Астана қаласы әкімдігінің №48 «Ақ көгершін» балабақшасында рухани жаңғыру аясында ұйымдастырылған қалалық семинар өтті. Халқымыздың ұлы перзенті Ы.Алтынсарин өзінің еңбектерінде «бала тәрбиесі оның табиғат ортасымен, халқының салт-дәстүрі рухында тәрбиеленетін болса, оның сана сезімінің дамып жетілуі де ұлты мен халқына қызмет ететін, көкірегі ояу, сауатты азаматтар болып өседі деген екен.
Тұңғыш ұстазымыздың қанатты сөзіне сүйене отырып сәуір айының 18-жұлдызында астаналық №48 «Ақ көгершін» балабақшасын басқарып отырған меңгеруші У.Сабиеваның басшылығымен балабақша ұжымы серіктес қалалық балабақша педагогтерімен іс-тәжірибе бөлісу негізінде «Ұлттық салт-дәстүрлер арқылы бала бойында экологиялық сананы қалыптастыру» атты қалалық семинар өткізді. Семинардың негізігі мақсаты өскелең ұрпаққа ұлттық рухани сана-сезім ұғымын түсіндіре отырып, экологиялық тәрбие беру.
Аталмыш семинар жұмысына «Астана дарыны» дарындылықты дамыту және психологиялық сүйемелдеу орталығының директоры М.Құрманбаева, ҚР Ұлттық академиялық кітапхананың Ғылым, менеджмент және маркетинг қызметінің жетекшісі С.Назырова, ҚР Мәдениет қайраткері, балалар жазушысы Т.Абдрайым және Астана қаласы балабақшаларының меңгерушілері қатысып, өз ой-пікірлерімен және жаңашыл идеяларымен бөлісті.
Семинар аясында эксперимент аланың жетекші — тәрбиешісі А.Билтеева білімі мен кәсіби шеберлігін заманауи инновациялық технологиялары негізінде, жаңашылдығымен ұштастыра отырып, балаларға табиғат туралы түсінік беріп, құмды қолмен ұстап, құмға су құйып көріп, құмның қасиетін зерттеп, «Қызыл телпек пен қасқырдың ормандағы шеберханасы» атты авторлық зертханалық оқу қызметін көрсетті.
Бала бойында экологиялық тәрбие негізін қалауда, ұлттық салт-дәстүр элементтерін қолдану арқылы халқымыздың рухани байлығын сіңірте отырып, ата дәстүрін ардақтауға тәрбиелеу мақсатында, мектеп алды даярлық тобының тәжірибелі, жоғарғы санатты тәрбиешілері А.Ахметова мен Ж.Науанова «Ауыз әдебиеті көркем ойдың үздігі, салт-дәстүрім таусылмайтын байлығым» және «Ұлттық дәстүрім-мақтанышым» ашық оқу қызметі бойынша озық іс-тәжірибе шеберлік сағатын өткізді.
Лаура Серікқызы,
«Ақ көгершін» балабақшасының әдіскері