Ақмола облысында соңғы бірнеше жылдың ішінде туберкулез ауруының саны 30%-ға төмендегені байқалады. 2017 жылы өңірде 478 белсенді туберкулез науқастары айқындалған. Дүниежүзілік туберкулезбен күрес күніне орай ауруды жыл сайын төмендетудің оң динамикасын Қ.Құрманбаев атындағы облыстық туберкулезге қарсы диспансерде белгілеуін «Әлеуметтік сақтандыруды сақтандыру қоры» КЕАҚ облыстық филиалы мәлімдейді.
Жылма-жыл өткізілетін 24 наурыз күні — Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні боп 1982 жылы дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен бекітілген. Бұл аурудың нышаны және емдеу әдістері туралы халықты толық ақпараттандыру мақсатында Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні өткізіледі. 24 наурызды таңдау себебі, бұл күні 1882 жылы неміс микробиологы Роберт Кох өзінің жаңалығы, туберкулез қоздырғышы жайлы жариялады.
Туберкулез – инфекциялық жұқпалы ауру, соның салдарынан әлем жүзінде 2 миллионға жуық адам көз жұмады.
Қазақстанда биылғы туберкулезге қарсы науқан «Туберкулезден азат әлемнің көшбасшыларына іздеу саламыз! Тарихты жасауға үлес қос. Туберкулезге жол жоқ» деген ұранмен өтпек. Тақырыбының өзі менмұндалап тұрған шара бәрімізді де ойлануға, денсаулыққа бір сәт болса да көңіл бөлуге жетелейді. Жалпы, туберкулез бүгінгі қоғам үшін таңсық емес. Адамзат одан толық айығу жолдарын жақсы біледі, дәрі-дәрмек пен микробқа қарсы препараттарды табу да қиындық тудырмайды. Соған қарамастан, жұқпалы дертті толық ауыздықтау мүмкін болмай отыр. Ендеше, бұл ауру туралы не білген жөн, одан төнетін қауіп қандай және біз туберкулезге қарсы күрес науқанына қандай үлес қоса аламыз деген сұрақтарға жауап іздеп көрелік.
Ресми статистикаға сүйенсек, 2017 жылы Қазақстанда туберкулездің белсенді түрімен ауыратын 17 мың 444 пациент диспансерлік есепте тұрған. 9 417 адамның диагнозы «жаңадан» қойылған. Құрт ауруына шалдыққандар Оңтүстік Қазақстан (1666), Алматы (1591) және Қарағанды (1258) облыстарында көп тіркелген. Ақмола облысы жаңадан диагноз қойылған науқастардың саны бойынша өңірлер арасында көшбасшылардың бірі болып табылады.
Туберкулезді алдын ала емдеу әдісінің ең тиімдісі ол жүйелі түрдегі дәрігерлік тексеріс.
Баршаға арналған алдын алу шаралары қандай?
- БЦЖ екпесі — туғаннан кейін алғашқы бірнеше күн ішінде
- БЦЖ-ны қайта егу — 7 және 14 жаста
- Флюорографиялық скрининг (ересектер жылына бір рет)
- Дәрігердің тағайындауы бойынша: өкпені рентгенге түсіру
- Терапевке қаралып, профилактикалық тексеруден өту
Қазақстанда туберкулезді анықтау мен оның алдын алу, емдеу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету кепілдендірілген медициналық көмек пакетіне кіреді. Былайша айтқанда, ауру тегін емделеді. Биыл осы дертке шалдыққандарды анықтау, емдеу мен әлеуметтік қолдауға мемлекеттік бюджеттен 42 млрд теңге бөлінді. Ақмола облысына келетін болсақ, облыста туберкулезбен күреске 1,5 млрд. теңге жұмсалады.