«Ересек адамдардың ісі, жұмысы,қызметі сияқты ойын
да бала өмірінде маңызды болып саналады. Бала ойында
қандай болса, өскенде жұмыста да сондай адам болады».
А.С. Макаренко
Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев 5 қазан 2018 жылғы Қазақстан халқына жолдауын «Жастар жылы» — деп атады. Олай болса, оқушыны ағылшын пәніне қызығушылығын тудырып дамытуды және жемістің нәтижесін көруді мақсат тұтқан әрбір мұғалім жолдауға жедел үн қосу керек деп білемін. Шетел тілін үйрету қиын да, қызықты жұмыс. Қазіргі кезде ұстаздарға қойылып отырған талап жаңа технологиялық әдістерді қолдана отырып сапалы терең білім беру, оқушылардың ойлау, есте сақтау көру қабілеттерін жетілдіру. «Оқушылардың дүние тануын кеңейтетін, ойлау қабілетін дамытатын тартымдыда, қызықты сабақты қалай ұйымдастыруға болады? – деген сұрақ шет тілі пәнінің мұғалімдерініңде алдында тұр. Оның бірден-бір жауабы –сабақты жүйелі түрде түрлендіріп әр-түрлі әдіс-тәсілдерді қолдану. Оқушылардың шет тілінде сөйлеуін, шет тілінде оқуға деген ынтасын арттырып, белсенділігін көтеретін — ойын. Ойын балалар үшін әр уақытта ойын болғандықтан, ойын элементтері бар сабақ оларды қызықтырады. Ал мұғалім үшін ойын- дидактикалық әдіс, оқыту, білім беру. Шет тілі сабағында ойын сол тілде қарым-қатынасты тудыратын үдеріс қана болып қоймай, оны барынша табиғи түрде жақындатады. Ойын оқушылардың белсенділігін арттырады, мұғалім мен оқушының арасындағы психологиялық кедергіні бұзып, теңдік сезіледі. Ұялшақ, жасқаншақ оқушылар ойын барысында белсенді серік болуға мүмкіндік алады. Баланың ойынға белсенді түрде қатысуы оның ұжымдағы басқада әрекеттерін айқындайды. Ойын бір қарағанда қарапайым құбылыс не әрекет сияқты болғанымен, ол ұжымдық әрекет. Ойын арқылы оқушы неге үйренеді?
- Қисынды ой қабілетін дамытады
- Өздігінен жұмыс істеуге үйренеді
- Сөздік қоры байиды, тілі дамиды
- Зейіні қалыптасады
- Байқампаздығы артады
- Өзара сыйластыққа үйретеді
- Ойынның ережесін бұзбау, яғни, тәртіптілікке баулиды.
- Бір – біріне деген оқушы сенімі артады достыққа, ынтымақтастыққа баулиды
- Сабаққа қызығушылығы артады.
Ағылшын тілі сабағында ойналынатын ойын түрлері
Сабақтағы ойынның орны, оған бөлінетін уақыт мөлшері оқушылардың білімінің деңгейімен, оқу материалының жеңіл не қиындығымен, сабақтың мақсаты мен мүмкіндігімен т.т байланысты. Мысалы, егер ойын жаңа материалды алғашқы бекіту кезінде жүргізілсе, онда ойынға уақыт көбірек бөлінеді, ал кейінірек сол ойын өткен материалды қайталату ретінде ұйымдастырылса 3-5 минут жеткілікті.Ойын-оқу үрдісіндегі оқытудың әрі формасы, әрі үрдісі ретінде дербес дидактикалық категория. Сонымен бірге ойынды мұғалім мен оқушылардың бірлескен оқу әрекетінің өзара байланысты технологиясы ретінде қолдануға болады, ағылшын тілі сабағында ойын формаларын енгізу барысында интерактивті тақтаныда қолданудың маңызы өте зор. Бастауыш сынып оқушыларының мектепке келгенге дейінгі негізгі әрекеті-ойын болса, оқу-тәрбие үрдісінде олар біртіндеп ойын әрекетінен оқу әрекетінің орындауға бейімделуі тиіс. Ол сабақ барысында пайдаланылатын дидактикалық ойындар арқылы жүзеге асады.Дидактикалық ойындар-балалардың білімдерін арттырудың құралы. Сабақта ойындарды қолданудың түрлі жолдары бар. Дидактикалық ойындар арнайы мақсатты көздейді және нақты міндетті шешеді. Ойын сабақтың барысында – өткен сабақты еске түсіреді. Сабақтың ортасында көңіл-күйін сергітеді, ерік-жігерін дамытады, сабаққа ынтасын арттырады. Сабақтың соңында-тақырып бекіту, сабақта алған білімді жинақтау мақсатын көздейді. Ойын – оқушылардың оқуға деген ынтасын арттыратын құрал.Сабақ үстінде жүргізілетін жұмыс түрлері, тақырыпқа сай алынған тәрбиелік мәні бар ойын элементтері оқушылардың ойлау белсенділігін керек етеді. Сондықтан мұғалім әр сабағында ойын түрлерін орнымен қолданып, оны қызықты ету арқылы олардың білімге ынта-ықыласын, пәнге деген сүйіспеншілігін қалыптастыруды мақсат етеді. Мұғалім сабағының баланың қабілет қарымына, психологиялық ерекшелігіне сай байланысты жоспарлау керек. Сонда ғана сабақ тартымды, жеңіл болады, оқушыларды жалықтырмайды.
