Home » Ашық сабақтар » Аңшы Нұр

Аңшы Нұр

С.У. Азанова

Маңғыстау гуманитарлық колледжінің

тарих пәнінің оқытушысы

Сабақтың мақсаты:

Маңғыстау жұртшылығына кеңінен танымал тұлға, аты аңызға айналған аңшы Нұр Оңдағанұлы туралы айта отырып ел алғысымен көгерген ер, жамбасы тигенше ата мекенінің аң-құсының жаршысы болып өткенін кеңірек әңгімелеу мен өлкенің жан-жануарлар дүниесін, жергілікті тұрғындардың салт-дәстүрі мен этнографиялық ерекшеліктерін бағалау мақсатында түсіндіру.

Дамытушылық: оқушыларды өлке тарихынан хабардар болуға дағдыландыру мен туған жердің табиғи байлықтарын қорғауға, ел мүддесі келешек ұрпақ байлығы аманат екенін білуге дағдыландыру7

Тәрбиелік мәні: оқушының өздігінен ізденуге және оларға «Мәдени мұра» бағдарламасы негізінде ел байлығы, табиғат байлығы өз байлығымыз екенін бүгінгі ұрпақтың көкірегінде орын тапқан аясы-табиғатына мысқылдай да болса сүйіспеншілік, құрмет, жауапкешілікке, аталар рухына тағзым сезімін ояту мақсатында түсінік беріп тәрбиелеу.

Сабақтың көрнекілігі: Маңғыстау картасы интерактивті тақта, суреттер.

Сабақтың түрі: аралас сабақ.

Сабақтың әдісі: әңгімелеу, түсіндіру.

Сабақтың пән аралық байланысы: өлке тарихы, география, биология.

Сабақтың барысы:

Ұйымдастыру кезеңі.

Жаңа сабақ жоспары:

  • Н.Оңдағанұлы туралы не білеміз.
  • Ол аңшылық, саятшылық өнерін халқына танытқан.
  • Маңғыстаудың салт-дәстүрі, этнографиялық ерекшеліктерін халқына жеткізген.
  • Әңгімелеу.
  • Нұр Оңдағанұлы 1895 жылы Маңғыстау түбегінің «Кендірлі» аймағында дүниеге келген, білім алуға мүмкіндік болмаған үйренумен намаз сабағын білген, өмір бойына ораза, намазын ұстау парызынан айырылған жоқ. 1978 жылы наурыз айының 11 жұлдызы күні бақилық болды.
  • Өмірі Маңғыстау түбегінің әр жерлерінде аңшылық, көрік ұстаған-ұсталық, балықшылық кәсіппен айналысумен өтті.
  • 1941-1942 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып жараланып оралған.
  • Аңшылық киелі өнер деп түсінетін ел оның маңында небір халықтық салт-дәстүрлердің игі нышанын, ырым,жол, жоралғыларын да қалыптастырған. Ең алдымен, аңшылық-мәрттіктің бір көрнісі. Аңшы жаратылысында сахи, жомарт адам болған. Ең соңғы асым етін қонағының алдына тартқан. Аңшының олжалы сапары сапары туралы қошуақтанып айтқанын қызыға тыңдайтын тыңдаушы оны ешуақытта жалған айттыға қимайды. Аңшының аңшысы аса, тас сөйлеуге ешқашан бармайды. Жолынан жаңылған аңшының жолы болып жарытпайды дегенде, негізінен аңшының алған аңын байлауы сыйлауы меңзеледі. Келін түскен шаңыраққа қасқыр терісін байлау-келін ұл тапсын деген тілектің белгісі. Жас немереге арқардың оңқай асығын ұстау да игі тілек.
  • Жас босанған келінді арқар етімен қалжалау — нағыз жомарттық. Таулы Маңғыстауда «Ер құны»дейтін хош иісті шөп «Киік оты» дейтін шөптердің емдік қасиеттері өте жоғары. Қазақ« құс жаманы – құладын» дейді оның еті сынықтың бірден-бір емі. Өкпе туберкулез ауруларына сарыүйек жыланның еті — ем. Сарыүйек жыланның құйрығы ұсталған жерден үзіледі, үзілген құйрықты таз баланын басына тартса тез жазылып шаш шығады дейді қазақ емшілері. Жылан етіне талғаған ананың туған баласы батыр, жаужүрек болады. Қанжығасына бөктерілген аңды ұшырасқан бейтаныс жолаушыға байлау-сақилық. Аң терілерінен: арқар терісін илеп, бөстек жасаған, қарақұйрық терісін мес, шанаш ретінде пайдаланған. Шоқай, шарық тіккен. Арқар мүйізінен зергерлер мәнерлеп саптыаяқ, шақша соққан. Үй төріне сәндік үшін, әрі пәле-жаладан, тіл-көзден сақтайтын киелі тұмар ретінде ілген.
  • Ерте кезде киік мүйізі шірімей ұзақ сақталғандығына орай, кеме құрылысында шеге ретінде пайдаланылған. Шеберлер одан ұзатылған қыздың отауының шаңырағы артылған түйенің мұрындығын, қамшының сабын жонған. «Аң атасы-құлан» құланды етімен қоса өте бағалы терісі үшін аулаған. Одан етік, кебіс тіккен. «Омқа тұрғызу» деп мергеннің қарауылына ілінген әр мыңыншы аңды айтады. Ол әдеттегідей емес, мойнымен жерге қадалып, омқасынан тұрып жан тапсырады-мыс. Мерген одан соң тоқталуы керек. Мылтығын ауыстырып, әруақтарға садақа береді. Тек тәңірі аян берсе ғана, аңшылығын онан әрі жалғастырып әкетуі керек. Маңғыстауда бергі аңшыдан Нұр ата мерген үш рет омқа тұрғызды деседі. Нұр атаның негізгі харекеті-ұсталық болғандықтан өзі көрік, қақпан, сүймен, ұялар, пышақ, кездік, қырықтық, мосы, т.б. өз қолымен істеген. Жүгірген аңды аулау құралының бірі қақпан: оның түрлері «темір қақпан», «көн қақпан», «жер қақпан». Маңғыстаудың боз даласындағы құстар көн қақпанға түсетін: шіл, қарабауыр, жек, т.б. Аранның қарақұйрық, киік,арқарға арналған түрлері де Маңғыстауда ұшырасады. Маңғыстауда тастан қоршалған арандар көптеп сақталған. Аңның шағылыс уақыты — қарашаның ортасы. Ел аңның шатылысын «матау алу» дейді. Нағыз мерген «мен аң аттым» деп салдырламайды. «Мен оқ шығардым» дейді екен.

