Резюме
В данной статье рассматриваются концепты сравнения в казахском и английском языках.
Summary
This paper considers the concepts of simile in the Kazakh and English languages.
Тіл білімінде «концепт» термині алғаш рет ХХ ғасырдың алғашқы жартысында қоршаған орта құбылыстарын тіл әлемінде бейнелеу мәселелерін зерттеуге байланысты пайда болды. Соңғы жылдары тіл білімінде «концепт» теориясы лингвистикалық сипатта нақты, жан-жақты бір тілдің ішіндегі материалдар негізінде де, туыс немесе туыстығы жоқ әр түрлі тілдер материалдары негізінде де салыстыра-салғастыра зерттеле бастады. Ғылыми еңбектерде «концепт» ұғымына берілген әр түрлі анықтамалар кездеседі. Егер В.В. Колесов «концепт – сөздің мағыналық дамуының ең соңғы шегі, мәдениеттегі мазмұндық қатары молайған ұғым» десе, В.С. Кубрякова «концепт» — адамның санасында, психикалық жүйесінде қалыптасқан әлем бейнесінің мазмұндық бірлігі» деп түсінсе, В.Н. Телия концептіге белгілі бір объект туралы барлық мағлұмат жиынтығы деген анықтама береді. Ал А.П.Бабушкин «концепт – ұжымдық санадағы менталды бейненің дара белгілері» деген түсінікті қалыптастыра отырып, әрбір концептілік бірліктің ұлттық концептілік өрісте өзіндік орны болатындығын, белгілі бір зат не құбылыс жөнінде білім деңгейіне орай жеке тұлғаның санасында концепт түрлерінің қалыптасуы әрқилы болып келетіндігін дәйектейді [1].
Концепт сөзбен де, сөз тіркесімен де, фразеологиялық бірліктер арқылы да беріле алады. Сөздің концептісі оның мағыналық және ассоциативтік өрісі арқылы анықталады. Осы өрісте сақталған ақпарат когнитивті және прагматикалық мәні бар элементтерден тұрады. Концептілік зерттеу этностың лексикасы мен фразеологиясында сақталған әлемнің мәдени-ұлттық бейнесін ашуға мүмкіндік береді. Әрбір этнос қоршаған әлемді өзінше таниды, яғни өзіндік «әлемнің тілдік бейнесін» жасайды. Этнос мәдениетін өз ішінде ұғынуда мәдениетті түсінудің кілті болып табылатын тірек концептілер ерекше орын алады. Сондықтан тірек концептілерді талдау арқылы ұлттық мәдениеттің даму қалпын, қазіргі өмірдегі жай-күйін біле аламыз. Концепт этностың рухани өмірінің ұжымдық қазынасы және ол әрқашан мәдени реңкте болады, сондықтан да ол ұлттық ерекше дүниетанымды түсінуде басты компонент болып саналады. «Концепт дегеніміз – этномәдени санада сақталған, белгілі бір ұлттың ұрпақтан-ұрпаққа берілетін ықшам, әрі терең мағыналы шындық болмыс, ұлттық мәдени құндылықтары жөніндегі сан ғасырлық түсінігін білдіретін құрылым» [2, 15]. Зерттеу жұмысымызда концепт ұғымы адамның әлем туралы мәдени түсініктерінің жиынтығы болып табылатын әлемнің тілдік бейнесі ретінде тани отырып, дүниетанымымыздағы әлем туралы ақиқат болмысты бейнелейтін когнитивтік бірлік ретінде қарастырылады.
