Home » Жаңалықтар » Ақ жол, Қазақ Бас Сәулет Құрылыс Академия түлегі!

Ақ жол, Қазақ Бас Сәулет Құрылыс Академия түлегі!

   Жыл сайын түлектерімізге жоғарғы оқу орнын бітіргенін растайтын куәлік, яғни диплом тапсыратын салтанатты жиында міндетті түрде үш тілек айтамыз. Біріншіден, Қазақстан экономикасының қозғаушы күштерінің бірі cаналатын құрылыс саласында рухани бай, білімді,  Президентіміз айтқандай үш тілді жетік меңгерген азамат бол дейміз. Сосын өсірген ата-ана, білімге баулыған ұстаздарын қадірлеп, үмітімізді ақтауға шақырамыз. Үшіншіден, еліміздің, академиямыздың  атын паш етіп, биіктен көрініп жүрсін деп тілек білдіреміз.

Өмірде өлшенбейтін іс – жасқа, студентке берген білімің, мейірімің, қамқор пейілің. Ол – болашақ. Болашақтың бүр жарған сабағына құйған білім нәрің мәңгілік. Осынау мәңгілік борышты ауырсынбай, аянбай, өзімнің адамгершілік парызым, қала берді адамдық қамқорлығым деп түсінген біз-оқытушылар қауымы түлектерімізге-нақты маман иелеріне сәт сапар тілеп отырмыз. Міне тағы бір оқу жылы аяқталып, біздің жалпы құрылыс  факультетін екі жүзден астам түлек бітіріп шықты.  Төрт  жыл бойы тәрбие мен білім нәрін бойына құйып, ұстаздарына анасындай еркелеп, жастық шақтарын оқумен, үйренумен өткізген жас түлектердің «альма-матерімен», бірінші курстан бастап өмір заңдарына дейін үйреткен оқытушыларымен, ғылымымен, білімімен сусыздандырған ақсақалды профессорларымен қоштасар сәтте айтылмай қалған өсиет бардай, бұйырмай қалған тілек бардай осы жүрек жарды әңгімемізді тағы бір қағаз жүзіне түсіргіміз келді-ақ.

Осы алған білімдеріңмен көтерілесіңдер, 2018  жылдың түлектері, біз сендерді «Стр-14» дедік, мысалы сүйікті Стр-14-7 оқу тобының студенттерін  өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс технологиясы саласы бойынша білімге баулыдық, бакалаврлық төртжылдықта сызылатын сызу мен оған сәйкес шығарылатын күрделі есептерден тұратын курстық жұмыстарды уақтылы орындауды талап еттік. Бір жағынан қиын іс болып көрінгенімен, екінші жағынан дәл осы есептерді шығару арқылы ғана сендер білікті маман болудың негізін қалайтындықтарыңа сендірдік. Техникалық мамандықтың гуманитарлықтан айырмашылығы  өткен сабақтарыңды қалт жібермей, үтір, нүктесіне дейін жазып, жаттап, бастарыңа сіңіріп отыруларыңды қадағаладық. Осылайша  білім берген ұстаздарыңнан бойларыңа білім толтырып, ізгі сөздерінен ес кірді ойларыңа. Сендерге қалдырамыз жақсы кеңес-мұраны, білімдіге тап келсең – үлгі тұтып жүр оны, күнде барып біліп ал білімін де, бабын да, өр мінезді тастағын, оған қатты табын да демекпіз. Білімдінің сөзі адамға ауадай қажет: оқуы бар ердің қайыры бар,  білім малы жоққа – түгесілмес мал, қаржысы жоққа – таусылмас қаржы деп тағы қайталамақпыз.

Қайда жүрсеңдер де, қайда болсаңдар да, қанша жасқа  келсеңдер де бір-бірлеріңді ұмытпаңдар.  Сендерге алдағы уақытта тек қана сәттілік тән болсын, дендерің сау болсын, жетістіктерге қол жеткізіңдер, өмірден өз орындарыңды адаспай табыңдар! Бәрің де ақ жолмен аппақ көгершін-армандарыңа сүрінбей жетіңдер! Енді сендерді алда өмірдің сан тарау жолдары күтіп тұр. Сол жолда әрқайсысың бақыт үшін, өмірден лайықты орын алу үшін күресіңдер.  Жоғары оқу орнын тәмамдап, студенттік дәуірді қызықты өткізіп, абыроймен бітіріп шықтыңдар. Құрылысшы деген асқақ мамандықты таңдаған екенсіңдер, соның жолында мықты маман, кәсіпқойы бола біліңдер. Студенттік өмір артта қалды, алдыңда күтіп тұрған жаңа өмірдің баспалдақтарынан сүрінбей өте берулеріңді тілейміз. Ел ертеңі, ақылына білімі сай тәуелсіз елдің жастары – Сендерсіңдер. Сондықтан да жауапкершілікті терең сезініп, әрқашан сенім биігінен шыға білулеріңе тілектеспіз.

