Home » Жаңалықтар » Ақ Жайық – шеберлер қаласы

Ақ Жайық – шеберлер қаласы

 

          Сәуірдің 30-ы күні Оралда осындай атаумен қолөнер бұйымдары жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге ұсынылған туындылардың ішінде талантты оқушылардың қолынан шыққан көз тартар дүниелер де көп болды.

             Арбаттың бойында  «Фонд содействия научным исследованиям» жеке қоры Елордамыздың 20 жылдығына орай көрме жұмысын ұйымдастырды. Ғылыми зерттеулерді қолдау қорының директоры Айболат Құрымбаевтың айтуынша, жәрмеңкеге қатысуға жүзге жуық азамат өтініш білдіріпті. «Мұндай шараны ай сайын өткізу жоспарда бар. Бұған дейін  өңірімізде өткен республикалық бүркітшілер байқауында және Наурыз мейрамында ұйымдастырған едік», – деді қор басшысы. Жәрмеңкеге жас өнер шеберлері, шығармашылық орталықтар, қолөнершілер, суретшілер қатысты. Желаев селолық мектептен тыс жұмыс орталығының жас шеберлері дайындаған түрлі бұйымдар да жұртшылықтың назарын ерекше аударды. Желаевтық жас қолөнершілері жуырда Түркістан қаласында өткен «Мәңгілік ел» халықаралық байқауынан бас жүлде алып қайтыпты. «Орталықтағы қолөнер үйірмесінің жетекшісі Ришат Асқарұлы шәкірттерін шығармашылыққа баулып келеді. Соның ішінде сүйекпен және ағашпен жұмыс жақсы жолға қойылған. Мұндай көрме-жәрмеңкелерге қатысып жүрміз. Бүгінгідей «Ақжайық – шеберлер қаласы» атты жәрмеңке алдағы уақытта жалғасын тапса, нұр үстіне нұр болар еді», – дейді Желаев селолық мектептен тыс жұмыс орталығының әдіскері Арайлым Елемесова.
Біздің өңіріміз он қолынан өнер тамған қолөнер шеберлерінен кенде емес. Ғылыми зерттеулерді қолдау қорының директоры Айболат Шамұратұлы олардың басын қосатын, өзара тәжірибе алмасатын ортақ ғимаратың жоқтығына қынжылады.

 

 

 

 

 

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«Білім айнасы»,
Орал қаласы

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.