Home » Спорт » Ақ Жайық Асқар ұлын еске алды

Ақ Жайық Асқар ұлын еске алды

Орал қаласында 12-14 тамыз күндері Әлем чемпионы, Әлем кубогының иегері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері Асқар Шайхиевті еске алуға арналған самбо күресінен және әскери самбодан ерлер арасында дәстүрлі халықаралық турнир өтті.

Ақ Жайық жеріндегі дәстүрлі спорттық шараға Армения, Ресей, Грузия, Өзбекстан елдерінен, сондай-ақ Қазақстанның Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстарынан барлығы 180-ге жуық спортшы қатысты. Жарысты ұйымдастырудағы басты мақсат – самбо күресі мен әскери самбоны дамыту, спортшылардың кәсіби шеберлігін жетілдіру, атақты палуандардың есімін ұлықтау, ҚР және ТМД елдері спортшыларының достық қарым-қатынасын нығайту.

Жарыстың ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сапиев, самбо күресінен ҚР-на Еңбек сіңірген жаттықтырушы Михаил Шепетюк қатысып, боз кілемде белдесетін спортшыларға сәттілік тіледі. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаеваның айтуынша, Ақ Жайық жерінде 2014 жылдан бері өткізіліп келе жатқан спорттық додаға қатысушы елдер қатары жылма-жыл көбеюде.

Палуандар боз кілемде он екі түрлі салмақ дәрежесі бойынша өзара бақ сынасты. Турнир нәтижесінде батысқазақстандық спортшылар алдыңғы қатардан көрінді. Ерасыл Бақыт (52 келі), Болатбек Райымқұлов (57 келі), Қазбек Сұпығалиев (62 келі) , Серікбай Неғмет (68 келі), Нұрбол Серіков (74 келі), Орынбасар Жұрмағамбетовтер (90 келі) өз салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанса, бұған дейін де абсолютті салмақта чемпион атанып жүрген Темірлан Көлбай (100 келі+) осы жолы да өз биігінен көрінді. Спорттық самбодан 82 келіде грузиялық балуан Бека Берулава жеңіске жетсе, ресейлік Даниил Борисов 100 келі салмақта алтын медальға ие болды.

Ал әскери самбо түрінен 62 келі салмақта батысқазақстандық Шыңғыс Қажиақпаров жүлделі бірінші орыннан көрінді. Аталмыш самбо түрінен ресейлік Денис Любимов (74 келі) турнир жеңімпазы атанды.

Турнир соңында бас жүлдеге тігілген темір тұлпардың иесі әр салмақ дәрежесіндегі жеңімпаздар арасындағы лоторея ойынында анықталды. Жолы болып, жеңіс тұғырынан көрінген 52 келі салмақтағы палуан Ерасыл Бақыттың қуанышы еселеніп, «LADA Granta» аутокөлігінің иесі атанды.

Еске сала кетсек, жас спортшы Ерасыл аталмыш турнирдің өткен жылғы кезеңінде де осы салмақ дәрежесінде жеңіске жеткен екен. Ал 2017 жылы ол жарыстың арнайы жүлдесін иеленіп, сәйгүлік мінген.

Осылайша Жайықтың саңлақ спортшысының есімін ұлықтауға арналған спорттық шара өз мәресіне жетті. Айта кетсек, жерлесіміз А.Шайхиев 1963 жылы Сырым ауданындағы Қызылтаң ауылында дүниеге келген. Самбомен 1976 жылдан бастап айналысқан Асқар Тастайұлы осы спорт түрінен қазақ спортшылары арасында тұңғыш Әлем чемпионы атанған. Қазақстан және халықаралық турнирлердің жеңімпазы. 1989 жылы КСРО чемпионы, 1987-88 жылдары күміс жүлдегер атанған. 1988 жылы Жапонияда әлем кубогының иегері, 1989 жылы АҚШ-та өткен дүниежүзілік додада әлем чемпионы болған.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,

«BILIM AINASY», БҚО

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.