Когнитивтік парадигмадағы басты принцип – антропоцентристік көзқарас, себебі тілдің функционалды-коммуникативтік жүйесінде адам басты орынға ие. Тілдің когнитивтік кеңістігінде «Адам» концептісі әр түрлі тілдік бірліктер арқылы беріледі. Солардың ішінде осы концептіні көріністеуде фразеологиялық теңеулердің алатын орны ерекше, себебі олар адамның әр түрлі қыры мен сырын сипаттауда қолданылады. Адамның әр қилы қасиеттерін негізге ала отырып, қазақ және ағылшын тілдеріндегі фразеологиялық теңеулерді лингвокогнитивтік тұрғыдан концептілерге бөлініп талданды. Талдау негізінде екі тілдегі концепт түрлері анықталды:
«Ойсурет» концептісі. «Ойсурет» концептісі белгілі бір ұлттың дүниетанымында қалыптасатын санадағы бейнелердің қарабайыр суреті. Мысалы, қазақ тіліндегі мұрнын тескен тайлақтай теңеуі тайлақты тұрмыста пайдалануға үйрету үшін екі жасында мұрнын тесетін әдет-ғұрыпқа байланысты пайда болған. Абстрактілену нәтижесінде адамға қатысты қолданғанда, осы сурет ойсурет болып көз алдымызға келеді. Бұл бейнелі теңеу айтқаннан шықпайтын адамдарға қатысты қолданылады. Ағылшын тіліндегі Grin like a Cheshire cat (сөзбе-сөз: Чешир мысығы секілді күлу) фразеологизмі бір кездерде Англияның графтық ауданы Чеширде жасалатын ірімшіктің түрін жымия күліп тұрған мысықтың түріне келтіріп дайындаған. Осы оқиғаға байланысты пайда болған бұл тіркес тілде әр кез күлімсіреп жүретін жайдары адамға қатысты қолданылады, кейде мысқыл ретінде де айтылады.
«Фрейм» концептісі. Фрейм – белгілі бір концепт төңірегінде жинақталған тілдік бірліктер. Бұл бірліктер нақты бір концептіге ассоциацияланған негізгі, қарапайым, мүмкін болатын ақпаратты береді. Сонымен қатар фреймдер сол қоғамға тән ерекшеліктерді анықтап суреттей алады. Фрейм концептісі ойсурет концептісіне ұқсас, дегенмен, ойсурет концептісінде статикалық күй басым болса, фреймде динамикалық күй басым. Мысалы: Қаз.: ала тайдай бүлдірді, құтырған бурадай зіркілдеді, құмырсқадай қаптады. Осы қатардағы ала тайдай бүлдірді фразеологизмінің пайда болуы халық өмірінің тарихи кезеңдеріне байланысты. Халық жырында қалмақтар тұтқиылдан, дамылсыз шабуыл жасап ноғайлы қазақтарын абыржыта бергені айтылады. Бір күні байлаудан босанып кеткен ала тай ауылды айнала дүрілдете шауып, малды үркітеді. Жау келіп қалды екен деп ойлаған қазақтар қоныстарын тастай қашады. Кейін байқаса, шапқан жау жоқ, елді бүлдіріп, малды үркітіп жүрген ала тай екен. Содан былай халық «елді ала тайдай бүлдірген», деп жұртты дүрліктіріп, абыр-сабырға душар ететін адамға байланысты қолданады [3, 165-168]. Ағыл.: (as) cross as a bear (with a sore head) – сөзбе-сөз: басы ауырған аюдай ашулы болу. Осы фразеологизмнің шығу төркіні ертеректе ақсүйек аңшылар аюларға иттерін айтақтап салатын болғандығында жатыр. Итке таланған аюдың көзі қызарып, қаһарланып ызаланатыны белгілі. Аюдың сол кейпі, түп негізі күңгірттенгенімен, бейнелеу құралы ретінде аурудан мең-зең күй кешкен, ашуға мінген адамға қатысты қолданылады.
«Логикалы-ұғымдық» концептісі. Адамның ішкі дүниесін, сезімін, көңіл-күйін білдіретін фразеологиялық теңеулер осы концептіге жатқызылады. Бұл концептінің көлемі кең. Ол махаббат, қуаныш, реніш, қайғы, қатыгездік, бақыт т.б. жеке-жеке концептілерді қамтиды. Мысалы, қазақ тілінде: балаша мәз болу, ботасы өлген түйедей зарлау, жауатын бұлттай түнеру, жүрегі аттай тулады, су сепкендей басылды т.б. көптеген фразеологиялық теңеулерді, ағылшын тілінде: as merry as a cricket (сөзбе-сөз: шегірткедей мәз-мейрам), as agile as a monkey (сөзбе-сөз: маймылдай епті, шапшаң), as gay as a lark (сөзбе-сөз: бозторғайдай көңілді), as miserable as a bandicoot (сөзбе-сөз: қалталы егеуқұйрықтай аянышты), as happy as а king (сөзбе-сөз: корольдей бақытты) т.б. фразеологиялық теңеулерді осы концептіге жатқызуға болады [5, 42-49].