Көне ұсталық құралдардың аттары:

  • Қож– ұсталардың көмір салатын қалағы.
  • Ілдіргі – тоқымашының құралы (ағаш, сүйек, темір)
  • Шот– ағаш шабатын құрал.
  • Нәскүрік– ағашты тегістеп жонатын құрал.
  • Іскенже– темірді қысып тұратын бұрама ауызды құрал.
  • Үй– иленетін терінің жүнін түсіретін ащы сұйық.
  • Ақсақ темір– бір аяғы ұзын, бір аяғы қысқа циркуль тәрізді өлшеуіш әрі ою салатын құрал.
  • Бақауыз– темірді соққанда ұстайтын тіссіз
  • Көземел ине– жасуы үлкен ине.
  • Инелік– ау тоқитын құрал.
  • Тебен– қалың бұйымдар (текмет, киіз) тігетін үлкен әрі жуан
  • Сүргі– терінің көк етін алатын құрал.
  • Кескір– темір кесетін құрал.
  • Көрік– ұстаның шоқ үрлейтін құралы.
  1. Ойын кезеңдері: Ұшқыр ойдан ұтымды жауап (сұрақ оқылады қол көтеріп жауап береміз).
  2. Аң терілерінен нелер жасаған.
  3. Қақпанның түрлерін ата.
  4. Омқа тұрғызу дегенді түсіндір.
  5. Матау алу дегеніміз не?
  6. Аран қандай аңдарға арналған.

6.Таулы Маңғыстауда өсетін шөптерді ата.

  1. Адасқан әріптерді сәйкестендіру. Нақыл сөз шығады.
  2. Ж Р О А Н К Қ О Е Ә К ­Ө Г Е Р Н,\әке көрген оқ жонар\ ,
  3. Е І Ң Ш А И П Т А, \аң еті шипа \ ,
  4. Р А Е Ң Ж Ы Д М А Т А П Е Р Н Г Д Е Ы Й

\аңды мерген атпайды,жер атады\.

  1. Кім жылдам
  2. Арқар мүйізінен нелер жасады?
  3. Құлан терісінен нелер жасады?
  4. Киік мүйізінен нелер жасады?
  5. Сарыүйек жыланның еті неге ем?
  6. Сарыүйек жыланның үзілген құйрығы неге ем?
  7. Аңшы шаңыраққа қасқыр терісін неге байлаған?
  8. Ер құны мен Киік оты шөптері неге ем?

Қортынды:

Қазақстанда кездесетін 163 жабайы аңның 44-і Маңғыстау обылысында. 150 құс түрі мекендейді немесе маусымдық кезде аялдайды. Аңның 9 түрі, құстың 44 түрі Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген. Қыр төсінде жорытқан аща тұяқты аң мен еті жеуге жарамды қанаттылардың қаншасы адамның ашкөздігінің құрбаны болып жатыр. Маңғыстау жұртшылығына кеңінен танымал тұлға аты аңызға айналған аңшы Нұр Оңдағанұлы жайлы деректерді әңгімесінің түп қазығы ете отырып, өлкенің жан-жануарлар дүниесі жайлы көпке белгісіз мағлұматтарға, жергілікті тұрғындардың салт-дәстүріндегі көптеген этнографиялық ерекшеліктерге кеңінен тоқталдық. Осыларды қамти келе қоршаған ортамыздың бүгінгі күйкі халіне қатты алаңдаушылық білдіріп бүгінгі ұрпақтың көңілінде көптеген көмескі тартып бара жатқан аңшылық, саятшылық өнерімізд танып, қоршаған ортаға деген халықтық қадыр-қасиетті қалпына келтіруге атсалысайық..

  • Бағалау
  • Үй тапсырмасы;
  • Маңғыстауда қандай аңдар мен құстар бар екенін дәптерге жазып олардың емдік қасиеттерін көрсетіңдер.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.