Home » Мақалалар » Ағылшын тілі сабағында оқушыларды тіл үйренуге ынталандыру

Ағылшын тілі сабағында оқушыларды тіл үйренуге ынталандыру

Ағылшын тілі сабағында оқушылардың тілді үйренуге қызығушылығын қалайша ынталандыру керек? Ағылшын тілін үйрену заман талабы болса да, мектепте оны барлығы қызығушылықпен оқиды деп айту қиын. Ағылшын тілін оқыту оңай жұмыс емес. Ағылшын тілін оқыту басқа пәндерді оқытудан мүлдем өзгеше. Бұл шет тілі және сабақтан тыс қолдануға тілдік орта жоқ. Айтайын дегенім, тілді үйретудегі қиындықтар емес, керісінше оқушыларды ағылшын тілін оқуға қызығушылықтарын арттырудың жолдарын қарастыру болып табылады. Бір кездері Эйнштейн «Ең жақсы оқытушы ол – қызығушылық» деп айтқан екен. Қызығушылық – бұл оқушылардың оқуын ынталандырудың түрткісі. Орта мектепте ағылшын тілін оқытудың жаңа стандарттарында мұғалімдер оқушылардың оқуға деген қызығушылығын жоғарылату керек. Оқушылардың пәнге қызығушылығы ол – қызықты мұғалімде. Егер мұғалім оқушыларға ұнаса, сол мұғалімнің пәнін жақсы көретінін білеміз. Сонымен, мұғалім оқушыларды пәнге қызығушылығын арттыру үшін не істеуі керек?

         Оқушылармен үйлесімді қарым-қатынас орнату. Оқыту мен оқуды тиімді жүргізуі үшін мұғалімдер оқушылармен үйлесімді қарым-қатынас орнатуы керек. Ағылшын тілі диалогті қажет ететін пән. Оқушылар мұғаліммен қарым-қатынасқа түскеніне қуанышты болған кезде сабақты тыңдауға тырысады. Дегенмен, орта мектептерде ағылшын тілінен бір сыныпта отырған оқушылардың тілдік дағдылары әртүрлі болып келетіндіктен, барлығымен бірдей жақсы диалог құра алмаймыз. Сабаққа қызығушылығы төмен, негізінен осы тілдік дағдылары төмен оқушылар болып келеді. Бұдан басқа, оқушылар ағылшын тілінде қате жіберуге сыныптастарынан қысылатындықтары жиі кездеседі және бұл – оқудағы басты кедергілердің бірі. Сондықтан мұғалім оқушының қатесін сынға алғаннан гөрі, оның талпынысын қолдап, оқуға ынталандырса, бұл оларға тәуекелге баруға, сенімді болуға көмектеседі. Оқушылардың пәнге деген сенімін нығайтқаннан кейін, олар қызығушылық танытуы мүмкін. Мұғалім салқын және қатаң сөздерден гөрі оқушыларды “ Good job”, “Well done”, “ You are clever”, “Wonderful”, т.б сөздермен қолдап, ынталандыра алады. Мұғалім мен оқушының үйлесімді қарым-қатынасы оқушылардың оқуын ынталандырудың қозғаушы күші болып табылады.

       Ағылшын тілін үйрететін атмосфера қалыптастыру. Ағылшын тілі – шет тілі. Оқушыларға тілді үйренуге және қолдануға мүмкіндік беретін бірден бір орта ол – ағылшын тілі сабағы. Сабақта мұғалім ағылшын тілін үйренудің атмосферасын құруға тиіс, бұл оқушыларға тілді үйренуге көмектеседі. Ағылшын тілін сыныпта барынша кең қолдану, оқушыларға ағылшын тілін тыңдап-түсінуге мүмкіндік береді. Оқушылардың сөздік қорлары шектеулі болған жағдайда, мұғалімге қарым-қатынас барысында бет-әлпет қозғалысы мен дене қозғалысын (жест) қолданған пайдалы, бұл тілді түсінуді жеңілдетеді.

Бұған қоса, ағылшын тілі сабағында ойындар мен әндерді қолдану – шет тілін оқытудың тиімді құралы. Бұлар тілдік тәжірибеге ғана емес, сонымен қатар оқушылардың қызығушылығын арттыруға, тіл үйренуге қатысуын ынталандыруға арналған. Қазіргі уақытта мұндай ресурстар мен материалдарды табу еш қиындық туғызбайды. Интернет бұл мәселеге мыңдаған ыңғайлы шешім береді. Біз веб-сайттарға, бейнелерге, фильмдерге, әнге, онлайн-журналдарға және бейне ойындарға кіре аламыз. Алайда біз таңдаған материал не ресурс біздің оқушыларымыздың деңгейіне қаншалықты сәйкес келетінін ойланып қолданған дұрыс.

       Оқыту әдістемесін түрлендіріп отыру. Мұғалімнің оқыту әдістемесі оқушыларды пәнге қызықтырып, ағылшын тілін қолдану қабілетін арттыруға тиіс. Ағылшын тілін үйренушіге сыныптастары сәттілікке қол жеткізуге көмектесетін құнды ресурс болып табылады. Яғни, оқушы ағылшын тілін тек мұғалімнің көмегімен ғана емес, сондай-ақ сыныптастарымен қарым-қатынасқа түсе отырып та үйренеді. Ал, біз оқушылардың негізгі үш санаты бар екенін білеміз. Олар – аудиал, визуал және кинестетик. Тиімді оқытуды жүзеге асыру оқушылардың осы санаттарына сәйкес әдіс-тәсілдерді қолдана білудің негізінде жатыр. Аудиалдар үшін ауызша баяндама немесе презентация, қуыршақтар шоуы, TV / radio show, пікірталас, ауызша ойындар, әндер мен өлеңдер, т.б.;

Визуалдарды оқыту үшін презентациялар, кино көру, Mindmap, Photo Essays, графиктерді, диаграммаларды, иллюстрациялар, иллюстрациялармен мәтіндік ақпарат, т.б.;ал, кинестетиктерге қол тигізіп, қозғалуды талап ететін оқу әдістері, рөлдік ойындармен қатар, Jeopardy, Fly Swat, Memory Game, Simon Says, Walk and Talk, Air Writing және т.б қимыл-қозғалысқа негізделген ойындарды қолдана аламыз.          Жалпы алғанда, қызығушылық – ағылшын тілін оқыту мен оқуда үлкен көмекші болып табылады. Сонымен, оқушылардың ағылшын тілін үйренуге ынталандыруда олармен үйлесімді қарым-қатынас орнату, ағылшын тілін үйрететін атмосфера қалыптастыру және қазіргі заман талабына сай оқыту әдістерін түрлендіріп отырудың маңызды екенін түсінеміз.

Г.Д. Кыдырбекова,
Сырбай Мәуленов атындағы №37 орта мектеп,
ағылшын тілі пәнінің мұғалімі,
Астана қаласы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.