Төрт жылдық студенттік өмірлеріңді қорытындыласақ, әуелі білімділікке ие болдыңдар: өзін тануға, белгілі бір жағдайдан шығу жолдарын анықтауға, жауапты шешім қабылдауға өз шешімінің нәтижесін бағалауға дайын болуға, студенттік өмірдің мәнді қырларын, қиындықтарын дұрыс түсінуге, жағдаяттардан шыға білуді үйрендіңдер.
Екіншіден,  дамытушылық пайда болды: өзара қарым – қатынас жасау қасиеттерің қалыптасты. Студентермен өзара жақын танысу, олардың байқампаздығын, белсенділіктерін, шығармашылығын дамытуға ат  салыстыңдар. Үшіншіден, тәрбиелік жолдан өттіңдер:
мәдени және шығармашылық жұмыстарға қатысу, тұлға мен қоғамды қалыптастыратын мәдениеттің маңызды тұстары мен аспектілерін түсіну және қадірлеуге тәрбиелеу, студентердің өзіндік қарым-қатынасын, ұйымшылдығын дамыта отырып, бір–бірін құрметтеуге, сыйластыққа бет алдыңдар. Бұл аз еңбек емес. Әр адамның жадында ерекше естеліктерімен жатталып қалған студенттік өмір ешқашан ұмытылмайды. Қызығы мен шыжығы мол сол бір төрт жыл талай әдемі де, әсерлі әңгіменің арқауы болып, көрігін қыздыратыны қақ. Сәні мен салтанаты, мәні мен мағынасы мол өмірдің кейіпкерлері – студенттердің әр күні мерекедей өтті.

Құрылысшы мамандығы қиын да, пайдалы мамандық. Маңыздылығы жағынан дәрігер мен мұғалім мамандықтарымен бір қатарда тұр.  Құрылысшы болу үшін білімді, еңбекті сүйетін, ештеңеден қорықпайтын ержүрек болу керек. Сендер құрылыстың жобасын сызып, оның толық есебін жасап шығарасыңдар. Құрылысшы үйді салу үшін құрылыс салатын орнын дайындап алады, іргетасын көтеру керек, содан үйдің қабырғалары қаланады, терезесі мен есігі және шатыры болу керек және құрылыс алаңында қауіпті болғандықтан, қауіпсіздік ережелерін үнемі сақтау қажет.

Құрылысшы – адамзат өркениетінің бастауында тұрған мамандық. Құрылысшылар өмірге деген белсенді қөзқарастағы жандар болғандықтан, олардың кәсіпқойлықтары мен шеберліктерінің арқасында жаңа үйлер, мектептер, аурухана, жолдар, ерекше ғимараттар салынып жатады.

Құрылыс саласындағы білікті инженерлерді дайындау тұрғысынан елімізде Қазақ Бас сәулет-құрылыс Академиясына (ҚазБСҚА-ға) жетер жоғарғы оқу орны жоқ десек қате айтқанымыз емес. Құрылыс саласындағы мамандарды оқытуға бейімделген бұл жоғарғы оқу орнын  Қазақстанға белгілі талай еңбек ерлері мен бүгінгі таңдағы ірі құрылыс компанияларының иелері және білікті инженерлері бітіріп шықты. Сендер осындай ҚазБСҚА-ны тәмамдадыңдар, соны мақтан тұтыңдар!

Сондай-ақ, бұл мамандық сендерден әрдайым ізденісті талап етеді. Себебі құрылыс технологиясы жыл сайын өзгеріп, жаңарып отырады. Соған сай сендер де әр жаңалықтан тыс қалмауға тиіссіңдер. Үнемі ізденіс пен білімге деген құштарлықтың арқасында ғана сендер білікті инженер-құрылысшы атана аласыңдар. Ал өз ісінің хас шебері, яғни жоғары білікті кәсіби маман жұмыссыз қалам деп ешқашан уайымдамайды. Себебі мұндай адамға кез келген компания зәру және оған қанша қаржы болса да төлеуге әзір.

Құрметті түлектер, алдағы уақытта тек жақсы жетістіктеріңмен, жоғарғы көрсеткіштеріңмен қуанта беріңдер. Біз сендерге факультет атынан жоғары білімді жақсы азамат, білікті маман болып, болашақта еліміздің өркендеуіне лайықты үлес қосады деп сенім білдіреміз. Үлкен өмір жолына бастар қадамдарың сәтті болсын! Бәріңе ақ жол тілейміз!

 

Ельжанов Е.А. , Слямбаева  А.Қ.,   Нұрпеисова  С.А.
Жалпы құрылыс факультетінің  профессорлары

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.