Ағылшын тілі сабағында ойнатылатын ойындардың сан алуан түрлері бар. Олар:
І. Стол үсті ойындары.
Оқушылардың зейінділігін дамытатын, ой-өрісін кеңейтетін құрал. Сыныпта стол үсті ойындарын топтық және дара жұмыста қолдануымызға болады. Бұған ребус, кроссвордтар жатады, оларды тақтада, ватман қағазында, қима қағаздарда немесе компьютерде орындауға болады. Бұл ойындарды қорытынды, білімді тиянақтайтын сабақтарда қолданған тиімді.
ІІ. Дидактикалық ойындар.
Оқушылардың таным белсендігін жандандыратын, өздігінен ойлауын дамытатын тәсілдердің бірі. Олар кез-келген оқу материалын қызықты да тартымды қылып, оқушылардың көңілді күйін көтеруге, өздерінің жұмыстарына қанағаттануға және білім үрдісін жеңіл меңгеруге көмектеседі.
Мысалы: «Алфавит ойыны». Бірінші оқушы: «Apple…» деп, «А» әрпінен басталатын сөзді айтады , келесі оқушы бірінші оқушының сөзін қайталап, «В» әрпінен басталатын сөз айтады (ex : box) т.с.с
ІІІ. Қозғалыс ойындары .
Бұл ойындар оқушылардың іс-әрекеттерін бір түрінен басқа түріне тез ауысуға көмектеседі және ешқандай арнайы дайындықты талап етпейді. Бұларды жабық бөлмеде немесе ашық аланда да өткізе аламыз.
IV. Іскерлік ойындар .
Оқушылардың оқу мазмұнын терең меңгеруге және пысықтауға ықпал етеді. Олар саяхат сабақтарда белсене қатысуымен, ауызша мәлімдеуімен, күйзелуімен білімдерін жандырады. Іскерлік ойындар оқушылардың қиялын дамытады, салыстыруға және дәлелдеуге үйретеді.
V.Интеллектуалдық ойындар.
Бұл ойындар оқушылардың зор белсендігін оятады. Бұл категорияға «ұғымталдыққа, жүйріктікке, зеректікке» бейімделген тапсырмалар – шарадалар, жұмбақтар, бас қатырғыштар жатады.
Кез келген ойынды қолданғанда келесі мәселелерді естен шығармау керек:
— әр-түрлі ойындарды ойнаған шығармашылдыққа дайын;
-ойын, оның түрі, мазмұны оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай болуы;
-жарқын көрнекілік ойынды талапқа сай өткізуге ықпал етеді;
-ойынның қызықты материалы тақырыппен тығыз байланыста болуы.
Қорыта келгенде, ойын әрекетінсіз ағылшын тілі лексикасын оқушының есінде қалдыру тиімділігі аз және ақыл ой күшін көп қажет етеді. Оқу үрдісіне енгізілген ойын ағылшын тілі сабағында оқытудың бір түрі ретінде қызықты, жеңіл және жанды болуы керек. Ойын оқу үрдісін жеңілдететінін ескеру қажет. Оқытушының сабаққа қойған мақсатына, міндетіне, шартына байланысты ойын түрі өзгертіліп отырылуы қажет. Ойын арқылы кез-келген оқу материалын қызықты да тартымды қылып, оқушылардың көңіл-күйін көтеруге, өздерінің жұмыстарын қанағаттануға және білім үрдісін жеңіл меңгеруге көмектеседі. Сабақ барысында ойын арқылы дамытуға арналған тапсырмалар жүйелі бағытталып, ұйымдастырылып отырса сонда ғана мұғалімнің сабақ мақсатына жеткізуіне мүмкіндік береді.
Оқу үрдісінде «ойын түрлерін пайдалану біріншіден, оқушылардың білімін берік меңгерту құралы болса, екіншіден балалардың сабаққа деген қызығушылығын көтеру болып табылады. Ойын түрлерін пайдалану мынадай нәтижеге жеткізеді.
Нәтиже:
1. Әр оқушының шығармашылығы артады.
2. Жылдам жұмыс істеуге дағдыланады
3. Оқушының жеке қабілеті анықталады
4. Оқушы топ жаруға ұмтылады.
5. Оқушының ойлау қабілеті дамиды
6. Әр оқушы өз деңгейімен бағаланады.
Қабанбаева Айгүл Айтмахамбетовна,
Тараз қаласы, Жамбыл атындағы
№5 мектеп-гимназиясының
ағылшын тілі пәнінің мұғалімі