Сонымен, қазақ тілінде де, ағылшын тілінде де жоғарыда сөз болған бес концептің бесеуі де орын алған. Бірақ әр концептке байланысты екі тілде ұқсастықтар мен ерекшеліктер бар. Ол ерекшеліктер ең алдымен фразеологиялық теңеулерге негіз болған атауларға байланысты. Егер қазақ тілінде барлық концептілерде теңеудің бейнесі негізінде көбіне үй жануарларының, адамның күнделікті өмір сүруде қолданатын заттардың, халықтың дүниетанымының ерекшелігін білдіретін табиғи құбылыстардың атаулары қолданылса, ағылшын тілінде жабайы аңдар және құс атаулары, ағылшындардың кәсібі мен шаруашылығына байланысты аң аулау, теңізде жүзу, балық аулауға қатысты заттар мен құбылыстардың атаулары алынады. Адам ұлтына, жағрапиялық орналасуына, кәсібі мен шаруашылығының ұқсас болмауына қарамастан қоршаған ортаны негізінен бірдей қабылдайды, бірақ әр тілде ол сол халықтың тұрған ортасына, табиғатына т.б. байланысты әр түрлі тілдік белгілер арқылы көрініс табады. Мысалы, ашулы деген ұғым екі тілде де фразеологиялық теңеулер арқылы беріле алады. Дегенмен, қазақтар бұл ұғымды арыстанға, құтырған бураға, жын буған бақсыға теңесе, ағылшындар күйеуі тастап кеткен әйелге, аюға, бұрқылдап қайнаған суға теңейді. Яғни, қандай да бір зат, құбылыс, іс-әрекетті бейнелей жеткізу үшін халық өзінің дүниетанымына орай жете таныс, көңілге қонымды, бөгде емес, белгілі бір сәйкес нышандары, адекваттық белгілері бар нәрселермен салыстырып сабақтастырады.
Ағылшын және қазақ тілдеріндегі фразеологиялық теңеулердің негізгі айырмашылығы теңеу эталонынан көрінеді. Мысалы, жануарлар атауларына байланысты, егер бір халық теңеу эталоны ретінде жануардың бір қасиетін алса, екінші халық оның басқа қасиетін негіз қылып алады. Егер жылан атауы ағылшын тілінде даналықтың симолы ретінде қолданылса, қазақ тілінде ол қауіп-қатер мен қастықтың эталоны. Сол сияқты, құрамында қой, ит т.б. жануарлар атаулары қолданылған фразеологизмдердің де мағыналары екі тілде сәйкес келе бермейді. Дегенмен, екі тілде теңеу эталонының ұқсас жақтары да кездеседі: fox – түлкі қулықтың, lamb – қозы жуастықтың, bull – бұқа ашу-ызалықтың, hare – қоян қорқақтықтың эталоны ретінде екі тілде де қолданылатынын көреміз. Мысалы: as cunning as a fox = түлкідей қу, as timid as a hare = қояндай қорқақ, as mild as a lamb = қозыдай жуас. Қазақ тіліндегі фразеологиялық теңеулердің «жағымды» және «жағымсыз» мазмұндағы концептілеріне тоқталап болсақ, фразеологиялық теңеулердің қалыптасуына адам санасында қандай да бір ұғым тудыратын бейне себепкер болады. Белгілі бір фразеологиялық теңеуді жасауда сөз-дескриптор қолданылады. Мәселен, сөз-дескриптор үй жануары атауының бірі болса, сол жануардың сыртқы бейнесі, мінез-құлқы, іс-әрекеті т.б. жайлы мәліметтер жинақталып, этнос мәдениетіне сай тұрақты теңеу туындайды. Теңеу құрамында жануар туралы жиналған бұл мәлімет астарлы мазмұнға ие болады [4].
