Насимолла Айнагүл Таупикқызы
Гуманитарлық колледж, Астана қ.
ағылшын тілі пәні оқытушысы
Шет тілді оқытудағы негізгі мақсат – шетел тілін игере отырып, коммуникация кезінде қолдана білуге үйрету және шеттілдік білімін дамыту. Қазіргі кезде шетел тілін оқыту әдістемесінің мүмкіндіктерінің деңгейі жоғары. Тілді оқытуда интерактивтік тәсіл, ойын, пікірталас және ақпараттық технология, интернет, компьютер сияқты құралдарды кеңінен қолдануға болады.
Біздің мемлекетімізде жаңа телекоммуникациялық құралдың куннен-күнге дамып келе жатқанын көруге болады. Қазіргі заман оқытушысы үшін сабақ өту барысында компьютер және мультимедиалық құралдарды қолдану тек қана тиімді тәсіл ғана емес, сабақтың, тіпті білім берудің маңызды бір бөлігіне айналды. Бұл құралдардың көмегімен білім жүйесіне жаңа әдістер мен әлемдік ойлаудың жаңаша түрлері енгізілді. Білім берудегі компьютерлік және ақпараттық технологиялар заман талабына айналды. Еліміздің білім беру орындары қазіргі озық технологиялармен, мультимедиалық кабинеттермен жабдықталады. Поляк педагогы В. Оконь оқыту құралдарын мұғалімнің іс-әрекетін ауыстыру мен білім алушылардың әрекетін автоматтандыру мүмкіндігінің өсуіне байланысты жіктейді.
Оқыту құралдарының кең таралған екі түрі — қарапайым және күрделі құралдар. Қарапайым құралдарға сөздіктер, оқулықтар және мәтіндер жатса, қарапайым визуалды құралдарға нақты заттар, модельдер мен суреттер жатады. Ал күрделі құралдарға механикалық визуалды болып келетін кодоскоп, диапроектор және магнитафон, радио, музыка ойнатқыш, дыбысты фильм, телевизор, бейнежазба сияқты аудио және аудиовизуалды құралдар жатады. Сонымен қатар оқыту үрдісін автоматтандыратын мультимедиалық кабинет, компьютерлер, ақпараттық жүйе, телекоммуникациялық жүйесі сияқты құралдарды да атауға болады. Бұл құралдардың шетел тілін үйренуде де сансыз пайдалы жақтары бар.
Қазіргі тіл үйренуге деген жаңаша көзқарас қалыптасқан заманда тілді үйрену деген бүкіл бір ұлттың мәдениеті мен өмір салтын тану деп білеміз. Ал мұндай білімді меңгеру үшін оқулықтың аздық етері анық. Тіл қолданушы халықтың мәдениетін, тілдік ерекшелігін көріп, естіп сезіну арқылы ғана өзіңді сол тілді меңгергендердің қатарына қосу мүмкіндігі болады. Қазіргі таңда ақпараттық технологияларды оқушылардың шетел тіліне деген қызығушылығын арттыру құралы ретінде қолданудың тиімді жақтары жетерлік. Ақпараттық технологияларды енгізу және қолдануда, интеллектуалды дамыған, ақпараттық ортаға бейім тұлғаны қалыптастыру жолында пайдасы зор болатын коммуникация құралдары белсенді түрде пайдаланылуда.
Өмірдің түрлі саласына ақпараттық үрдістердің енуі ақпараттық технологияларға негізделген білім беру жүйесінің жаңа моделін құруды талап етеді. Оқушының шығармашылық қабілетін аша білу үшін жағдай жасау, оның қабілетін дамыту, өзін-өзі жетілдіру және жауапкершілікке тәрбиелеу мәселесі алға тартылады.
Білім алушының шығармашылық қабілетін арттырып, ынталандыру үшін:
— сабақта көрнекілік, техникалық құралдарды кеңінен пайдалану;
— сабақты түрлендіріп өткізу;
— сабақта білім алушылар өздері жасаған суреттер мен схемаларды пайдалану;
— сабаққа қатысты бейнетаспаларды, фильмдерді көрсетуге болады.
Шығармашылықты дамыту мақсатында қолданылатын құралдың бірі — интерактивті тақтаны топтық оқытуда және оқытушы жаңа материалды түсіндіруге көмектесетін, ұтымды заманауи құрал деп есептейміз. Ол сызбаларды көрсету, ұғымдарды түсіндіру, есте сақтау сияқты мәселелерді шешуге көмектесе алады. Оқытушы өзінің жаңа идеяларын әсерлі және балаға қолжетімді етіп көрсету үшін интерактивтік тақта қолдану көп жетістіктерге жетті. Бұл тақтаның көмегімен оқытушы мен оқушы берілетін материалдарды бірігіп талдауға мүмкіндік болады. Көптеген зерттеулер көрсеткендей, түрлі ресурстарды, қызықтыруды ұлғайта отырып интерактивті тақтаны қолдану кезінде сабақтың оқытушы үшін де, оқушы үшін де табысты болатыны анықталды.
