танысу, өзімнің атым-жөні мен жақсы қасиеттерін айтып және бір-бірімен жақсы қарым –қатынаста болуын білдіреді. Келесі адамға жіпті лақтырамын. Осылайша кезектесіп жіпті бір-біріңізге бересіздер. Енді сіз алдыңыздағы адамның аты мен жақсы қасиеттерін айта отырып, кері қайтарып бересіздер.
Ал, енді бәріміз мына үлкен ақ жүрекке назар аударайықшы. Ол тірі емес, біз қазір оған жан береміз. Ол үшін мына кішкене қызыл жүрекшелерге сіздер балаға деген бір ақ тілектеріңізді жазып, мына тақтадағы үлкен ақ жүрекке әкеліп, ақ тілектеріңізді оқи отырып, жапсырайық. Қараңыздаршы, ол біздің көз алдымызда тірілді. Бұл біздің топтың жүрегі, ол тренинг барысында үнемі дүрсілдеп тұрады. Бәріміздің жүрегіміз «бала» деп соғады. Осы ақ жүрегімізден шыққан тілектерді жаңа барлығымыз естідік. Балаға деген тілегімізді, жүрегімізді бір арнаға тоғыстырды. Осы жүрек сияқты әрбір ата-ананың жүрегі де бала тәрбиесінде, өз баласының әрбір жаңа атқан таңы үшін елжіреп, алаңдап тұрады.
І-жаттығу: «Біздің топтың жүрегі».
ІІ-жаттығу: «Балаңыз туралы не білесіз?»
Қатысушылар шеңбер құрып тұрады. Доп беру арқылы ата-ана қойылған сұрақтарға ойланбастан жауап береді.
Балаңыздың ең жақын досы кім?
2. Балаңыздың сүйікті асы қандай?
3. Балаңыздың туған күні қашан?
4. Балаңыздың аяқ киім өлшемі қанша?
5. Балаңыздың парталас көршісі кім?
6. Балаңызды қандай сөзбен еркелетесіз?
7. Балаңызға ренжігенде ең алғаш аузыңызға оралатын сөз?
8. Балаңыздың сүйікті ойыны қандай?
9. Балаңыз кімді үлгі тұтады?
10. Балаңыздың ең жақын досының әкесі кім?
11. Балаңызға бір күнде қанша уақыт бөлесіз?
12. Балаңыздың сүйікті түсі қандай?
13. Балаңыздың топ жетекшісі кім?
14. Балаңыз спорттың қандай түрін ұнатады?
Қорытындылау. «Тілек шамы»
Отбасы, ұшқан ұя – жылылықтың, жылулықтың мекені. «Отбасы» атауының мәніне терең үңілер болсақ, оттың да үлкен маңызы бар екенін сеземіз. Сондықтан оттың басы, ошағымыздың түтіні түзу болу үшін «Тілек шамы» жаттығуын бір-бірімізге тілек айта отырып жүргізейік. Бір-бірімізге мына шамды бере отырып, бүгінгі кездесуден алған әсерлеріңізбен бөлісіп, тренинг барысында айта алмай қалған ойларыңыз болса, айтып кетулеріңізге болады.
Бактыбаева Зауре,
Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы
№ 9 «Бәйтерек» балабақшасы МКҚК,
педагог-психологы