Адам дүниені танып білуде өзіне белгілі бір құндылықтары бар нысананы таңдайды. Қоршаған ортадағы барлық заттар мен құбылыстар «жаман», «жақсы» принципі бойынша бағаланады, олардың жалпы нормаға, ережеге сайлығына қарай қарастырылады. Осы тұрғыдан алғанда қазақ және ағылшын тілдеріндегі фразеологиялық теңеулерді мағыналарына қарай «жағымды» және «жағымсыз» мазмұндағы концептілер деп бөліп талдауға болады. Қазақ тіліндегі фразеологиялық теңеулердің «жағымды» мазмұнда төмендегідей концептілері бар:
- «Сұлулық» концептісі: қырдың қызыл түлкісіндей, еліктің лағындай, кер маралдай керілу, қордың қызындай т.б.
- «Қуаныш» концептісі: аты бәйгеден келгендей, жерден жеті қоян тапқандай, ақ түйенің қарны жарылғандай, әкесі базардан келгендей, әйелі ұл тапқандай, наурыз күнінедей т.б.
- «Жуастық» концептісі: тойған қозыдай, қой аузынан шөп алмас, қойдай жуас, көгендеген қойдай т.б.
- «Күштілік», «батырлық» концептісі: арыстандай айбатты, нар атандай, жолбарыстай қайратты, жараған бурадай қалшылдау т.б.
- «Жақындық», «достық» концептісі: егіз қозыдай, бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, тонның ішкі бауындай, біреуді бауырындай көру т.б.
- «Жылдамдық» концептісі: шапқан аттай зымырау, үкідей ұшу, сайтандай жылт ету, ағын судай екпіндеді, жай оғындай атылды, жау қуғандай қашу.
- «Мінез-құлық» концептісі: Атымтайдай жомарт – сері, қолы ашық кісі туралы айтылады.
- «Түр-кескін» концептісі: ботаның көзіндей мөлдіреу, балқып туған толған айдай, домаланған қозыдай сүйкімді, жаңа туған құлындай т.б.
- «Ақылдылық» концептісі: дана боп туғандай, Атымтайдай ақылды, арқардай тәсіл алу, Аплатондай ақылды т.б.
Өмірдегі жағымсыз қасиеттерді халқымыз жан-жануарлардың, хайуандардың, сондай-ақ кейбір заттар мен құбылыстардың ұнамсыз, нашар қасиеттерін адамның жағымсыз, ұнамсыз жақтарын бейнелі түрде салыстырып көрсетуге өте шеберлікпен қолдана білген. Қазақ тіліндегі фразеологиялық теңеулердің «жағымсыз» мазмұндағы концептілері:
- «Ызалану, ашулану» концептісі: ақ сайтаны ұстады, арыстандай құтырды, асауға құрық салғандай құтырды, жын буған бақсыдай бүлінді т.б.
- «Қыңырлық» концептісі: сіркедей қан шықпас, ала тайдай бүліну, аузына құм құйылғандай, аузына тас салғандай, кекіреге тойған текедей бақылдады, кірпідей жиырылды т.б.
- «Кедейлік», «аштық» концептісі: бордай тозды, жетім қыздың тойындай, жылан жалағандай, күйедей жалады, тоқал ешкідей болды, темір етіктен теңгедей, темір таяқтан тебендей қалды, тұттай жалаңаш.
- «Жанжалдасу» концептісі: итше ырылдасу, ит пен мысықтай, оқ жыландай көру, абыройын айрандай төгу, ара талағандай қылды, аузын бақадай ашырды, аюдай ақырды, бидайша қуырды, боздаған бордай етті, күшік иттей үрді т.б. көптеген теңеулер осы концептіге жатады.
- «Қайғыру» концептісі: аш күзендей бүгілді, ботасы өлген түйедей зарлады, ботадай боздады, боз інгендей боздады/зарлады, иттей ұлып қалды, қоздаған қойдай маңырады, қойдай шулады, өгіздей өкірді, ұлардай шулады.
- «Сүйкімсіздік» концептісі: жаман түйенің жабуындай, бетінің кіріне бес ит тойғандай, жүнін жұлған тырнадай, мойны ырғайдай, биті торғайдай, инеліктей бұралған т.б.
