Home » Жаңалықтар » Ақмолалық әртістер Қытай халқына өз өнерлерін көрсетуде

Ақмолалық әртістер Қытай халқына өз өнерлерін көрсетуде

Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының әртістері  2018 жылдың 26-29 желтоқсаны аралығында Қытай Халық  Республикасында өткізілетін «Бір белдеу,  бір жол» бастамасының  5 жылдығына  арналған концертке қатысуда, деп хабарлайды ішкі саясат басқармасының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Қытай Халық  Республикасында өтіп жатқан  бұл концертке  Гүлмира Ордабаева жетекшілік ететін «Гәкку» би ансамблі, «Айнакөл» фольклорлық ансамблі, жетекшісі Жұлдыз Жүзбаева және филармонияның жетекші әншісі Аягөз Қалмағанбетова қатысады.

«Айнакөл» фольклорлық  ансамблі  Ақмола облыстық филармониясының негізінде 2004 жылы құрылды.

Ансамбльдің құрамы дарынды, кәсіби, дайындықтары жоғары, майталман музыканттардан жинақталды.  Олардың әрқайсысы – ерекше дара тұлға, ал барлығы біріккенде — өз аспаптарын жетік меңгерген, аспапта ойнаудың қыр-сырын жан-дүниесімен сезіне білетін орындаушылардан құралған  біртұтас организм.

Сахна төрінде өнер көрсетіп жүрген ансамбль өзіндік көркемдік қолтаңбасымен, өзіндік орындау мәнерімен, бай, ерекше репертуарымен көзге түсті.

Ансамбль 2005 жылы Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінде лауреат атанды.

«Гәкку» би ансамблі 2007 жылы   құрылды. Ансамбльдің репертуары өте бай:  50 астам қойылым бар, оның ішінде З.Ажибекованың «Шаттық»,  «Сыйлық» қойылымдары, М.Тілеубаевтың  «Көш керуен» қойылымы және тағы басқа да қойылымдар кеңінен танымал. Он жылдан артық жұмыс істеген жылдарының ішінде ансамбль біршама жетістіктерге жетіп,  наградалармен   марапатталды.

2012 жылы  Шара Жиенқұлованың 100 жылдығына арналған ІV Республикалық қазақ би байқауының дипломанты атанып, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, ҚР халық әртісі, профессор Айман Мұсахаджаеваның тағайындаған арнайы «Үміт» сыйлығымен марапатталды. 2013 жылы Шымкент қаласында өткен «Бұраң бел» республикалық би байқауының лауреаты, Х Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты атанды. 2014 жылы Үндістанның Нью-Дели қаласында  өткен  Х Халықаралық би мен музыка фестиваліне қатысты. Ал 2016 жылы Астана қ. өткен «Розы Казахстана» хореографиялық өнер бойынша ІІ Халықаралық фестиваль-байқауына қатысып, «Халық биі»  номинациясы бойынша 1 дәрежелі лауреат атанды және  «Жоғары санатты кәсіби ұжым» арнайы сыйлығын алды.

Концерттік  бағдарламада  14  композиция  орындалады.  Танымал  халық  әндері мен  Қазақстан композиторларының әндері,   қазіргі заманғы композиторлардың шығармалары мен күйлері, сонымен қатар  би қойылымдары көпшіліктің назарына ұсынылады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.