Сонымен көптен күткен шешуші сәт те келіп жетті. Бүгін елдордамыздың төріндегі Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының ұйымдастыруымен Қазақстанның жоғары сыныптар арасында өткен сайыс қорытындысы жария болды.
Еліміз бойынша «Кім білгіш?» интеллектуалды-танымдық онлайн турнирінің жеңімпаздары бағалы сыйлықтарға ие болды.
Ағымдағы жылдың қазан айының 13 күні Республика бойынша жоғары сынып оқушылары Астанаға ат басын тіреген еді. Ақтық мәреге жетіп, үздік атанған білімді оқушылар Павлодар облысы Ақсу қаласының дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназиясының 11-сынып оқушысы Бихан Боранбай мен Павлодар облысы Ақсу қаласының № 4 орта мектебінің 10-сынып оқушысы Влада Горбенко еді. Аталмыш мектеп оқушылары 2017 жылдың ең ақылды оқушылары болып атанды.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы, ғарышкер Айдын Айымбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов, Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеев және басқалар қатысты.
Сондай-ақ, 5000 қатысушыдан озық болған 12 финалистке құрмет дипломдары мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Атап айтсақ, ноутбуктер, планшеттер және смартфондармен марапатталды.
2011 жылы желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша Астана қаласында Оқушылар сарайы бой көтерген еді. Аталмыш мекеме балалар мен жастарға әлеуметтік тұрғыдан маңызды мақсаттарды анықтап, қол жеткізуге көмек көрсетуде. Бүгінгі жеңімпаздар секілді Оқушылар сарайында нағыз дарынды, білімді оқушылар өз білімдерін шыңдауда.
Бүгінгі шараға аталмыш білім ошағынан арнайы келген оқушыларды сөзге тарттық.
«Мен бүгін осы жерге келгеніме қуаныштымын. Әдемі мүсіндер көп екен. Тағы мен Президент Нұрсұлтан атамыздың орден мен медальдарын көрдім. Сайысқа келген ағайлар мен апайлар сайыста қалай жауап бергендері туралы айтты. Қызық екен. Мен де мектепте жақсы оқып, осындай сайыстарға қатысқым келеді!» — деді Оқушылар сарайының оқушысы Қайсар Шалқарұлы.
«Бүгін біз үшін керемет күн болды. Сайыс маған қатты ұнады. Қазір балалар әлеуметтік желіде көп отырады. Жаман атыс ойындар ойнайды. Уақыттарын босқа өткізеді. Менде көбірек білім алып, осындай сайыстарға қатыссам деймін. Өйткені, Қазақстанның болашағы біз боламыз!» — деді ойын бізбен бөліскен Медина Ауталипова.
Анықтама:
Жобаны ұйымдастырушылар Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры мен Мемлекеттік тілді дамыту қоры болып табылады.
Турнирдің мақсаты: дарынды балаларды анықтау, оқушылардың танымдық қабілеттерін ынталандыру, пәндік білімдерін тереңдету, ғылымға деген қызығушылығын арттыру, білімді насихаттау, интеллектуалды мүмкіндіктерін дамытуға ат салысу.
«Кім білгіш?» ойыны — мобильді қосымша арқылы онлайн өткізілетін интеллектуалды сайыс. Ойын спорт, ХХ ғасыр, ХХІ ғасыр, әлемде, өнер, Қазақстан тарихы, Қазақстан табиғаты, денсаулық, ғылым тақырыптарындағы 25 000-нан астам сұрақтардан тұрады. Ойынға қатысушылар ғаламторға қосылған ұялы телефондары арқылы өздері таңдаған тақырыптар бойынша сұрақтарға белгіленген уақыт ішінде жауап беріп жарысады. Екі тур қорытындысы бойынша ең үздік жалпы нәтиже көрсеткен 12 ойыншы Астанада өткен финалдық кездесуде өз білімдерімен сайысқа түсті.
«Кім білгіш?» мобильдік интеллектуалды қосымшасы 2016 жылы іске қосылған.
Сәния Сүлеймен,
Білім айнасы
Астана қаласы