- «Ебедейсіздік» концептісі: тайлақ түйедей тарпаңдау, сиырша тұру, сөзі түйеден түскендей, аюдай қорбаңдау, даңды судай тасқызды т.б.
- «Қорқыныш» концептісі: інге кірген тышқандай, қылышпен тілгендей, таяқпен салып өткендей, таспен ұрғандай, кеудені басқандай, қамшы ұрғандай, жай соққандай т.б.
- «Ашкөздік» конецптісі: аш қасқырдай, жемтікке қонған күшігендей, қарғаша үймелеу, жаналғыштай жұтыну, итше сұғыну, әкесі аштан өлген кісідей т.б.
- «Әлсіздік» концептісі: көлігі болдырған жолаушыдай, көтерем малша дәрменсіз, көгендеген қойдай, сең соққан балықтай, әлсіз қурайдай, болдырған түйедей бұралаңдау, иттей боп шаршау, бордай босау т.б.
Енді ағылшын тіліндегі фразеологиялық теңеулердің «жағымды» және «жағымсыз» мазмұндағы концептілерін талдайтын болсақ, оларды келесі топтарға бөлуге болады:
- «Ақылдылық» концептісі. A mind like a steel trap (сөзбе-сөз: ақылы құрыштан жасалған қақпандай берік), as sharp as an owl (сөзбе-сөз: үкідей дана, ақылды), as smart as paint (сөзбе-сөз: суреттей икемді, ақылды), as solemn as an owl (сөзбе-сөз: үкідей дана), wise as Solomon (сөзбе-сөз: Соломондай дана, ақылды), (as) wise as a serpent (абжыландай ақылгөй, ақылды) т.б.
- «Күштілік» концептісі. Бұл концептіге as bold as a lion (арыстандай күшті), as strong as a bull (өгіздей күшті), as strong as a horse (аттай күшті), like a Trojan (Трояндықтай, яғни трояндықтай күшті, батыл), to fight like a lion (арыстандай айқасу) сияқты фразеологиялық теңеулер жатады.
- «Жылдамдық» концептісі. As fleet as a deer (сөзбе-сөз: ұшқыр, жүйрік бұғыдай), as swift as an arrow (сөзбе-сөз: оқтай жылдам), go out like a candle in a snuff (сөзбе-сөз: шам білтесінің күйесіндей жоқ болу), in two shakes of lamb’s tail (сөзбе-сөз: қозының құйрығымен екі сермеуіндей тез), like greased lightning (найзағайдай жылдам), run like the wind (желдей есу) т.б. фразеологиялық теңеулер адамның жылдам, тез жасайтын іс-қимылын бейнелі түрде көрсету үшін қолданылады.
- «Қуаныш»/«бақыт» концептісі. As chirpy as a cricket (сөзбе-сөз: крокеттей көңілді, қуанышты), as happy as kings ( король сияқты бақытты), as merry as a marriage – bell (сөзбе-сөз: үйлену тойы кезіндегі қоңыраудай қуанышты), as merry as a grin (сөзбе-сөз: шегірткедей көңілді), as pleased as Punsh (Панч секілді риза, көңілді) т.б. фразеологиялық теңеулер осы конептіге жатқызылады.
- «Байлық» концептісі. As full as an egg is of meat (сөзбе-сөз: етпен толтырылған жұмыртқадай толы), as rich as Croesus (сөзбе-сөз: Крездей бай), flow like water (судай ағуда), like a dog’s dinner (сөзбе-сөз: иттің түскі асындай, яғни тамаша мол), live like a fighting cock (сөзбе-сөз: күреске шығатын әтештей өмір сүру, яғни молшылықта қызық дәурен сүру), like pigs in clover (сөзбе-сөз: жоңышқа арасындағы шошқалардай) т.б. фразеологиялық теңеулер осы концептіге жатады.
- «Сұлулық» концептісі. As fair as a lily (лилия гүліндей сұлу), as graceful as a swan (аққудай әдемі/нәзік), pretty as a picture (суреттей әдемі), (as) beautiful as a Greek (сөзбе-сөз: Гректердің құдайындай әдемі/сұлу) т.б. фразеологизмдер осы концептіден орын алады.
