Home » Жаңалықтар » Ақтауда энергия тиімділігі жоғары тұңғыш балабақшалар жұмыс жасай бастады

Ақтауда энергия тиімділігі жоғары тұңғыш балабақшалар жұмыс жасай бастады

2017 жылдың 26 шілдесінде Ақтау қаласында бүгін Дүниежүзілік банктің, Қазақстандағы Швейцария елшілігінің және ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің өкілдері Маңғыстау облысы және аталған қаланың әкімдерімен бірлесе отырып, энергия тиімділігін көтеру мақсатында жаңғыртылған үш балабақшаны ресми түрде іске қосты. Енді осы әлеуметтік нысандарда тәрбиеленіп жатқан 1500-ден аса бала және осында жұмыс жасайтын қызметкерлер жылыту, сумен жабдықтау және жарықтандыру жүйесі жақсартылған жайлы бөлме-жайларды қолдануға мүмкіндік алып отыр.  «Қазақстан әлемде энергияны ең көп жұмсайтын он экономиканың қатарына кіреді. Көп энергия жұмсау нәтижесінде экономикалық бәсекеге қабілеттілік, қоғамдық денсаулық сақтау және қоршаған ортаны қорғау тұрғысынан алғанда ел айтарлықтай шығындарды көтеруге мәжбүр. Муниципалитеттер тиімді жаңғырту шаралары арқасында ауаға шығарылатын көміртек мөлшерін азайту есебінен ауа сапасын жақсартып, сондай-ақ, электр қуатына жұмсалатын шығындарды төмендету арқылы бюджетті айтарлықтай үнемдей алатынын біз осы Жоба арқылы көрсетуге тырыстық», — деп атап өтті Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Ато Браун.  Биыл Маңғыстау облысында барлығы 5 балабақша және 1 мектеп жаңғыртылатын болады. Жөндеу жұмыстарын жүргізбес алдын Ақтаудағы үш балабақша (№31, №53, №54) энергетикалық аудиттен және техникалық тексеруден өтті. Қазіргі таңда осы нысандардың шатыры жөнделіп, термореттегіш жылыту жүйелері және автоматты жылыту бекеттері орнатылды, терезелер, есіктер және жарықтандыратын жүйелер ауыстырылды. Басқа үш нысанды, атап айтқанда, Мұнайшы ауылындағы «Балауса» балабақшасын, Жетібай ауылындағы №3 мектепті және Ақтаудағы №42 балабақшасын қайта жаңғырту үстіміздегі жылдың соңына дейін аяқтап бітіріледі. «Қазақстанның энергия тиімділігін арттыру» жобасы жүзеге асырылып келе жатқан екі жыл ішінде бүкіл Қазақстан бойынша 44 әлеуметтік нысан (балабақшалар, мектептер мен ауруханалар) іріктеліп алынды. Жоба қоғамдық және әлеуметтік мекемелердің энергия тиімділігін арттыруға және де энергия тиімділігін тұрақты қаржыландыру үшін жайлы жағдайларды жасауға бағытталған.

Құрамына денсаулық сақтау, білім беру және ұлттық экономика министрліктерінің өкілдері кіретін Басқарушы комитет муниципалитеттердің ұсынысы бойынша энергияны ең көп жұмсайтын нысандарды іріктеп алады. Энергия тиімділігі жоғары секторға стратегиялық инвесторларды тарту жөніндегі Үкіметтің әрекеттерін қолдау мақсатында жақында кезекті кезең жарияланды. Оның ішінде «Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік – Энергетикалық қызмет көрсетуші компаниялар» пилоттық үлгісі бойынша ұсынылған өтінімдер де бар. «Қазақстанның энергия тиімділігін арттыру» жобасы Швейцария үкіметінің және Швейцарияның Даму және ынтымақтасу агенттігінің Дүниежүзілік банк басқаратын Сенімгерлік қоры арқылы бағытталған 21,76 млн. АҚШ доллары көлеміндегі гранттық қаржысы есебінен жүзеге асырылуда. Жобаға қатысатын мекемелердің, коммуналдық қызметтердің және муниципалитеттердің бағыттаған ортақ қаржыландыруы 1,3 млн. АҚШ долларын құрайды.  Төрт жылдық жобаны (2015-2019 ж.ж.) Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі жанындағы «ҚазақЭнергоСараптама» Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты» АҚ жүзеге асыруда.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.