Home » Білім және өнер » Бидің биігінен көрінген бишілер

Бидің биігінен көрінген бишілер

Ежелден-ақ ата-бабамыз ән мен жырды ардақ тұтып, күмбірлеген күйге молынан мән берген.Ұл-қызын жастайынан қасиетті өнерге баулитын қазақтың биді де ерекше бағалауы тегін емес. Би — музыкалық ырғаққа сай дене қимылымен көрсетілетін өнер. Сахнада мың бұралған бишілердің биіне қарап отырып,сұлулық пен әсемдікті сезінесің.Би қойылымында қимыл,музыка, және бишінің сыртқы ажары бір-бірімен байланыста болуы керек.Осы үш тұтастық бірдей көркемдің жоғары деңгейде орындалса,бидің сахналық образының құндылығын көруге болады.Сонымен қоса,би- адам баласына эстетикалық ләззат сыйлауымен құнды.Ал,өткенге көз жүгіртсек, негізінен ұлттық билеріміз — әрбір ұлттың мәдениетінен,тұрмыс салтынан хабар беретін керемет өнер туындылары. Жуырда өңіріміздегі өнерпаздарды қалың жұртшылыққа танытуды көздеп және өз халқының және өзге халықтардың мәдениетін танып білуге бағыттауымен қоса,Павлодар облысының 80жылдығы мен Астана қаласының 20жылдығына орай«Қазақстандағы халық билері» атты аудандық кезеңінің байқауы Аққулы ауданының мәдениет үйінде болып өтті. Нәзік қимыл,әдемі әрекетті,сұлу қозғалысты басшылыққа ұстанған байқауға ауданымыздың 16 мектебінің өнерпаздары қатысып, бақтарын сынады. Шебер қимылдың тылсым күшін шебер жеткізіп, тәнті ете білген Павлодар облысы, Лебяжі ауданы Бекмұрат Уахатов атындағы орта мектебінің «Әдемі»  би тобы бұл байқауға «Өзбек халқының биін»биледі. Сахнаны жарқыратып, ұлттық бидің терең тамырына бойлай билеген қыздар, осы бір ұлы өнердің қасиетін қажетінше ұлықтауға тырысып,екінші орынды еншіледі. Десек те, олар біз үшін бірінші орын иегерлері. Себебі, еңбексүйгіш, төзімі темір,тұнып тұрған таланттардан жасақталған «Әдемі» би тобымен бірнеше жыл аянбай еңбек етіп, бишілеріміздің шабытына шырай келтіріп, бос уақыттарын тиісті деңгейде тиімді пайдаланып, жетекшілік жасап келе жатқан әріптесіміз Кабдуллина Күлзипа Бекахметқызының жұмысы белсенді.
Бидің биігінен көрінген бишілерімізге тамсанбаған адам болмады.Тал бойларынан бір мін табылмайтын биші арулардың өмірге деген көзқарасы да,өзіндік ой-пікірі де, батылдық пен қайсарлықтары бар екендіктері жеңістерінен-ақ белгілі. Шәкірттеріміз ынтымақ жүрген жерде, ырыс бірге жүретіндігін дәлелдегені, үкілеген ақ үмітімізді ақтағаны – біздің ұжым үшін зор қуаныш.

                                                                

А.С. Исагалиева,
Павлодар облысы,
Лебяжі ауданы, Мерғалым ауылы,
Б.Уахатов атындағы орта мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.