- «Мінез-құлық» концептісі. Адамның мінез-құлқын суреттейтін ағылшын тіліндегі фразеологиялық теңеулерге as tame as a chicken (балапандай көнімді), regular as clockwork (сағаттай дәл), right as rain (жаңбырдай берілген), as innocent as the baby unborn (кішкентай баладай аңқау), quiet as a mous (тышқандай тыныш) т.б. жатады.
- «Түр-кескін» концептісі. Адамның сыртқы түр-кескіні ағылшын халқының дүниетаным және мәдени ерекшеліктеріне сай бейнеленеді. Фразеологиялық теңеудің бейнелі негізі ретінде көбіне күнделікті өмірде пайдаланатын заттар, табиғатта байқалатын құбылыстар атаулары қолданылады: as fat as butter (майдай толықша), as brittle as glass (шыныдай нәзік), fresh as a daisy (маргаритка гүліндей жас, жаңа), like the cat who eat the cream (қаймақ жеген мысықтай) яғни разы болу т.б. «Жағымсыз» мазмұндағы концептілерге жататын фразеологиялық теңеулер адамның ақымақтық, қорқақтық, ашкөздік т.б. сол сияқты жағымсыз жақтарын суреттейді.
- «Ақымақтық» концептісі. Бұл концептіге as blunt as a hammer (сөзбе-сөз: балғадай топас), as silly as a goose (сөзбе-сөз: қаздай ақымақ), been in one’s bonnet (сөзбе-сөз: бас киімнің астындағы арадай, яғни есінен адасқан деген мағынада), ful like a Charley (сөзбе-сөз: өзін Чарлидей сезіну – ақымақ), mad as a hatter (сөзбе-сөз: шляпа, қалпақ тігетін шебердей ессіз), mad as a March hare (сөзбе-сөз: Март айындағы қояндай жын соққан, ессіз), т.б. ағылшын тілінің фразеологиялық теңеулерін жатқызамыз.
- «Қорқыныш» концептісі. Ағылшын тіліндегі fear somebody as the devil fears holy water (сөзбе-сөз: қасиетті судан қорыққандай), like a rat in a trap (сөзбе-сөз: қақпанға түскен егеуқұйрықтай), look as if one had seen a ghost (сөзбе-сөз: елес көргендей), to shake/tremble like an aspen leaf (сөзбе-сөз: көк теректің жапырағындай дірілдеу/қалшылдау), to sit on a powder keg (сөзбе-сөз: оққа толы күбіде отырғандай) т.б. фразеологиялық теңеулер осы концептіге жатады.
- «Кедейлік» концептісі. Ағылшын тіліндегі as bare as the palm of one’s hand (алақандай тап-тақыр), as bare as a bone (сүйектей тап-тақыр, жалаңаш), butterflies in the stomach (сөзбе-сөз: іштегі көбелектей, аш мағынасында), hungry as a hawk (қаршығадай аш), Mexican breakfast (сөзбе-сөз: мексиканецтің таңғы асындай/аш паек – сигарета + стақан су), poor as a church mouse (сөзбе-сөз: шіркеу тышқанындай кедей) т.б. фразеологиялық теңеулер осы концептіге жатады.
- «Мінез-құлық» концептісі. A tongue as long as a stock-whip (сөзбе-сөз: тілі шыбықтың ұзындығындай), as a hen with one chick (сөзбе-сөз: жалғыз балапанды тауықтай, яғни тыныш таппайтын, беймаза), as bold as a thief (ұрыдай арсыз), as changeable as a weathercock (сөзбе-сөз: желбаққыш секілді), as crooked as a dog’s hind leg (сөзбе-сөз: иттің артқы аяғындай қисық, ұятсыз адамға байланысты), like a bull at a gate (сөзбе-сөз: қақпа алдында тұрған бұқадай ашулы) т.б. фразеологиялық теңеулер адамның әр түрлі мінез-құлқын сипаттау үшін қолданылады.
