Ауылға жолым түскен сайын көрші-қолаңды түгендеп шығамын. Арамызға үй түспеген көршіміз бар, ері – аузынан сөзді сұрап алатын адам. Ал, әйелі – өзіне «антоним», сампылдап сөйлей береді. Қашан көрсең, жайдары жүреді. Көшенің, ауылдың әңгімесін қойып, көрші ауылдың да, аудан, қаланың да жаңалығын содан естимін. Тіпті облыстағы шенеуніктердің орынтағы мен міндеттеріне дейін өте жақсы біледі. Күйеуі мен екеуі қара таудың етегіне киіз үй тігіп, малдың соңында нәпақасын тауып жүр. Екі күннің бірінде «таудан келдік» деп отырады.
Бір күні жазғы еңбек демалысымды алып, ауылға тарттым. Көрші әйел үйге жеті шелпек тарата келіпті. Сол баяғы аңқылдап: «Қыз келіпті ғой. Амансың ба? Қала қалай? Күн көріп жүрсің бе?» – деп, тоқтаусыз сөйлеп қауышты. Шелпегін алып тұрып: «Бүгін бейсенбі ме еді, жұма ма еді?» – деппін, демалыста күнді ұмытып. Орындыққа ақырын жайғасты да: «Бүгін ұлымның қайтқан күні еді ғой», – деді күрсініп. Мен оның мұңайғанын алғаш рет көрдім. Иә, әрдайым қуанып жүретін адамның да көңілінде бір кірбің болады екен. «Е, жатқан жері жайлы болсын, тие берсін!» – деп, шелпегінен үзіп ауыз тидім де, шай қойдым.
Шай қайнатым үнсіздіктен кейін көрші әйел бұрынғыдай емес, бөлек әңгіменің жібін ағытты: «Күйеуге ақылым кірер-кірмес кезде тидім. Оң мен солымды ажыратып болмадым. Отбасылық өмірді қалай бастасаң, солай болады екен. Осы күнде ойласам, төрт бала тапқаннан кейін де ақылым кіріңкіремепті. Бесінші рет тағы көтердім, жұрттың бәрі ала дорба арқалап кеткен кез ғой. Онан екі ұл, екі қыз болған да әдемі көрінді, шалалығымнан шығар. Жұп болған жақсы дедім, әйтеуір сол бойыма біткен бесіншіні алдыртып тастадым. Есімді жиған соң бір-ақ білдім, ұл екен. Ол кезде соншалық бір қылп еткен сезім болған жоқ, өміріміз бірқалыпты өтіп жатты. Балалар өсті, алды мектеп бітіретін жасқа жетті. Сөйтіп жүргенде екі ұлым мінген мотоцикл аударылды. Бес бала болған. Барлығы дін аман, тек менің екі ұлым ес-түссіз жатты. Құдайға жалбарындым, бірақ ол екінші ұлымды өзіне қайтарып алды. Бұл – кезіндегі менің ісіме берген жауабы еді. Мен Құдайдың берген бір ұлын қолдан қайтарғаныма сол сәтте барып өкіндім. Қазақ «кең болсаң, кем болмайсың» дейді ғой, қарапайым ғана сөз сияқты. Түк те мән бермейміз. Шын мәнінде мен кең болмағанымнан кем болып қалдым», – деді, сырғанаған жасын сүртіп. Ой қорытып отырып: «Әпке, сөзіңіз аузыңызда, көрдіңіз ғой өзіңіз де, мұнан былай шынымен де кең болсаңыз, Құдай кем қылмайды. Шүкір деңізші, бір ұлыңыз аман ғой», – дедім жұбатқан болып.
Жақында шешеме қоңыраулатып: «Ауыл-ел аман ба? Қандай жаңалықтарың бар?» – деп сұрадым. Дауысы жарқын-жарқын шығып: «Әй, мына көршіміздің ұлы үйленді, сүрленіп кете ме деп шешесі уайымдап жүр еді. Теңін тауып, шаңырағы шаттыққа толды. Ал, көршіміздің қуанышында шек жоқ», – деді. Сүрініп барып, сабақ алған сол әйелдің бақытына соншалық қуанғанымды білсеңіз ғой. Әне, көңілі кем болмағаннан ғой, жанұясы тағы бір жанға көбейді.
Бағымызды басқа теуіп, байлықтан бас тартпайықшы: бала деген – байлық қой.
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