Ақтөбеде осы аптамен жарыса басталған Қазақстан Республикасы рәміздерінің 25 жылдығына арналған «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының филиалдары арасындағы спартакиада күні кеше аяқталды. Ақтөбе қаласындағы физика және математика бағытындағы Зияткерлік мектепте өткен кешенді жарыс нәтижесінде Астана қаласындағы Халықаралық мектеп мұғалімдері топ жарғандардың қатарынан көрініп, жалпы командалық есепте ІІ орынға тұрақтады.
Жекелеген спорт түрлерінен астаналық қонақтардың қол жеткізген жетістіктері келесідей: олар футболдан ІІІ орын, стритболдан ІІ орын, жүзуден ІІ орын және волейболдан IV орынды қанжығалап қайтты. Сарыарқаның төсінде қанатын жайған елордадан ат терлетіп барып, бас қаланың абыройын түсірмей қайтқан Халықаралық мектеп жүйріктері: Ж.К. Елеукеев, М.Н. Алишов, Р.Д. Сихымбаев, А.Ә. Тұрсынов, К.К. Атамбаев, Ж.К. Сапаргазинова, М.С. Шакенова, Р.С. Сайкен, Ы.Т. Жанбекова және Эдвард Аная есімді әріптестерін бүкіл ұжым жарыса құттықтауда. Елдің әр түкпірінен келген бәселкелестерін басып озғанымен, оларға жергілікті команда ғана дес бермеді.
Астана қаласындағы Халықаралық мектептің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Жастілек Елеукеев былай дейді:
- Біз мемлекетіміздің үздік мектептері саналатын оқу орындары атынан дүбірлі жарысқа түсіп, шәкірттерімізге үлгі болуға лайық екенімізді дәлелдеп отырмыз. Кез-келген додаға алдына жан салмай қатысып, «Ұстазым – ұлағатым, үлгі-өнегем» деген жеткіншектеріміз бізге қарап үйреніп, осылайша бізден қалмай жеңістен жеңіске жетуге ұмтыла береді деп сенеміз.
Бұл жеңіс тұғырынан көріне білген мектеп ұжымының осы айдағы алғашқы сүйіншісі емес. 22 қазан күні мектебіміздің жаттықтырушысы, Ашиxара-каратэ бойынша бірінші дан қара белбеу иегері Жандильдин Саян Бауржанұлы тағы бір мәрте басын бәйгеге тігіп, жарыстан қос жүлдемен оралды. Астанада өткен Ашихара-каратэ бойынша юниорлар, ерлер мен әйелдер арасында Евразияның ашық біріншілігінде Саян Жандильдин жартылай ауыр салмақтағы (ABS) кәсіпқой ерлер арасында I орынды және фулл-контакт каратэдан II орынды қанжығалады. Аталмыш дәстүрлі турнирге 7 мемлекет: Қазақстан, Ресей, Польша, Өзбекстан, Ауғаныстан, Түркменстан мен Әзербайжаннан келген мықты палуандар – бар-жоғы 200-ден астам күрескер қатысқан болатын. Турнир ұйымдастырушысы – Астана қаласы бойынша Ашихара-каратэ федерациясы.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының филиалы —
«Астана қаласындағы Халықаралық мектеп»
Мектептің баспасөз қызметі