Home » Жаңалықтар » Аялайық қарттарды!

Аялайық қарттарды!

   Қоңыр күзбен қатарласа келетін қарттар мерекесі де әне – міне дегенше келіп жетті. Осы ретте «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деп дана халқымыз тегін айтпаса керек. Себебі, көненің көзі саналатын қарияның — сөзі дана, ісі ғибратты, өзі бір шежірелі кітап сынды. Сол қарияларымыздың азайып бара жатқаны өте өкінішті.
Осы тұста өмірлері өнегеге толы осы бір жандарды мереке құшағында мерейге бөлеп, құрметке кенелтетін жас ұрпақтың бой түзеп келе жатқаны көңіл қуантты. Үлкенге құрмет, өздеріне парыз тұтқан мектебіміздің педагог – ұйымдастырушысы  Такеева Төлеукүл Абдрахманқызының ұйымдастыруымен  бірқатар белсенді мектеп оқушылары  жағымды істің жанынан табыла білді.
Аулымыздың ең үлкен қарияларының бірі, тыл ардагері Бапанова Нағима әжейді құттықтап, көмек қолдарын созған еріктілер игі істі үлкен ыждаһаттылықпен жасады. Сондағы оқушылардың мақсаты «Екі ғасырдың куәгері, әжемізден бата алу», —  дейді. Бір топ болып жиналған мектеп оқушылары  қарияның отындарын кіргізіп, үйдің сыртын әктеп,ағашын жарып, аула маңайына тазалық жасап, қоқыстарын да шығарып берді.
Осындай белсенді жастарға қариямыз «Қазіргі жастар өте тәрбиелі, тәртіпті, сырттарынан бақылап риза болып отырмын»,- деп өз ризашылығын шексіз жаудырып, ақ батасын берді. Ел болашығы жастардың қолыңда екенін ескерсек, осындай жастармен болашаққа сеніммен қарауға болады.

 Асансейіт Ұлбала Құрманғазықызы
Қарағанды облысы Ұлытау ауданы
«№7 Сарысу ЖОББМ» КММ
10 – сынып оқушысы

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.