Home » Жаңалықтар » «АҚБАЯН» ҰЙЫМЫНДА АРНАЙЫ ҚОНАҚ   

«АҚБАЯН» ҰЙЫМЫНДА АРНАЙЫ ҚОНАҚ   

«Өмірде қыз болу бар да, нағыз қазақ қызы болу мүлдем бөлек», — деген екен қазақтың белгілі ақын қызы Ақұштап Бақтыгереева.  Демек бойына қазақ қызының асыл қасиеттерін сіңіріп, сыр-сымбатымен ерекшеленетін қазақ қыздарын тәрбиелеу ұлт болашағы үшін керек.
Күні кеше қаладағы №42 орта мектеп директорының тәрбие-ісі жөніндегі орынбасары Шамұратова Рысжан Шерниязқызының бастамасымен ашылған  «Ақбаян» қыздар ұйымының атқарып жатқан жұмысымен таныстық.   Қыздардың білім, медициналық қызмет, кемсітушіліктен, зорлық-зомбылықтан, ерте жастан мәжбүрлі некеден қорғалу құқықтарын жүзеге асыруды мақсат еткен ұйым жұмысы 10 күнге созылған 5-11 сынып аралығындағы қыздарды қамтыған ұйым төрайымы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы Тұрсынбекова Ләйла Раушанбекқызы  әр бір күнге арнап жүйелі жоспар құрған. Психологтың арнайы тренинг дәрісі, сырласу сынып сағаты, шеберлік сайыстар, дәрігерлермен сұхбат, ертеңгі мамандық таңдауға ашық  жол сілтеу мақсатында жоғары оқу орындарына  саяхат жасау, ата-аналармен жұмыс осының барлығы қамтылған. «Бұрымды қыздар» арасында сайыста ұйымдастырылған.
Осындай кездесулер күніне орай  бақытты ана, асыл жар, білікті ұстаз қазақтың ұлттық құндылықтарын бойына сіңіре білген, дәстүрлі,  эстрадалық ән өнерін дәріптеп жүрген  ҚР Еңбек сіңірген әртісі Қарақат Әбілдинамен кездесу ұйымдастырған. Ақ жаулықты әжелерімізбен қоса мектептің барлық ұстаздары қазақтың ұлттық оюлы шапанын киіп, ұлттық би, әсем әнімен  ерке қызын қарсы алды. Мектеп ұжымының бірлігі, шынайы құрметі келген қонағының көңілін толқытып жіберді. Қала сыртында орналасқан білім ордасының алыстығына қарамастан арнайы келген қыздарының құрметіне риза болған жұртпен  қазақтың Қарақаты  емін-еркін сұхбаттасты. Көкейінде жүрген ойларымен бөлісіп, өзінің еңбек жолынан жастарға сыр шертті. Арман арқалаған ауыл қызының өз қалаған өнер жолында кездескен қиындыққа қарамастан алға ұмтылған ерік-жігері артынан ерген жастарға үлкен сабақ болды.
— Мен бақыттымын. Себебі, Алланың берген өнері арқасында еліме еркелей аламын, Маған тілекші болар қалың жұртым бар да мен ешқашан ерінбеймін. Бойымдағы бар өнерімді ұрпақ санасына сіңірсем дегенім өнерге қызыққан балапандардың ертеңіне жол ашсам деген арманымның жемісі.
Маған отбасылық  жылу берер  тамаша ер азаматты жолықтырдым. Ұл мен қызға ана атандым. Осындай күніме тәубе ете отырып, жастарға айтарым ешқашан үйренуден қашпаңдар. Тек білім ғана алдыға жетелер күш.  Халықпен осылай жиі кездесуге уақыт таппай қалатын кездеріміз көп.  Мен әрқашан қазақ қызы болғанымды мақтан етемін ,- деп кеш қонағы өзінің жылы лебізін білдірді.
Аз уақыт өткен жүздесуде табиғи даусымен ешқандай сүйемелдеусіз  әлі сиясы кеппеген жаңа әнін шырқап берген әншімен тыңдарманы қимай қоштасты.  Балалар өз қолдарынан шыққан туындыларын сыйға тартып, естелік суретке түсті.   Жақсымен өткен бірер сәт  шын мәнінде ұрпақ санасына жатталар тағылымды дүние екеніне шүбә жоқ.
Тағаны 2012 жылы қаланып, 600 балаға білім беріп отырған оқу ордасындағы қазақы тәрбие, шәкірттеріндегі ұяңдық, өзге мектептер үлгі алардай бастаманы алған қойған білікті ұстаздар жұмысы  жүрекке жылу сыйлады. Әр қазақ баласы осындай бірлігі ұйыған шаңырақтан тәлім алса біздің ұлттық құндылығымыз ешқашан жоғалмақ емес.

Әлия Ғалымбекқызы,
Білім айнасы
Астана қаласы 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.