Home » Жаңалықтар » Аңызға айналған ерліктер ескірмейді

Аңызға айналған ерліктер ескірмейді

 «Ауған соғысы ХХ ғасырдағы ең сұрапыл соғыстардың бірі. «Не үшін?» және «кім үшін?» болғаны түсініксіз күйінде қалып келе жатқан бұл зұлматта 15 мыңнан аса кеңес сарбазы, соның ішінде, 924 қазақстандық жауынгерлер қыршынынан қиылды.
Сол замандағы бәрімізге ортақ отанның алдындағы азаматтық борышын қанымен өтеп кеткен бұл боздақтар бүгінгі күнде де еске алынып, жаңа ұрпақтың жадында сақталуға толық құқылы». Дәл осындай сөздермен бүгін Алматы қаласы, Жетісу ауданына қарасты №57 жалпы білім беретін мектептің директоры Жайлыбаева Ботагөз Утеповна   мектеп оқушыларының ауған соғысы ардагерлеріне және Ауғанстаннан әскердің шығарылуы күніне   арнап қойған кештің шымылдығын ашты. Аталмыш шара Жетісу аудандық білім бөлімінің жоспарына сай ұйымдастырылған.
Кешке қонақ ретінде ҚР «Координаторлар Кеңесінің» төрағасының орынбасары, Алматы қаласы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Перминов.А.П., ауған соғысының ардагерлері – Харлов Ю.А., Абдуллаев А.И., Усеинов А.Б. қатысып, оқушылардың өздеріне арнап қойған концерттік бағдарламаларын тамашалады. От пен оқтың ортасында етігімен су кешкен ардагерлерге арналған кешке мектеп оқушыларының жоғары деңгейде дайындалғандығы сөздеріндегі сенімділік пен көздеріндегі оттан анық байқалды.
Атап айтқанда, 4Г сынып оқушысы Элина Пактың орындауындағы «Дала» өлеңі, 7Б сынып оқушыларының әдеби-музыкалық композициясы кешке көркемдік сыйласа, 2А және 4Б сынып оқушыларының «Шайқастар арасында» атты қойылымдары, 9Б сынып оқушыларының «Біз кетеміз» атты музықалық номерлері және басқа да оқушылардың әуезді әндері мен әдемі қойылымдары ардагерлер мен көпшілік көрерменнің көңілін тебірентті.
Өз кезегінде ардагерлеріміз, оқушыларға тамаша көңіл-күй мен жылылық сыйлағаны үшін иіліп рахмет айтты әрі мұндай қасіреттер енді қайталанбаса екен деген адал ниеттерін білдіре кетті. Ауған соғысы тарихтың қанмен жазылған беттерінің бірі.
Ол жерде отан үшін жанын қиған ерлер рухы ұмытылмауы тиіс. Бүгінгі мектеп оқушыларының кеші олардың ұмытылмағандығының анық айғағы іспетті болды.

 

 

Дінмұхамед МҰХАМЕТЖАН,
«Білім айнасы»

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.