- «Көңіл-күй» концептісі. Бұл концептіге ants in one’s pants (сөзбе-сөз: шалбар киген құмырсқадай), as sick as mud (сөзбе-сөз: балшықтай әлсіз, яғни мұңайған, қайғы басқан), feel like nothing on earth (сөзбе-сөз: өзін түкке тұрғысыздай сезіну), like a bear with a sore head (сөзбе-сөз: басы ауырған аюдай сезіну), to be on pins and needles (иненің үстінде отырғандай), to get into hot water (қайнап жатқан суға түскендей), like a cat on hot bricks (шоқтың үстінде отырған мысықтай) сияқты адамның әр түрлі жағдайдағы көңіл-күйін бейнелейтін фразеологиялық теңеулер жатады.
- «Түр-кескін» концептісі. As dry as a mummy (қурап қалған, саудыраған мумиядай арық), as fat as a pig (шошқадай семіз), as limp as a glove (сөзбе-сөз: қолғаптай еріксіз қалжыраған), bandy as a bandicoot (сөзбе-сөз: қалталы егеуқұйрықтай қисық аяқ), done up like a dog’s dinner, or dressed up like a dog’s dinner (сөзбе-сөз: иттің кешкі асындай киінген) яғни тұрпайы, дөрекі киінген деген мағынада т.б. адамның түр-пішінін, сыртқы көрінісін сипаттау үшін қолданылатын фразеологиялық теңеулер осы концептіге жатады.
- «Ашкөздік» концептісі. As greedy as a wolf (қасқырдай тойымсыз), as mean cat’s meat (сөзбе-сөз: мысықтың етіндей сараң), jump at something like a cock at a grocer (сөзбе-сөз: ашкөздікпен бас салу), eat like a pig (шошқа сияқты жеу), jump at something like a cock at a groser (сөзбе-сөз: тарыға бас салған әтештей) т.б. фразеологиялық теңеулер осы концепт құрамына кіреді [6, 142-156].
Қазақ және ағылшын тілдеріндегі фразеологиялық теңеулердің жағымды және жағымсыз коннотациясы жалпы алғанда екі тілде де бірдей, бірақ әр тілде теңеу образы ретінде әр түрлі заттар мен құбылыстардың атаулары пайдаланатыны байқалады. Егер ағылшын тілінде теңеу образы рөлінде құстардың ішінде тауыс, түйеқұс, жапалақ, қаз лексемалары қолданылса, қазақ тілінде аққу, бұлбұл, бүркіт лексемалары қолданылған. Ағылшын тілі теңеулерінде қазақ тіліне қарағанда тарихи адамдар, тарихи оқиғалар, жер атаулары сияқты жалқы есімдер теңеу образы ретінде көбірек қолданыс тапқан.
Екі тілдің фразеологиялық теңеулерін лингвомәдени және лингвокогнитивтік тұрғысынан талдау барысында олардан ұлттық дүниетаным ерекшеліктері мен ұқсастықтары бар екені анықталды. Ішкі мәдени танымдық коннотацияның ұқсас не сәйкес келуі, ұлттық дүниетаным деген түсінікпен ұштасып, оның екі халықтың дүниетанымына ортақ болуына байланысты. Ал ұлттық дүниетанымның ерекшелігі, оның тілдегі көрінісі тіл иелерінің өз даму тарихы, әр түрлі табиғи ортасы, салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілік, шаруашылық түрлері т.б. жағдайларына байланысты деп білеміз.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:
- Бабушкин А.П. Типы концептов в лексико-фразеологической системе языка. – Воронеж, 1996. – 104 с.
- Ислам А. Ұлттық мәдениет контексіндегі дүниенің тілдік суреті: Автореф.дисс. филол.ғ.д. – Алматы, 2004. – 50б.
- Қоңыров Т. Қазақ теңеулері. – Алматы: Мектеп, 1978. – 192 б.
- Исина Г.И. Стереотипы и национальная языковая картина мира: Дисс. … док.филол.н. – Алматы, 2008. – 324 с.
- Оспанова Ф.А. Фразеологизмдер уәждемесінің лингвомәдени аспектісі: Дисс.филол.ғ.к. – Алматы, 2006. – 136 б.
- Мықтыбаева Т.Ж. Қазақ және ағылшын тілдеріндегі анималистік фразеологизмдердің коннотативтік семантикасы: Дисс.филол.ғ.к. – Алматы, 2005. – 132 б.
Ә.Қ. Турдалиева,
№46 мектеп-лицей,
Шымкент қаласы