Интерактивті тақтамен дұрыс жұмыс жасау арқылы білімді бақылауға болады. Интерактивті тақта оқушылардың басты назарын өзіне аудара алады. Интерактивті тақтаның керемет мүмкіндіктерін сабақтың түрлі мақсаттарында қолдануға болады. Мысалы, ActiveBoard электрондық тақтасын қолданып, материалды қызу талқылауға, негізгі мәселені анықтауға, нақтылауға, қосымша ақпарат қосуға, электрондық маркер арқылы түсін және сызбаны өзгертуге, сөздер мен сөйлемдердің бір-бірімен байланысын көрсете отырып, тақырыпты немесе сөйлемді толықтай аударуға, flash-анимациаларды пайдаланып, өлең сөздерін жаттауға, суреттер арқылы слайдтар жасауға, ағылшын тілінде сөйлеушілердің дауысымен жазылған видео-роликтер көруге болады. Интерактивті тақтамен жұмыс істеудің артықшылықтары:
— барлық топ оқушыларының бір мезгілде жұмысы үшін қолайлы;
— сайттарды, басқа да құралдарды қолдана отырып, жаңа материалдарды түсіндіруге және меңгеруге қолайлы;
— берілген материалды әсерлі жеткізуге және оны топтағы оқушылары арасында талқылауға үлкен мүмкіндіктер туғызады.
Қазіргі кезде қолданылып жүрген алдыңғы қатарлы құралдардың тағы бірі — электрондық оқулық арқылы суреттер, видеокөріністер көруге және музыка тыңдауға болады. Сонымен қатар электрондық оқулық бойынша түпнұсқалық аудиохабарларды сабаққа қолдану оқушының ой-өрісін кеңейтеді, шетел тіліндегі лексиканы тереңірек түсініп қана қоймай, оны орнымен қолдануға үйретеді.
Осы құралдар арқылы шетел тілі сабағында интерактивті форманы қолдана отырып лексикалық дағдыларды қалыптасыруда көрсету, бекіту және бақылау жұмыстарын жүргізуге болады. Мысалы, ортаңғы сыныптарда «Weather» тақырыбына жасалған презентацияға тоқталайық. Бірінші кезеңде тақырып бойынша лексиканы енгізуде компьютерді пайдаланып сөз тізбектерін көрсетуге болады. Оқушылар 1 минуттың ішінде берілген тақырыппен танысып, көз жүгіртіп шығады.
Екінші кезеңде дыбыстау және лексиканы бекіту жұмыстары жүргізіледі. Білім алушылар жеке дара немесе жұппен бірінші және екінші слайдтарға қайта оралып, сөздер мен сөйлемдерді қайталау жұмысын жасайды. Жұмыс уақыты шамамен 5-10 минут немесе берілетін сөздердің көлеміне қарай өзгеріп отырады.
Ал үшінші кезеңде меңгерілген лексиканы бақылау жұмысы жүргізіледі. Білім алушыларға өтілген тақырыпқа сәйкес танымдық жаттығулар мен тапсырмалар беріледі.
Лексиканы үйретуде көрнекіліктер арқылы презентация сабағын өткізу тәсілінің тиімділігі:
— жаңа лексикалық, грамматикалық (фонетикалық) материалдарды презентация көмегімен әсерлі және көрнекі етіп түсіндіру мүмкіндігі;
— әрбір слайдты көрнекілік не үлестірмелі материалдар (кестелер, схемалар, диаграммалар, т.б.) ретінде пайдалану мүмкіндігі;
— анимациялық кескіндердің көмегімен оқушылардың назарына бақылау жасау;
— танымдық әрекетті ұйымдастырудың әр түрлі формаларын (топтық, жеке, жұптық) қолдану мүмкіндігі;
— оқу уақытын үнемдеуі;
— алуан түрлі мәтіндік, аудио-бейне көрнекіліктердің үйлесімділігі;
— оқушылардың танымдық белсенділігін көтеру, тұрақты оқу мотивациясын қалыптастыру және жаңа оқу материалын қабылдау және ұзақ уақыт есте сақтау мүмкіндігі болып табылады.
Коммуникативтік сипаттағы лексикалық тапсырмаларды шығармашылық тұрғыдан орындау, сөз тіркестеріне баламалар табу, қоғамдық, мәдени бағыттағы мәтіндермен жұмыс, тақырыптық материалдар бойынша әңгіме жүргізуге және қысқаша мәлімдемелер жасауға үйретуде заманауи құралдар негізгі орын алатыны сөзсіз.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
- С. Т.Мұхамбетжанова, Ж. Ә. Жартынова Интерактивті жабдықтармен жұмыс жасау. Әдістемелік құрал. Алматы, 2008ж.
- М. Мақсұтқанова, Интерактивті тақта. Оқыту-тәрбиелеу технологиясы, 2010ж.
- С.С.Сенғалиева Интерактивті тақта мүмкіндіктерін қолдану. Бастауыш сыныпта оқыту, 2010ж. №5.